Әңгімелер ✍️
ТОРҒАЙ ҰШЫП БАРАДЫ
Тау ішін оқ дәрісінің күлімсі исі кернеп тұр. Үйірінен адасқан орыс жауынгерінің ту сыртынан чечень жігітінің мылтығы кезелді.
– Тоқта, қозғалма, қаруыңды таста!
Ағаш арасынан шыққан Рахман ата жауының жауырын тұсына қаруын кезеп тұрып, өн бойын тінтіп шықты. Қарусызданған жауынгердің үкінің балапанындай үрпиген желке шашына жауыға қарап тұрған ол осы бір сап-сары, бірақ, тотыға күреңіткен жұмыр желкені қанжарымен жалғыз-ақ осып жібергісі келді.
«Жоқ, жоқ, мұндай иттің баласына арзан өлім жараспайды, аз-аздан кескілеп, мейілінше азаптап өлтіру керек. Алдымен құлағын кесіп құнтитып, мұрнын кесіп шұнтитып, сосын тілін кесіп, жанын қинап өлтіргенде ғана мұның қасықтай қаны Чеченнің шөміштеп төгілген қаны үшін аз да болса шерімді тарқатады». Артына екі адым шегінген Рахман жауына:
– Бері қара! – деп зірк етті.
Анау болса екі қолын төбесіне қойған күйінше қорбаңдай артына бұрылды. Қан-сөлсіз сұрланған орыс жігітінің үрей ұялаған шегір көздерінде сұп-суық ажал көлеңкесі ұйып тұр. Бірақ, бұл Рахман бір жерден көрген жанар.
«Әкә-ау, бұл қалай, иә, иә, дәл өзі, дәл өзі», ол кезде екеуі де Кеңес армиясы құрамында Ауған соғысында болған. Бақыр дәмін бірге татып, қанды шылбырды бірге өрген үзеңгілес досы, ажал аузында ортақ күрескен жауынгер серігі.
Рахман бір сәт не болғанын сезбей аңырып қалды да, ізінше: – Александр! – деп қалды.
Бұл қарсыдағыға тарс еткен мылтық үнінен қатты тисе керек, селк ете түсті. Оның алдында қапсағай денелі, қаба сақалды, қою қара мұрты қап-қара чечень жігіті осылай деп шақырып тұр еді.
– Александр.
Ажал елесіне шырмалған өлі жанарда үміт ұшқыны жылтырады. Қадала қарап тұрған мойылдай қап-қара отты жанар тереңіне батырып барады. Зорға таныды.
– Рахман!
Қолын түсіріп, өзіне құшақ жаймақшы болған орыс жауынгерінің үнінен кейін Рахман селт ете түсті де, әлгінде ғана түсірген қаруын қайта оқтады.
– Достым, тау айланбайды, тас айланады деген осы шығар, біз қай жерде кезігіп тұрмыз?
– Чечень жерінде, Кавказ тауларында. – Мұнда неге келдің?
– Бүлікті тыныштаңдыру үшін. – Бүлік! Ха, ха, ха.
Чечень жігітінің қап-қара мұрттары түріле көтеріліп, тұтас денесі селкілдеп кетті. Тау-жоталар үнін қайталап жатты. «Бүлік, ха, ха, ха!»
– Достым, маржан тістердің арасынан ызбарлы үн шықты. – Мен өз жерімді, өз топырағымды басып тұрмын. Ал сен шапқыншы, отарлаушы елдің айтағында жүрсің. Өз елі үшін, өз жері үшін өз елінің намысы үшін жүргізілген соғыс қашанда әділетті соғыс!
– Мен қолында әмірі жоқ солдатпын ғой!
– Бұл дүниеде әлділер әлсіздерді, үлкендер кішілерді қақпақылша қағып ойнап, зорлық, үстемдік шойын табанымен жаһаңды жалпағынан жаншиды. ІПырқырап жылағандардың көз жасын ешкім де көрмейді. Әкем мен шешем, аға-бауыр, қарындастарым түгелімен сендердің оқтарыңнан өлді. Бәрі де қып-қызыл қанға шыланып бақиға аттанды. Сенің әке-шешең болса ақ сарайында бізді телевизордан қызықтайды. Ал солдат деген өзгенің мылтығының өңешіндегі оқ, кімге оқталса соны жұтады. Бірақ, олар өздерінің қан жұтып жатқанын, бейуаз халықтың қанын судай шашып күнәға белшеден батып жүргендерін білмейді. Білсе оған өзін-өзі өлтіру абзал болар еді. Саған керегі сол! Кешір мені, өлімді өзің таңда!
Өзегіне қан кептелгендей булыға барып тоқтаған Рахман, жүрек түкпіріндегі аяушылықты әзер тежеп тұрды.
– Қазір жау болсақ та бір кездері дос едік қой. Сол достық үшін болсада жанымды қия көр!
– Жан! Жан деген не? Мен жанды әлдеқашан ұмытқанмын. Қасықтай қаным қалғанша ұлтарақтай жерім үшін күресемін. Менің жаным туған даламның құсының аузында, шөбінің нілінде, тас қайнарының тамшысында...
Шаңқ еткен мылтық үнімен бірге чечень жауынгері кеудесін қолымен басып құлап бара жатты. Адасқан орыс жауынгердің саптастарынан атылған құмалақтай қорғасыноныңтөсінтүйрепөткенеді.
Рахманның сөніп бара жатқан тұңғиық жанарында Кавказ таулары ұршықша иіріліп, жарық күннің қызыл сәулесі қарауытып бара жатты. Даласын құшақтай жығылып, көк шымды ақырғы рет иіскеп қыбырсыз қалды. Тау шатқалының ит тұмсығы өтпейтін қалың бұтасының түкпіріндегі тас үңгірден шыққан жеті жасар ұлының «әкелеген» үнін ести алмаған күйінде көз жұмды. Жылыстай сырғыған қан қап-қара май топыраққа баяу сіңіп,ұйидірілдейді.
Чечень даласының тұманды аспанында әлсіз қанаттарын тынымсыз сабалап, шыр-шыр еткен дала торғайы ұшып бара жатты. Әлгінде ғана оқ үзген ағаш бұтағыоныңұясынталқандапкеткенеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇