1 Наурыз - Алғыс айту күні

1 Наурыз - Алғыс айту күні

Құрметті оқырмандар! 1 наурызда болатын Алғыс айту күні құтты болсын! Соған орай алғыс айту, рахмет айту, 1 наурыз туралы шығармалар мен эсселерді жарияладық. Сіздерге ұнайды деп ойлаймыз....


 Мың алғыс саған - Анашым!



... Есейіп кетсемде, мен саған сәбимін.
Көгілдір көктемдей көзіңнен танимын.
«Ана туралы жыр» әнінен.
АНА... Осы үш қана әріптен құралған ұлы сөзге әлемдегі барлық жылулық, барлық пәк сезім, барлық бақыт пен махаббат, тіпті бүкіл жаһан сыйып кеткендей...
Анаға қаншама ақындар жыр арнаған. Қаншама жазушылар шығарма жазған. Ана – мәңгілік тақырып. Аналарға қанша жылы сөздер мен дүниенің барлық асылын алдарына әкеп үйіп қойсаң да, осы жандардың ақ сүтін өтей алмайсың.
 

Жер бетіндегі аналардың тілеуі бір. Ол – мейірімділік, адалдық, бейбітшілік, адамгершілік. Ұрпағының аман-саулығы.
Менің де аяулы екі анам бар. Олар: асыл әжем мен аяулы анам. Дүние есігін ашқаннан бері асыл анамның аялы алақаны мен жылы құшағының арқасында ешқандай қиындықты сезінбей өсіп келемін. Менен басқа отбасымда тағы да інілерім бар. Әкем мен анам біздің болашағымыз үшін еңбек етуде. Бізді қатарымыздан қалмай, білім алып, еліміздің елеулі азаматтарының бірі болса екен деп тілейді. Біз үшін түн ұйқысын төрт бөлген анамның қасымызда екеніне мен қуанамын. Оның таңертең еркелетіп оятқаны, кейде көңілсіз болсам, келіп жып жылы алақанымен маңдайымды сипап, бетімнен өпкені, ауыра қалсам, қасымнан кетпей қинала қарайтын жанары – бәрі маған ерекше күш беріп, сәуле шашқан күн сияқты.
Менің аяулы әжем – Қожанова Мәрита. Ол анамның анасы. Он баланы туып, бағып-қағып, мәпелеп өсірген қадірлі ана.
Отбасының ұйытқысы болып, балалары еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген білімді де мейірімді жандар.
Осы ақ жаулықты әжемізді біз, немерелері құрмет тұтамыз, сыйлаймыз. Ол кісіден үлгі аламыз. Аяулы әжеміз әрқашан қасымызда болса деп тілейміз.
Кейде анам бір-екі күнге қыдырып кетсе, үй іші де жылусыз қалған сияқты болады. Анам есікті ашып кіріп келгенде, күннің нұры құйылып кеткендей, бәріміз көктемгі жапырақтай жадырап сала береміз.
Осы аяулы жандарды кейде ренжітіп алғанымызды да байқай бермейміз-ау. Орынсыз талаптар қойып, еркелігімізді асырып та жібереміз. Дауыс көтеріп жататындарымыз да болады. Бірақ, осы қылықтарымызға анамыздың іштей налып, қиналатынын қайсібіріміз ойламаймыз да ғой. Қателігімізді түсініп, бір ауыз жылы сөз айтып, кешірім де сұрамаймыз. Иә, «алтынның қолда барда қадірі жоқ» екенін біреуіміз түсінсек, енді біріміз түсінбейміз.
Бала үшін ананың орны бөлек. Ана – бұлақ, біздің өміріміз анамызбен көрікті.
Аяулы Анам! Саған деген жүрегімдегі ризашылық сезімімді қаншама сөз маржанын терсем де, жеткізе алмаспын. Бұл дүниеде сенімен ғана бақытты екенімді білемін. Анашым, мен үшін дүниенің бар асылы – бір өзіңсің! Қасымда болмасың, өмірімнің сәні де, мәні де болмас. Сен – ақылшым, сен – тірегім, сен – кәусар бұлағым.
Әрқашан қасымда болшы, Анашым. Дүниеде сендей асыл жанның болғанына ризамын. Мен үшін түн ұйқыңды төрт бөлгенің үшін, маған деген ыстық ықыласың үшін, аялы алақаның мен жылы құшағың үшін, мейірім толы жүрегің үшін мың алғыс саған, Анашым!
Гауһар БЕРДІХАН,
9 сынып оқушысы, Перекетное орта мектебі.

 



Пайдалы сілтемелер:


Ана саған мың алғыс!

«Ана» деген үш әріптен тұратын сөзде өмірдің қаншама асыл қазынасы жатқанын бірі білсе, бірі білмейді.Өмірге ақылдыны,ғалымды, дананы да әкелетін жалғыз ана.Ананың мейірімдей мейірім, ананың жүрегіндей жүрек жоқ.Жақсыны асырып, жаманды жасыра білетін де –Ана. Өз баласын 9 ай 9 күн құрсағында көтерген адам, өз баласына еш уақытта жамандық ойлайды деп мен өз басым ойлай алмаймын. Бала құрсағына біткен күннен бастап оған өз бойында бар барлық жақсы қаситтерді дарыта береді. Өзі аш-жалаңаш болса дабалам киіп, балам жесін дейтін де-Ана.

«Әке-асқар тау,

Ана –қайнар бұлақ» деген мақал ұлы «Ана» деген сөздің, мән-мағынасын ашып тұрған жоқ па?!Анаң болса асың да алдыңда, махаббат, мейірім, шапағат бесігі де сенде, ал анасы жоқ балаға қанша қаржылай көмек жасап, жақсы көрсе де, дәл анасындай болмайды.

«Анасы бар адам ерке жетім,

Анасы жоқ адам нағыз жетім» деген сөз бар. Сонда әке орнынан, ана орны ерекше екенін осы сөзбен- ақ дәлелдеп тұрғандаймыз.

Ал, «Әке жақсы жездедей» деген сөздің мәнісі егер анаң өмірден өтіп, әкең қалса әке еш уақытта анадай жылуын балаға бере алмасына ешкім күмәнданбайды.Бала гүл сияқты , гүл су құйсаң өседі емес пе, бала да жастайынан жылулық сезім , қамқорлық көрсе, өскенде сондай болады, өйткені ол ана берген сыйды басқаға тарту етеді.

Мен өзім анамды жанымдай жақсы көремін, бір күн үйде болмаса, үй іші жұтап, бір нәрсе жетпей тұрғандай болады.Осы күйімді ой елегімнен өткіземін де, анасыз, әкесіз өмір сүріп жатқан жетімдер үйіндегі балаларды аяймын.Олар өз аналарын өмір бойына көрмей қалай өмір сүре алады екен деген ой да мазалайды.Өмір оларға өмір сызығын солай сызып тұрса, оған не шара, сонда да олар анадан ала алмаған жылуын кімнен алу керек деген сұрақ туады?

Жетімдер үйінде санаулы адам жұмыс істейді, барлық балаға олардың жүрек жылуы жетпейтінін, жеткен күнде де өз анасы сияқты сүйе алмайтыны айдай анық.Шіркін-ай, сондай тастанды балалардың аналары өліп қалса ол бір жағдай, ал енді тірідей жетім қылып, тастап жатқан аналар бір мезгіл ойланса ғой.Кейбір арақ ішіп, жаман жолға түскенде баласын неге ойламайды екен, сонда арақты баладан жоғары қойғаны ма, неге өздерін бала орнына қойып, егер оларды солай тастап кетсе не болар еді деп ойланбайды ма екен?Онда неге ол баланы өмірге әкеледі, бала осылай қиналсын деп пе?Онда ол Ана ешқашан көкек құсы сияқты баласын өмір тәлкегіне салмайды.Егер менің қолымнан келсе, оның бірін де көрсетпес едім балаға, баланың әр бір көз жасына ол жауапты, өйткені оның есімі-Ана.

Нағыз ана жайлы мен әдебиет сабағынан әңгімелерден оқыдым.

Ғабит Мүсіреповтың «Анананың анасы», «Ашынған ана» еңбектері, менің жүрегімді жаулап алғандай болды.Мұғалімім түсіндіре отырып,жылап айту өнері арқылы мен нағыз ана солар екен деген ой түйдім. Өзім ер бала болсам да, сол сезім менің бойымда әлі сақталуда.

«Ананың анасы» еңбегіндегі ананың өз қызы үшін ер адамдар алдында «Мен осындай кезімде құлдыққа салынып, әркімнің босағасында жүрдім, қызым, соны көрмесе екен» деген сөзі мен қорықпай келген өжеттігінен бойында ер азаматтардың көбінде жоқ қасиетті байқап, таң қалдым.

«Ашынған ана» еңбегіндегі сатқын баласының басын Ақсақ Темір алдында шауып тастауы да ерлік.Өзінің құрсағын жарып шыққан баласы ел жұртын сатып тұрғанын көріп, басын кесуі ол да ерлік.Өзінің берген жақсы қасиеттерін көрсете алмағанын көрген ер адам да оныістемес еді, ал ана болса қолы барып, намысын жау алдында бермей, бәрі қорыққан Ақсақ Темірге де бас имейді.Керісінше оның осы қасиетіне тәнті болған Темір өзі бас иеді.Сонда ана сөзі мен ісі жауды да тізе бүктіргенін көрдік.Сонда ана тек мейірімімен махаббатты ғана емес, ақылы мен парасаттылығымен әлемде мықты болғаны ғой.

Теледидардан көп нәрсе көреміз. Соның бірі ойыма келгенде мана тастанды балалар жайлы айтқанда: «Ана өмірге баланы әкеліп, неге өмір тәлкегіне түсіреді?» деген болатынмын.Ал мына оқиғада сондай асыл анадан мынандай безбүйрек қалай туады деп ойладым. Оқиға желісінде бір әйелдің жалғыз ұлының сүйген қызы: «Мені сүйсең, анаңның жүрегін алып кел!» деп, бұйырғанда жігіт өз анасын өлтіріп, жүрегін алып бара жатып, сүрініп кетеді.Сонда қолындағы анасының жүрегі: «Айналайын, бір жерің ауырып қалды ма?» деп қиналады.Соны көргенде ұл болсам да жыладым да, жігіттің анасын аядым.Анандай баланың барынан жоғы дедім. Сонда туған анасы, анау қыздан кем болғаны ма?Ол қыздан болашақта қандай ана шығады, ол болашақ ұрпағына қандай тәрбие береді. Осы жайтқа мына оқиға туғанды сатпа деген сөзге дәлел сияқты. Қайықта жігіт, інісі және баласы жүзіп келе жатады.Қайық кісінің артық салмағына ауып кете береді.Үшеуінің біреуін түсіру керек болғанда, жігіт өз ұлын көлге тастап, інісін алып қалған екен. Сұрағанда: «Баланы маған басқа әйел де тауып береді, туған інімді ешкім тауып бере алмайды»- деген екен.Сондағы жігіт өз туғанынан безбегенде, анау жігіт өлімге ең асылы анасын қияды.

Өмірге жақсы да, жаман да келеді. Тек оны айыра білу әр адамның өз еркінде. Егер маған ерік берсе әр анаға өмірдің барлық гүлін, әр жетім балаға өмірдің ең асылы анасын қайтарып берер едім.Барлық әлемдегі Аналарды мерекелерімен құттықтай отырып, өмірлеріне гүл, көңілдеріне нұр, жанұяларына бақыт, тілей отырып:

Ана деген-ол өлмейтін махаббат,
Ана деген-ол сөнбейтін шамшырақ,
Ана деген –екі қайтып тумайтын,
Бар әлемге жұлдыздай боп жарқырар-дей отыра.
Ана саған мың алғыс!-дегім келеді.

8 - сынып, Мықтыбаев Біржан




Ұстазыма мың алғыс!

Мұғалім ардақты ұмытылмас,
Өзіме бала күннен үні сырлас.
Нәр алып алғашқы рет сол ұстаздан,
Арманның асқарына ұмтылған жас.
Ұстаз- ұлағатты есім. Мектептің басты тұлғасы, жүрегі- ұстаз. Адамның адам болуып қалыптасуына ата- аналармен қатар, мұғалімнің де рөлі зор деп ойлаймын. Бала бойына ата- анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік,әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана- сезімді сіңіруші адам-мұғалім. Сондықтан ұстаз- адам бойындағы тозбайтын ақыл иесі. Осындай қасиеттерсіз Ұстаз ұстаз емес деп ойлаймын. Ұстаз бейнесі шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі Ең алғаш осы мектепке келген кезде мектептің мұғалімі Хаметова Ермек Мәмзеқызы болды. Ол кісі маған1 сыныптан, 4-сыныпқа дейін білім берді. Ермек Мәмзеқызы шәкірттеріне аса мейірімді, сөзіне берік, шыншыл мінезді, жүрегі батыр, еңбекқор ұстаздардың бірі . Өмірде өз анаңнан кейінгі тағы бір адам ол-алғашқы ұстаз емес пе?! Біз бастауышпен қоштасқан кезде алғашқы ұстазымызды қимай кеттік. Ермек Мәмзеқызы менің сүйікті мұғалімім болып меңгілікке жүрегімде қалды.
Екінші сүйікті ұстазым Мурзагельдина Қуаныш Рақымқызы. Ол кісі барлығымызды жақсы біледі, өзінің баласындай көреді деп ойлаймын. Қазірде Қуаныш Рақымқызы біздің сынып жетекшіміз. Біз оны анамыздай жақсы көреміз, құрметтейміз. Ол туралы айта бастасам көкірегім қуанышқа толып, жүзім ажарлана түседі. Қуаныш Рақымқызы- қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі. Сабақ үстінде өзінің білгенін оқушыға үйретуге ерінбейді, балалармен тез тіл табысады, ата- аналармен де жақын қарым-қатынаста. Ал мектептен тыс әнгімелескен кезде тіптен басқа адам болып шыға келеді. Сырласып, қиындықтарымызды сеніп айтуға болатын екінші анамыздай болып кетті. Менің осы күнге дейін жеткен жетістіктерімнің тең жартысы осы ұстазымның еңбегі. Осы кісінің сабағынан ешқашан жалықпайсың, жалығуға мүмкін емес. Ұстазымыздың арқасында біз көптеген повестерді оқыдық. Ұстазым кез келген сабақты бүгінгі заманмен байланыстыра өткізеді.
Мен өзімнің ұстаздарымды мақтан тұтамын. Олардан үлгі аламын. Соларға қарап өсемін. Осы ұстаздардың күлімдеген көздеріне ешқашанда қаяу түспесе екен деймін, олар бақытты болса менде өзімді бақыттымын деп санаймын.Мектепті аяқтап кетсем де, мұғалімдерімнің маған істеген жақсылықтарын ұмытпаймын. Ұстазым, мен сізге мәңгілік қарыздармын, сізге мың алғыс!!! 

Құттықтау тілекпен : "Мирас" көпбейінді мектеп-гимназиясының 7"Б" сынып оқушысы Исенова Азиза




Ата-анаға құрмет

Шіркін өмір! Неткен ғажап едің?! Өмір ол- достық, өмір-қастық, өмір- қуаныш, өмір- өкініш, өмір ол- сен, өмір ол- ата-анаң, өмір- достарың, өмір- аң-құстар. Бір сөзбен сені қоршаған орта. Осы бір өмірді сезінуге, танып білуге мүмкіндік берген, жарық сәуле сыйлаған ата-анамызға мың да бір алғыс. Шыр етіп дүниеге келген күннен бастап ақ сүт беріп аялаған анамызға алғыс. Әке, ана – сен қиналған сәтте арқа сүйер, қуанған күндеқуанышыға ортақтасатын жандар. Сенің табаныңа қадалған тікен , менің маңдайыма қадалсын дейтін қорғандарың. Қандай ата-ана өз баласына жамандық тілейді?! Балам өссе екен , ішше екен, қатарынан қалмаса екен дейді. Олардың біз үшін істеген жақсылықтары шексіз. Мені қынжылтатын бір дүние бар. Неге осы біз барлығын кеш түсінеді екенбіз?! Қолда бар алтынның қадірі жоқтың керін келтіріп, әбден болары болып ,бояуы сіңген кезде оянатын адамдар да бар . Ата-анасын қара жер құшағына алғаннан кейін басын тауға да ,тасқа да соғып қайғырып, артынан бар күнәсін жуып шайғысы келіп , көзі тірісінде жасамаған дүниелерді жасайды. Ең сорақысы , ұлын ұяға, қызын қияға қондырып енді тек солардың қызығын қызықтап , бақытқа кенелер шақта көздерін жәудіретіп, өздерінің тілімен айтқанда кереметтей «санаторийға» жібереді. Өмір неткен қызық едің! Қарттар үйінде әрбір ата-әжелеріміздің көздері мөлдіреп, жүректері елжіреп тұрады. Сіздің перзентіңіз деп әңгіме қозғай қалсаңыз, лезде езу тартып бірден оларды ақтай жөнеледі. Олардың жұмыс басты екенін , оларға масыл болғылары келметінін алға тартады. Ана жүрегіне не жетсін?! Қазақ даласындай кең... Кезекті зейнетақысын алып , балаларыма деп бөліп беретіні тағы бар. Ал, енді, перзенттер, сиырға туған күннің бұзауға да туатынын ұмыттыңыздар ма?! Ертеңгі күні бір шаңырақ иесі атанып, асқар тау әке, аяулы ана атанатындарыңызды білесіздер ме? Сіз жасаған қиянат өзіңізге айналып келмесіне кім кепіл? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдіңіздер ме? Қарты бар үйдің қазынасы бар екенін естен шығармасаңыздар екен. Ата-ана алдындағы парыз дегенді әркім әрқалай түсінері сөзсіз. Жұмақтың кілті ананың табанының астында дейді. Анаңды Меккегежаяу арқалап барсаң да парызыңды өтемейсің. Осы ұлағатты сөздерден кейін-ақ ата-ана алдындағы парыз дегеннің қаншалықты қымбат екенін аңғаруға болады. Ата-ананың батасы дейді. Кез келген істе әке-шешеңнің оң батасын, рұқсатын алмай жасаған ісіңіздің алға баспайтынын сіз де, біз де жақсы білеміз. Қасиетті Құран Кәрімнің өзінде ата-ананың қадірінің қаншалықты биік биік деңгейде екені нақты айтылған. Мынау бір бескүндік жалған дүниеде , бір –бірімізбен сыйласып, барынша мейірімді, адал болып өтуге тырысайық. Осы күніңе шүкіршілік ете біл. Болмашы бір дүниелер үшін ата-анаңа ренжудің мүлдем қажеті жоқ. Оларсыз күндері өтіп жатқан, әкесінің құшағын, анасының аяулы алақанын сезінуге бұйырмаған жандар да бар қоғамда. Дүние қолдғың кірі. Бүгін бармыз,ертең жоқпыз. Ертеңгі күні бармақ тістеп өкініп жүрмейік. Бұл өмірдегі ең асыл қазынамыз, Алланың бізге берген қымбат сыйын құрметтеп, қадірін түсіне білейік. Ең бастысы ата-ана алдындағы парыз олардың саған берген ризашылығынан басталатынын естен шығармайық . Өмір деген- алма кезек. Әрбір істеген мейлі жақсылығың, жамандығың болсын алдыңнан шығары хақ. Тәубеге келейік достар. Әкешім-анашым сіздердің өмірімде бар болғандарыңызға, тілеуімді тілеп, бар тәттіні алдыма ұсынып жүргендеріңізге мың да бір алғыс! Сіздерді мәңгі қадірлеп өтемін.

Автор: Шырайлым Әбділда, дереккөзі


Ия, «көп рахмет, алғысымыз шексіз» — деп басталатын бұл жазбада 1-наурыз — «Алғыс күні» жайлы айтқымыз келіп отыр. Яғни, алғыс айту — адами құндылық, адамгершілік болса сол адамгершілікпен ұштасып жатқан «сыйластық» деген ұғым басты назарда болады. Алғыс айту — осы сыйластықтың айқын көрінісі іспеттес. Алғыс айту арқылы өзіңнің ішкі жан дүнеңнің тазалығын, пәктігін көрсетіп, айналадағы жаныңа жақын жандарды қуанышқа бөлейтінің сөзсіз.
Алғыс айту — сонымен қатар, адамдар арасындағы бір-біріне деген құрметін, ризашылығын білдіреді. Осының арқасында сыйластықтары жанданып, бір-біріне деген сенімділіктері арта түседі. Бұл әрине көңілге қуаныш ұялатады. Қарап отырсақ қателеспейтін адам жоқтың қасы, пендешілікке салынып кейде жанымызға жақын жандарды қуантудың орнына ренжітіп, көңіліне қаяу саламыз. Бұның бәрі бір сәттік ызалану, ашудан туады. Ол адамның жасаған жақсылығын бір сәт ұмытып, теріс ойдың жетегіне еретініміз жасырын емес. Дәл осы сәтте бізге сабырлық ауадай қажет. «Сабыр түбі сары алтын» деп жайдан жай айтылмаса керек-ті. Дей тұрғанмен ашуды ақылға жеңдіріп, ренжітіп алған адамның көңілін жайландыру әрине өз қолымыздағы дүние. «Қуантатын да бір ауыз сөз, жылататын да біо ауыз сөз» дейді емес пе дана халқымыз. Ал алғыс айту — көңілге қуаныш сыйлатын сол ерекше позетивтік сөздердің бірі. Қарап отырсақ барлығы бір-бірімен байланысып жатыр. Сөз құдіреті осы болса керек. Алғыс айту арқылы — ол адамның саған деген құрметі мен сыйластығын, саған деген риясыз пәк көңілін сезіне аласың. Ендеше бір-бірімізге алғысымызды айтып, осындай ерекше, пәк көңілімізді, сыластығымыз бен ол адамға деген құрметімізді неге осы бір ауыз сөзбен білдіріп жүрмеске?! Қиындығы көп, көңілдің күйін түсіретін дәл осы заманда бізге бір-бірімізге деген ілтипатымызды білдіріп жүру, достық қарым-қатынасты жандандырып, сыйластықты ұғыну біз үшін үлкен қуаныш болатыны сөзсіз. Өйткені барлығы кетеді, уақыт бір орнында тұрмайды, қалатыны тек қана — сыйластық болмақ.
Осы орайды пайдаланып менде осы алғыс айту күніне орай жаныма жақын жандарға, дос-жаран, туған-туыстарға, анашым мен аға-іні, бауырларыма, әпкелерім мен сіңілілеріме шын жүректен алғыс айтқым келеді. Әрбір отбасына амандық, саулық тілей отырып, «Алғыс айту күні құтты болсын!» демекпін. Сыйластығымыз артып, көңіл-күйіміз жоғары болып, денсаулығымыз мықты болсын! Баршаңызға Жаратқан ием жар болып, арман, тілек, мақсаттарыңыз орындала берсін!

«Ғажайып Қазақстан — 2050» журналының редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы



Алғыс айту — негізі адами құндылыққа жатады. Белгілі бір нәрсеге көмек берген адамға рахметін айтып, алғысын білдіру парыз болып саналады. Алғыс айтуды тек қана 1-наурызда айту болып саналмайды.Кез келген бойында адамгершілігі, мейрімділігі мен сыйластығы бар адам көрсеткен көмегіне қарай рахметін айтып, алғыстарын білдіріп жатады. Осы орайда елімізде 2016 жылдан бастап 1 наурыз — «Алғыс айту күні» болып аталып өтуде. Оны еліміздің тұңғыш президенті Н. Ә. Назарбаев аталмыш жылдың 14 ші қаңтарында Қазақстан халқы АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ құрылған күні Наурыз айының 1-ші жұлдызын «Алғыс айту күн» деп жариялаған жарлығына қол қойды.
Елбасымыз арнайы күнді белгілеп, ел ішінде сыйластық пен берекенің артуына ықпалын тигізіп отырғанын жоққа шығара алмасымыз анық. Расында да осы күнімізге шүкіршілік етіп, Жаратушы иеміз бен айналадағы ортаға рахмет айтып, алғыс білдіру адамгершілік пен сыйластықтың нығаюына үлкен ықпалын тигізері сөзсіз. 2016ж ылдан бастап аталып, мерекелік күнтізбеге арнайы белгіленген бері 1-наурыз адамдар арасында мерекелік көңіл-күйде, бір-біріне рахметін айтып, алғыс білдіру үрдіске айналғандай.

«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы




Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу
Пікірлер 2
  1. АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ шығарма
    4 + 0 -
    Төрт мезгілдің ішіндегі жанымызға жақын мезгіл — ол әрине, айналаны өзгеше күйге бөлейтін, ерекше сұлулық беретін «көктем» мезгілі. Көктем... ия көктем атауының өзі-ақ айналаға көк кілем төселіп, қызыл, сары, ақ түсті гүлдермен көмкерілген, бәйшешегі гүлдеп, қызға жігіт үндеп, лақтар маңырап, қозылар жамырап айналаны бір мамыражай күйге бөлейтін «ең әдемі» мезгіл деп білемін.
    Сол көктемнің ең алғашқы күнін, яғни 1-ші наурызды елімізде 2016 жылдан бері атаулы мейрам ретінде бір-бірімізге алғыс айтып, рахметімізді білдіріп келеміз. Бірінші алғыс айтпас бұрын, өзіміздің өміріміз жайлы ойланып-толғанып, осы күнімізге шүкіршілік етіп, барға қанағат, жоққа салауат айтып Жаратқан иемізге алғысымызды жеткізуден бастасақ, «Жақсы сөз жарым ырыс» демекші, әрбір ісіміз сәттілігімен жалғасын табатынына кәміл сенемін. «Шүкіршілік қарапайым күндерді алғысқа, күнделікті істерді қуанышқа, қарапайым мүмкіндіктерді игілікке айналдыра алады» - дейді, Уильям Артур Уорд. Яғни, әр күнімізге шүкіршілік ету арқылы қарапайым күндердің өзінде алғыс пен қуанышқа ие болып, берілген мүмкіндіктерді игі істерге айналдыра алады екенбіз. Мұның бәрі «шүкірлік пен тәубе етудің нәтижесі» деп білем.
    «Алғыс айту - бұл беру уақыты, сүю уақыты және өмірдегі ең маңызды нәрселер туралы ойлану уақыты». - дейді, Даниэль Дакери. Біз алғыс айту арқылы бойымыздағы сүйіспеншілікті басқаларға шын ниепен жеткізіп, өмірдегі ең маңызды сәттерімізді ой елегінен өткізіп, зор бақытқа бөлене аламыз.
    «Құдай біздің еңіреуіміз арқылы емес, алғысымыз арқылы дәріптеледі». - дейді Эдвин Перси Уиппл. Яғни, өмірімізге күпірлік айтып, зар илегеннен еш пайда жоқ екенін, қайта, көктемнің алғашқы күнінен бастап-ақ, айналамыздағы қоршаған ортаға, жақындарымызға алғыс айтып, ризашылық білдіру арқылы Жаратқанға бас иіп, бұл өмірдің қуанышы мен бақытын сезінеміз.
    «Ең жақсысы – бәрін таза, үнсіз жүректе сақтау және әрбір тамыр соғуы үшін алғыс айту, әр тыныс үшін ән айту» — дейді, Конрад фон Геснер. Сіз қалай ойлайсыз, осы сөзбен келісесіз бе?! Расында да, соғып тұрған тамыр үнсіз, соқпай қалса, әрбір алып жатқан тынысыңыз тарылар болса, ауа жеткізе алмай қалсаңыз сол мезетте бәрі бітпейді ма, яғни, тамырымыз соғып тұрғанда, ауамен тыныстап, жүзіміз балбұл жанып тұрған шақта неге бір-бірімізге ризашылық білдіріп, алғыс айтпасқа?! Бұл өмір қамшының сабындай-ай, өте шығады емес пе?! Барлығы кеш болмай тұрғанда бір-бірімізге деген риясыз пәк көңілімізді білдіріп, алғыс айту арқылы сыйластық пен ынтымақ, бірлікті нығайтып, өмірге деген сүйіспеншілікті арттыра түсейік!
    «Алғыс айту және оны білдірмеу сыйлықты орап, бермеумен бірдей»— дейді, Уильям Артур Уорд. Алғыс айту арқылы бір-бірімізге деген сыйластықты нығайтып, ынтымақ пен бірлігімізді арттырып, бір-бірімізді қуанта аламыз. «Бұл өмір жалған, байлық қолдың кірі, ақша адаммен дос болмайды, бүгін бар, ертең жоқ» — дегендей, бұл өмірде қалатыны тек қана сыйластық қана болмақ.
    Сөзімді қорытындылай келе, бір-бірімізге рахмет айтып, алғысымызды өз уақытынан кешіктірмей жеткізе білейік, тек 1-ші наурыз «Алғыс айту» күнінде ғана емес, ризашылық пен алғыс айту керектігі болған кезде оны айтудан шет қалмау керек, өйткені алғыс айту арқылы бір-бірімізге қуаныш беріп, сыйластықты арттырарымыз сөзсіз. Ал сыйластық бар жерде бақыт та, шаттық та бар.
    Көктемнің алғашқы күнімен күлім қағып келетін, адамдарға шаттығы мен қуанышын беретін, өкпе менен реніштерді азайтып, көңілдерге шаттық нұрын себетін 1-наурыз «Алғыс айту» күні — бұл күн расында да ерекше, жанға шуақ сыйлайтын, бар жақсыны жинайтын күн десем қате айтқаным емес. Осы орайда баршаңызды 1-ші наурыз — «Алғыс айту» күнімен құттықтай отырып, Жаратқан иемізге шүкіршілік айтып, алғысымды білдіремін! Арайлы атар таңым мен қызарып батар күніме мың алғыс! Ай-жұлдызы жымыңдаған түніме алғыс, табиғатым құлпырған, жасыл желек үн қылған, көктемнің шуақты әр күніне мың алғыс! Ағайын-туыс бауырға, жайдары қауым, ауылға, ата-анам, ата-әжеме, нағашы-жиенге мың алғыс, құрбы-құрдас достарға, шайдай ашық аспанға, ұстаздардың бәріне, үлкені бар кішісі алғысым көп сіздерге!
    Баршаңызға тілейтінім, дендеріңізге саулық, өмірлеріңізге шаттық пен қуаныш, жұмыстарыңыз сәттілік беріп, «Жаратқан ием жар болсын!» — дегім келеді.

    «Ғажайып Қазақстан — 2050» журналының редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы
  2. Эссе
    Эссе 01.03.2021 19:21
    0 + 0 -
    Мықты шығарма лар керемет