Сүлеймен Баязитов | Біз сөкті деп

  Сүлеймен Баязитов | Біз сөкті деп


Мына жарық дүниеге келген әр адамның діттегені болып, ойлағанның орайы келіп, асығы алшысынан түсіп, қайғы - мұңсыз өмір кешуі ежелден - ақ екіталай дүние екені талас тудырмасы анық.

Алайда «біреудікі біреуге қыз көрінер» демекші әр тағдыр иесісі өз басына үйірілген сәтсіздіктің қара бұлтын ғана көріп, айнала төңірегіндегі адамдардың тағдыр - талайына жете мән бермеген. Олардың да шуақты күндерімен қатар басына бұлт үйірілген сәттері аз болмайтынын есепке ала бермейді. Ең бастысы, өз басындағы сәтсіздіктің бастау көзі қай тұста, оған не себеп екендігіне ой жүгіртіп жатпайды.

Қиыншылыққа қарсы тұру, оған қарсы күресу қаперіне кіріп шықпайды. Содан барып тәңірге, қала берді жарық дүниеге өкпе артады. «Жалған дүние...» осы бір сан көкіректі жарып шыққан өкініш пен өксікке толы сөз тіркесі атам заманнан - ақ ауыздан - ауызға, құлақтан - құлаққа жетіп, тілдік қордан берік орын алған.Оның елден елге, жерден жерге тарауына өмір жайлы толғақты ойларын жырларына арқау еткен жыраулар мен ақындардың да үлесі аз болмаса керек.

Сол жұрт санасына сіңісті «дүние жалған» ұғымына жыраулар мен ақындар арасынан алғаш рет Шәкәрім қарсы шығады. Ол өзінің «Дүние мен өмір» атты өлеңінде :

Білімділер насихат көп жазады,

Адам үшін уайым жеп жазады.

Байқап оқып отырсам соның бәрі,

«Дүние сұм, алдамшы» деп жазады. - Дей келіп өзінің де тіршілікке қадам басқанын, рахатты да, бейнетті де бастан кешкенін айта келіп:

Өмір бойы қуанбақ жынды ісі ғой,

Кейде асып, кейде сасып, кейде қаштым, - деп түйеді.

Осы «асу», «сасу», «қашу» сөздерінің астарына үңілер болсақ, ақынның орайлы тұста асырып - асыра сілтегенін, кейде басын пәледен ала қашып, кейде тығырыққа тіреліп сасқанын айқын аңғарар едік.

Мұнан әрі ол рақат көрген, қайғы көрген тұстардағы көңіл күйін бейнелейді. Алғашқысында: «Кеудесін соғып, жалғанның қаққанына көнбедім, қарсы жалдап шыға бердім», - деп лепірсе, қайғы көрсе: «Дүние жалған міне алдап алды», - дегенге тұяқ тірей отырып, ақын мұның бар болғаны: «Бұрынғы жазғандардың сөзі орнығып, көңіліме қалғандығы», - дейді.

Кезінде өзім де: «Мен де соққы жедім деп сұм дүниеден көп жазып ем, оныма өкіндім мен», - деп мойындайды. Ал осы шумақтағы ойын ақын:

Ойласам көрген бейнет, тартқан қайғы,

Болыпты не біреуден, не өзімнен, - деп түйіндейді.

Бұл сандаған ғасыр бойы қалыптасып, қағидаға айналған «дүние сұм, алдамшы» деген пікірдің іргесін шайқап, шаңырағын ортасына түсірген, соны пікір, тың пайымдау еді. Шәкәрім өзінің осы бір пәлсапалық ойын: «Біз сөкті деп тоқтай ма Алла атқан оқ»,- деп айшықтайды.

Тіршілік иесінің атар таңы, батар күні Аллаға тәуелді екенін:

Кімде - кім қайғы тартып, бейнет көрсе,

Сұм жалғанның қылғаны бұл дей берсе,

Әлбетте бұл тағдырға наразылық

Түбі Аллаға қарсылық ондайға ерсе, - деп ескертеді.

Өз басындағы келеңсіздікті көрмей - білмей, дүниені жамандауды үйреткен білімсіз шала молда екенін ашып айтады. Осы орайда шындық пен жалғанның ара - жігін ашу ақынға да оңайға соқпағаны аңғарылады. Ақыр соңында:

Дүние деген қызыққан ісің болса,

Қызықтырған кім сені оған сонша.

Пайдасыз, баянсызын біле тұра,

Қуа бердің ойланбай неге сонша? - деп сауал тастайды.

Дүниенің бірыңғай думаннан, рақаттан не болмаса белшеден кешер бейнеттен тұрмайтынын тұжырымдап аз сөзбен жеткізеді. Ғалым Серік Елікбайдың: «Шәкәрім қазақ поэзиясында философияға жаңа өріс ашты, шығармаларындағы адамның ақылына өзгеше мән беруі өзіне дейін әдебиетте көп кездесе қоймайтын жаңа түр», - дегенде, бәлкім, Шәкәрімнің басқа өлеңдерімен қатар біз сөз етіп отырған «Дүние мен өмір» атты өлеңін де қаперінде ұстаған болар.

Қалай десек те ақынның терең де тұжырымды пәлсапалары өмір соққысынан көз ашпай, жігері құм болған жандардың өзіне тың қуат беріп, өмірге, дүниеге, тағдырға қатысты қалыптасып қалған һәм күмәнді һәм тұманды күңгірт ойларына нұр шуақты сәуле түсіріп, тың қуатты, албырт та алғыр алға бастар тың ойға жетелері сөзсіз.

Сүлеймен Баязитов



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі