Өлеңдер ✍️

  05.10.2022
  279


Автор: Нұржан Наушабаев

ЖЫР-ШЕЖІРЕ

Қаламды еріккенде қолға ұстарсың,
Жалығып әлі-ақ бір күн сен тастарсың.
Баяндап амандықты, аш сырыңды,
Ғибрат кейінгіге сөз боп қалсын.
Жақсымен бір кештей боп жанаспаған,
Білгенді салып топқа, сынаспаған,
Дәптерге бастан-аяқ еткін тәліф,
Ойласаң, қалды ғой деп мирас маған.
Жүйрік пе мыңнан озып, қыр аспаған,
Жігіт пе хал білдіріп, сұраспаған.
Ертерек белгілеп қой әрбір жолды,
Жол табар қараңғыда адаспаған.
Сөзіңді күйлеп, Нұржан, бағып қара,
Бір үкі қырықта басқа тағып қара.
Бар болса қалған-құтқан, ақырындап
Бұрышын қапшығыңның қағып қара.
Әуелі Адам, Софы Алдияр, Нұх-нәби,
Баяндап жад айтамын білсең оны.
Неше үйір, қаншама халық болып,
Неше абзал дүниядан өтті бәрі.
Пенденің Хақ жазғанға жоқ шарасы,
Келеді жамандауға кім шамасы?
Қырық тоғыз ата қисса Әмбиядан,
Адам мен Мұхамбеттің екі арасы.
Хаққа құл, Расулға үмбет әзелден біз,
Бір абзал жаратылдық ежелден біз.
Болмаса сахарада жұргенменен,
Арғы зат нәсіліміз – хаджімненбіз.
Табылар оңай жерде талас деген,
Өтірікті жарамас рас деген.
Мұхамбет пайғамбардан фатиха алған,
Нәсіліміз сахаба Әннас деген.
Әннастан туды, Жәбіл,Ебін,Мағаз,
Жиын болды, халыққа айтып уағаз.
Мағаздан Сейіл туды Ақшолпан мен,
Шежіре бірден бірге қалған қағаз.
Ақшолпаннан Аққозы,туды Аламан,
Мекен-жай Отан болған сахарадан.
Мұнан Алаш, Алаштан екі ұл туып,
Түрікпен айырылады осы арадан.
Сейілхан мен Жайылхан туды Алаштан,
Түсінбес келтірмесем сөзді алыстан.
Сейілханнан – түрікпен сегіз арыс,
Осылай жата берсін қозғалмастан.
Ал енді Жайылханнан Майқы туды,
Билеген Өзбек, Сабиян неше руды.
Біздің халық Сабияннан сахараны,
Өзбек сарттан қыз алып, шаһар болды.
Айтпаспын түсінбестей сөзімді ұзақ,
Нәсілім келе жатыр сүттен таза-ақ.
Сәбияннан Айырқалпақ жалғыз туып,
Одан туды екі бала – Қазақ, Созақ.
Созақтан Қарақалпақ бөлінеді,
Осылай шежіреден көрінеді.
Қазақтан – Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс,
Үш жүздің бізге есімі беріледі.
Ұлы жүз Ақарыстан – Ошақты, Дулат, Үйсін,
Тарауын әрбір елдің өзі білсін.
Кіші жүз Бекарыстан өз кенжесі
Бөлініп, өз жөнімен ол да тұрсын.
Айырылды Ұлы жүз бен Кіші жүз боп,
Осылай шежіреде қалған сөз көп.
Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найман, Керей, Уақ
Бөлініп кетеді енді Орта жүз боп.
Келтірген ретімен сөзім таза,
Білгенің біліміміңді қылмас қаза.
Орнына тарамай ма жөн-жөнімен,
Туыпты Жанарыстан алты қожа.
Үлкені – Қара қожа, екінші – Ақтам,
Қаншама гүлдер өсті бұл дарақтан.
Дара, Момын, Смағұл, Қасым қожа,
Алты арыс атанады әр уақтан.
Момын қожа, Дара қожадан – Қоңырат, Найман,
Смағұл, Қасым қожадан – Керей, Уақ,
Қара қожадан – Арғын, Ақтамнан туды Қыпшақ,
Ақжол, Ойбас деп шапса ұран бастап,
Иншалла, бұл сөзімде болмас жаңсақ.
Қате болып білмесе көп-дүр қатар,
Кез болды көңілден бір сөз қозғалтар,
Ақтам ұлы Қыпшақтан кеттім бастап,
Әркім өзі атасын біле жатар.
Қыпшақтан туған бала Сүлім алып,
Дабысы шыққан ердің жерді жарып.
Дүшпанын ерегескен қырып-жойып,
Қатардан артық болып туғаны анық.
Ақкөбік бұдан соңғы бір атамыз,
Шежіреден көрінгенді таратамыз.
Неше ру, неше тайпа ел боп кетті,
Ендігі сөздің артын ұзатамыз.
Мұнан туды мейірімді Абыз сары,
Дұғалы ел болыпты – Алла жары.
Құлан, Қытай, Сары, Қара деген сұпы туып,
Түсіпті шілтендердің оң назары.
Қарасұпыдан Тоқтарбай, одан Қобылан,
Кек алған жалғыз жүріп сансыз қолдан.
Сәруар сахиб қыран болып өткен,
Құтылар ажал жетсе, кім ажалдан?
Ер Қобылан дұшпандарын илеп өткен,
Тірлікте әрбір жұртты билеп өткен.
Бір өзінен он екі бала туып,
Тоқтар абыз – кенже ұлы би боп өткен.
Бұлтың, Торы, Көлдеңен, Ұзын, Қарабалық,
Өсіп-өніп келеді содан халық.
Бес бөлек енші алып, ел боп кетті,
Осыдан былайғысы әркімге анық.
Ойбас деп ұран салған дулы қыпшақ,
Қоймаған қарсы келген жауды қыпшақ,
Баласы Тоқтар абыздың бес таңбалы,
Бұл күнде тоқсан екі баулы қыпшақ.
Жігітке ата білмек парыз деген,
Мойынында жүрмесін қарыз деген.
Меккеде мүкарама, Шам жұртында
Бір тайпа ел туған қыпшақ Хазар деген.
Керекті сөз қоспаймын арасына,
Ыждағат әркім қылар ағасына.
Хал-қадар білгенімше баяндайын,
Арғынның жаңа келдім баласына.
Қарадан Ақжол, Арғыннан жеті бала,
Кәмілі әрқайсының болған дана.
Ақ, Арық, Сары, Қара, Момын, Иман, Мейрам,
Көбейіп, ел боп кеткен сала-сала.
Баласы Ақ сопының Қанжығалы,
Арғынға түскен шілтен оң назары.
Арықтан – Бәсентиін, сарыдан – Тобықты,
Келеді тізіп айтсақ сөз ажары.
Байлыққа келе жатқан мақтаулы боп,
Бақ кетпей, мал басы өлмей, мықты ауыл боп.
Осы жерде неше тайпа ел боп кетті,
Қарадан – Қарауыл, Момыннан – Тоқтауыл боп.
Иманнан Тарақты еді алтыншы атаң,
Сөйлесем емес едім сөзге татаң.
Кенжесі Мейрам еді, үлкен орын,
Осылай болған еді бұл екі ортаң.
Бақ-дәулет, басы өскен ел бірталай,
Артықша сәулет берген Жаппар Құдай.
Мейрамның төрт баласы – төрт рулы ел,
Кетеді Бәйбіше боп мұнан былай.
Бұл күнде Шегендікке жаңа келдік,
Қуандық мырза, төртінші – би Сүйіндік.
Үш жүздің баласы боп бас қосқанда,
Байлық, нәсіп, осында һәм үлкендік.
Бос жүрмей, білген жақсы ата текті,
Дос көңіл нар көтерер артқан жүкті.
Мейрамның кіші қатыны Айнакөзден
Осы жердегі қалың арғын Екі Шекті.
Баяндап берген жерін әркім білер,
Елінде болса қария біліктілікті.
Найман, Қоңырат, Керей, Уақ қалды менен,
Жазарлық бір сөз еді бар керекті.
Мұны да сұрап біліп, ескерермін,
Денсаулық, Алла берсе тіршілікті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу