Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  247


Автор: Нұржан Наушабаев

ЕКІНШІ НАЗЫМ

Сөзіңді әркім, Нұржан, сүйер сенің,
Ақылың біреуге ауыр тиер сенің.
Бірге өсіп, бірге жүрген адам түгіл,
Біледі ит те сырын иесінің.
Ниеті халас ісін бітіре алмас,
Белгіні хақ жаратқан жітіре алмас.
Абалап ит үргенмен, аспандағы
Тағдырсыз айдың нұрын кетіре алмас.
Білгендер әрбір ісін шамалайды,
Білмеген дос көңілін жаралайды.
Неше жыл тәрбие айтып, асыраған
Иттер де иесіне абалайды.
Білгендер ғафи ісіне өкінеді,
Дәм-тұзға білмегендер түкіреді.
Қоң бітіп, сөз ішіне кірсе басы,
Кейбіреу көтере алмай секіреді.
Қоңсыздар қоқайғанмен қоң болар ма,
Қадірін иесінің құл ұғар ма?
Қаншама шабытына келтіргенмен,
Жапалақ тышқан ілген құтылар ма?
Адамда қасиет кем елпілдеген,
Баусыз түндік секілді желпілдеген.
Әуелде қалыпсыздар халық билемес,
Дос тыңдап, дұшпаны да серпілмеген.
Бола ма өз көңілімен зорайғанмен,
Бұйрықсыз кәр қыла алмас қарайғанмен.
Нықтардың жортысына шыдау қиын,
Жал бітіп, аз уақыт қоңайғанмен.
Алды-арты, ісі бөлек түгелдердің,
Бетіне шаңдақ тимес жігерлі ердің.
Лыпылдап жын-тоғымен шапса-дағы,
Белгілі барар жері көбеңдердің.
Бұл күні сыры сырдаң көрініп жүр
Ойменен пәлен болам дегендердің.
Қадірің жоқ ағайынға, жат болмаса,
Көңілде, нағыз дос сол, тат болмаса.
Ел бағып, жұртқа жағу қиынырақ,
Нәсілден келе жатқан зат болмаса.
Көп көрдік төгілгенін толғандардың,
Алды кең, дәулет пен бақ қонғандардың.
Арсылдап, көрінгенмен байланысып,
Болдым деп тасқаны жоқ болғандардың.
Болғандар еш уақытта болдым демес,
Егер де болдым десе болған емес.
Бақыт бір әуедегі құс секілді,
Бұйрықсыз ешбіреуге қонған емес.
Сырлар көп жақсыларда айтпайтұғын,
Айтқаннан екі сөйлеп, қайтпайтұғын.
Бейне құс баласынша бақсаң-дағы,
Зат болмас нәсіліне тартпайтұғын.
Жүреді әркім ісін ұнайды деп,
Айтсаң ауыр көреді бұлай-ды деп.
Үріккен малша бетімен кете берер,
Сырттан біреу ойламай сынайды деп.
Ақымақтар сонымен-ақ шалқақтайды,
Жауырынға қағып қойсаң жарайды деп.
Айтамын осындайды жөнсіз көріп,
Өз ісін жүргеннен соң мінсіз көріп.
Осыларға ақылымды түгесемін,
Дауасыз дерт секілді емсіз көріп.
Ашта жеген тамақты тоқта ұмытпа,
Ізгіден бұзық болып, бой суытпа.
Сауысқанша әр арқаны қанатқанша,
Жүрсеңші, жын соқты ма, бір қалыпта.
Сауысқан шоқығанмен тоқ болмайды,
Пендеге пенде берген жұқ болмайды.
Әуелде ағылы қылып жаратқан тау
Бұйрықсыз бір Алладан жоқ болмайды.
Ықыласы шын достардың зият нұрдан,
Болса да өкініш жоқ жаны құрбан.
Жалған дос нақ лампының шынысындай,
Дем тисе жарылуға әзір тұрған.
Пірадар, сақтаңындар жаман достан,
Сырын біле қалсаңдар әуел бастан.
Етене, ішке кіріп, сыр алыспай,
Мұндайда, шамаң келсе, сыйла алыстан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу