Өлеңдер ✍️

  13.10.2022
  153


Автор: Нұрмұхаммед Әбілқасымов

Тағдырмен тайталас

Тағдырым, дара жолды кесесің бе,


Ойымды тебіренттің есесіне.


Сүтім жоқ, тілім ащы – қара шаймын,


Құйылған бұл өмірдің кесесіне.


Сынағыңның шыдадым нешесіне,
Жайлауға мені тастап көшесің бе?


Азап көлін келемін белден кешіп,


Орнымда өзің болсаң, кешесің бе?
Жұмбақ қып бұл өмірге мені әкелдің,


Қарымта жұмбақ қойсам, шешесің бе?
Жас шыбығым қурайсың ба, өсесің бе,
Жалпақ тілім, тесесің бе, өшесің бе?


Бақытынан адасып жүрген жан бар
Тағдырдың теріс бұрған көшесінде.
Өлең бар әкесінде, көкесінде,


Ақын бол деп жазылған шекесінде.
Тағдырым, тілге салар тұсауың жоқ,


Қанекей, тілімді қу, жетесің бе?
Өмірге келгенімде күтіп алдың,


Оза шапсам, елес боп кетесің бе?


Ұзақ жолмен бақытымды табайыншы,
Тағы да тосып тұрма төтесінде!
Тағдырым тура келсе қайда қашам,
Жуан жол жұқарады қайта алмасам.
Шаңым шықпас сілкілеп шайқамасаң,
Танып қой бұл жігітті байқамасаң.
Несіне қазақ болып жаратылдым,
Жырларыммен зарымды айта алмасам!
Жүрекпен мені жылы түсініңдер,


Мұқаңның мұңды жолын қайталасам.


Бойымнан шыбын жаным шыққанынша,


Алдарыңда тағдырыммен тайталасам!
Тағдырым мені мұнша сілікпесін,


Батып жатыр күн сайын сынық кешім.
Тағдырдың теріс тартқан жебесіне,


Анамнан шықпай жатып іліккесін.


Мен аштым ашық майдан тағдырыма,
Шабыт,Ақыл,Қуатым біріккесін.
Жалынып, жалбарынып, тізе бүгіп,
Ит тағдырым алдыма кіріп келсін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу