Өлеңдер ✍️

  08.02.2023
  465


Автор: Тұрдыхан Айдарханұлы

АЙЛЫ ТҮН, ЖАЙЛАУ 

 


 


Сыбызғы көңіл сазың бар, 


Беу, өмір!  шырқар әнім ең. 


Айтатын саған назым бар, 


Кеттің-ау, күндер сағымдар, 


Керуендей көшкен сәнімен. 


 


Аймалап ессіз бәр-бәрін, 


Сүйетін онда пәк кеуде. 


Таң нұрын емген тағдырым, 


Алыстап кеттің, 


Ал бүгін, 


Жазамын жанның арманын, 


Шимайға толы дәптерге. 


 


Аңқылдап есер тау желі, 


Ғашықтың лебізіндей боп. 


Ақ шыңдар арман сәлделі, 


Оралтып ойға әр нені, 


Жүректі жарып гүлдейді от. 


 


Сыбыр да сыбыр сырың бар, 


Сырғалы бұлақ, қыз қайың. 


Жадымда жазың жүр дәйім, 


Бұлықсымасын бұрымдар, 


Тыныштығыңды бұзбайын. 


 


Айлы түн, жайлау ескі елес, 


Жанымның жалғыз асылы ең. 


Ертеде емес, кеш те емес, 


Бақыт дегенің ештен еш, 


Періште көңіл жандардың, 


Қалғып бір кеткен сәті ме ең?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу