Өлеңдер ✍️
ТОҒЫЗЫНШЫ НАЗЫМ
Иллаһи, ия-карими, пәруардігер,
Нұржан жүр рахматыңа болып ділгер.
Қөпшілікке қайрат беріп ықыласың,
Қозғалтып іште дертін, илияткер.
Ойланып өз бетіммен жеңдім деме,
Талапқа жеткізуге Хақ міндеткер.
Тілеп және асығып, артын күтпей,
Құдіретке қарсылық қып, қылма іңкәр.
Сүйеніп бір өзіңе, тұр қасарысып,
Егер де мұрат таппақ болса дәркәр.
Беріңіз шын талапқа көңіліңізді,
Аудармай бөтен жаққа көзіңізді.
Хадисте хақ расул көрсетіп тұр
Мән-мәде, уағада деген сөзді.
Бұйрықсыз қара шыбын қақпас қанат,
Жеткізер бүтіндікке етсең ғадат.
Қаншама оңайсынып, ұмтылғанмен,
Еш пенде жыға жықпай таппас мұрат.
Абзалы, мехнат шегіп, рақат тапқан,
Тірлікте лайық емес қарап жатқан.
Жеткізулік мақсатқа бір өзіңнен,
Ықыласпен тілесең Жаппар хақтан.
Жоқ іске тауыспайық бойдан күшті,
Сындырып бұйырғандар кірер тісті.
Бел байлап тәуекелге шықсаң егер,
Тапсырып бір Аллаға ілгергі істі.
Хикметтің хақ жолына асықпадым,
Адаммын, өтірік күлу жоқ ғадатым.
Іздеген мұратыма жеткізе көр,
Қайырлы бұйыртып, Алла, оң сағатын.
Сияқты бәрі қызық өткен күнім,
Ендігі үмітім зор, көп тілегім.
Хаупім жоқ тіршілікте еш нәрседен,
Нық болса көңілімде тәуекелім.
Тәуекел ер жігітке болса жолдас,
Болса да дұшпан сансыз, еш қиналмас.
Жасыққа айырбастап сатқанменен,
Түбінде асыл қанжар жерде қалмас.
Ықылассыз жүре берер тіліменен,
Көп пайда шығара алмас білімменен.
Болмаса өзі жәрдем бір Алланың,
Сақтамас жанды ешкім де ебіменен.
Әуес етіп құр атаққа таңылғанша,
Туралап .............. жамылғанша.
Сыр бермей дос-дұшпанға шоқытып өт,
Қансырап қашан барып жығылғанша.
Қыранды қолмен ұстап тұрармысың,
Хақ нәсіп етпегенді қылармысың?
Қаншама бойың балқып, сақтанғанмен,
Нақ тағдыр жеткен күні қалар ісің.
Аллаға шын сүйетін қыл ерлікті,
Жігітке бос ұстаулық бекерлік-ті.
Өмірің аз ба, көп пе, уақытша,
Сескенбей, шалқытып өт тірілікті.
Бұрынғы балалықтың бекерлігін
Тоқталып, жаңа-жаңа ойлап жүрмін.
Қысылсам, сүйенетін кімім бар деп,
Кемітпей тірлігімді қайрап жүрмін.
Жөнімен әркім тоқтар растарға,
Қылмаңдар айтып еңбек болмастарға.
Мысалы әрбір істің осы кәбің,
Бұтақсыз құс қонар ма ағаштарға?!
Әр істің ақырында сабыр жақсы,
Пайдасыз көп малдыдан қадір жақсы.
Іс істеп, бір атағың шықпаса егер,
Құр тірі жүргеннен де қабір жақсы.
Дұшпан аз, достарыңның көбі жақсы,
Біреудің сөзі, біреудің өзі жақсы.
Болар деп құр ұятты кетіргенше,
Өлімнен басқа істің тезі жақсы.
Ойланып, жиналмасам не етер едім,
Арманмен дүниядан өтер едім.
Тәмсілмен әрбір түрлі қайрат беріп,
Әншейін көңілімді көтеремін.
Алғыр құс, жүйрік ат пен төзімділік,
Қадірін білген жігіт болады ынтық.
Бірі болып, біреуі болмай жүрер,
Әйтеуір, қанша айтқанда, тәлім артық.
Қызығын дүниенің көрген жақсы,
Басыңда тұрған шақта ықтиярлық,
Біреумен мұратыма жеттім демей,
Сүйенгін тәуекелге мұсылмандық.
Әй, Нұржан, әшкере айтып, халқыңа жай,
Сырды ішке жарамайды жасырғандық.
Істейді әркім өзі өз жұмысын,
Жарамас бір талапсыз бұл тұрысың?
Амал айт уақытыңда лайықты,
Айтарсың ілгерірекке болса ырысың.
Жетсін деп шын ықыласым Хаққа сыйын,
Емес қой қатарыңнан кім құрысын.
Бір тұяқ тастап кетпей жүрген жерге,
Көрінер лайықсыз бұл жүрісің.
Нұржаннан бес-алты ауыз қалсын нұсқа,
Жазайын түсіндіріп сөзді қысқа.
Жіберген жанды-жансыз қуат беріп,
Пайғамбарға қылды тағат бір құмырсқа.
Арасын жер мен көктің тегіс жайлап,
Хүкім етті күнбатыс пен күншығысқа.
Құдайым берді сонда дәрежені,
Тіл алдырды жын-пері, ұшқан құсқа.
Жүрмеді оныменен еш әмірі
Тағдырын бір Құданың болдырмасқа.
Бір зәулім төбең көкке тисе-дағы,
Патша бол, бай бол, жалғыз өсиет ұста!
Ендігі бақ бітер ме мұнан артық,
Сонымен өзгермеді ғұмыр артып.
Құлмын деп, қожа бар деп, басты сақтап,
Бәрінен жүрген абзал аяқ тартып.
Дұрыс қыл ықыласты түзулікке,
Кірлетіп, таңба салма жігіттікке.
Көңілді жоғарылатып, тасар ма екен,
Көзіңді назар ойлап, сал биікке!
Жәйіті жақсылардың жақсы болған,
Салады өзін қайта төмендікке.
Табанды бір орынға тоқтатпассың,
Егер де қоя берсең көңілді ерікке.
«Қожаның қожасы бар» деген нақыл,
Болдым деп тәуір жігіт сын демек пе?
Мен өзім бәрін-дағы білдім деулік
Келіспес Хақ қасында пенделікке.
Кішік боп, ұят сақтап, бойың бақсаң,
Сонымен қосыларсың тәуірлікке.
Нұржан, Нұржан дегенмен әуреленіп,
Пайдасыз атақты ұстап қалдым текке.
Жаныған бір болмайды қайрауменен,
Жасық болат бола алмас зорлауменен.
Сандуғаш, бұлбұлдардың бөтен құстан
Бағасы, құрметі артық сайрауменен.
Кейбіреу топқа салмай, іште өткізер
Нықсытып қаншық өзін байлауменен.
Қарғитын тіке жардан заман кетті,
Жүремін ептеп қана сыйлауменен.
Жыл ұлу, отыз тоғыз, биыл жылқы,
Аға-інісіз атадан тудым жалқы.
Бұдан былай не боларын Алла білер,
Бұрын болған жоқ еді көңілім олқы.
Ұлан күрес, мәжіліс, сауықтықпен,
Нұржанның біразырақ шықты даңқы.
Ақайыл ақ қаптал боп, түс өзгеріп,
Кеміп тұр бұрынғыдан базар нарқы.
Қандай қымбат нәрседен баға кеміп,
Саф алтын бұл уақытта бақыр болды.
Шешеннен тіл байланып, сақау озып,
Қырымнан көрген қырағы соқыр болды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇