Өлеңдер ✍️
Анадан озу кезегің
Жолымды қарғам кеспеші,
Мен сенің тіптен анаңмын.
Қайтесің сырттай өштесіп,
Қабығын тырнап жарамның.
Біріндейсің ғой баламның,
Сенікі дұрыс «жаманмын».
Біреуді білмей жамандау,
Қылығы болар наданның.
Ақпын деп қарғам ақталма,
Іштарлық саған жараспас.
Таласар кезде тақтарға,
Ана мен бала таласпас.
Қайтемін атап атыңды,
Беттесу бізге лайықсыз.
Анадан алып ақыңды,
Жамандап елге жайыпсыз.
Жағымпазданып өскеннен,
Көтерілмейді беделің.
Біреудің жолын кескеннен,
Іздерсің өкпе себебін.
Талпынсаң алға баптаймын,
Талабың барын сеземін.
Жолыңа бірақ жатпаймын,
Анадан озу кезегің.
Куншілге жаным, қосылма,
Ел-мұңын бірге көтердік.
Жанымды ұққан осында,
Жандар бар дос қып өтерлік.
Талас тек сырттай даттама,
Тартынба, алға озып шық.
Боларлық үлгі басқаға,
Ақылға салып озықтық.
Жанымды ұқпас жандармен,
Ұрсысып бедел төккем жоқ.
Басында түйсік барлармен,
Айтысып өтсем өкпем жоқ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇