Жасасын, қазақ, Азаттығың!

 Жасасын, қазақ, Азаттығың!

Әмірханов Аман
11 сынып, Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектеп
Т.Рысқұлов ауданы
Жетекшісі: Аденова Д.Қ.

Қасиетіңнен айналайын қазақ жері, сенің әрбір тауың мен тасыңда, суың мен нуыңда бабамыздың шоқ басып, шөңге қадалған табанының ізі қалған. Қызыл қаны мен маңдай терінің кермек иісі сақталған. Өз жерінде өгей болып өскен халқымның шемен боп қатқан қасіреті бара-бара қара тасқа айналып, шерлі жүректің шежіресінен сыр шерткендей. Азат өмірді аңсап өскен ата-бабаларымыз өз жерінде отырса да, басына үйі, бауырына қазаны бұйырмай, қаншама жылдар қайғы жұтып, қасірет тартпады дейсің. Алайда бұл жылдар ерен ерлікке, қайыспас қаһармандыққа толы болғанын біз бүгін сүйсіне еске аламыз да, аталар аруағына басымызды иіп тағзым етеміз. Тағзым жасай отырып, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Кенесары, Сырым, Амангелділер мінген тұлпарлардың тұяғының ізі қалмады ма екен деп, шақпақ тас пен шағыл құмға еріксіз үңілеміз. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болып, Қаратаудан құлаған қаралы көште көзден аққан қан аралас жастан жиналған бұлақ емес пе екен?- деп, сылдыраған суға қарап, ойға батасың. Ал көгілдір аспанға көз жіберсек, көк жүзінде қалықтаған қазақ жерінің қырандарына куә боламыз. Бұлар шейіт кеткен шерменделердің өлмес рухы сияқты.
Жыр семсері Махамбет халқының, елінің ертеңін ойлап, ет-жүрегі езілген қайран баба ес білгеннен бастап бір қадам жерді бастырмай, асыл дүниесіндей қастерлеп, ұрпақ қолына тапсыруды көксей келе:
Арғымақтан туған асылды,
Баптап мінер күн қайда?!
Алаштағы жақсыдан
Батасын алып, дәм татып,
Түлкідейін түн қатып,
Бөрідейін жол тартып,
Жалаулы найза қолға алып,
Жау тоқтатар күн қайда?! –деп, жалынды жыр төкті.
Азаттық жолындағы бақыт ештеңеге айырбастауға келмейтін қазаққа қымбат, алашқа ардақты Тәуелсіздік таңы екен. Бір Кенесарының өзі патша отаршылдарына қарсы тәуелсіздік жолында ұзақ жылдар бойы аянбай күресті. Бұл сияқты азаттық үшін күрес қазақтың әр жерінде жүріп жатты. Батыста Исатай, Махамбет, Сырым, Шығыста Жанқожа, Тәнеке батырлар күресті. Қыранның қанаты талып, тұлпардың тұяғы мүжілетін кең-байтақ далам азаттық жолында бұлқынып, буырқанып жатты.
Қайсар ұрпақ қай кезеңде де қайыспай қарсы тұрды. Бір кезде жаһұт жырдың жаршысы Мағжан Жұмабаев текті қазақтан теңдесі жоқ ұл мен қыз туып, тегеурінді іс атқаратынын көрегендікпен сезе, таңмен таласа, қазақ елін ұйқыдан оятып, болашаққа бағдар бере, елдікті, ерлікті паш етіп:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты
Мен жастарға сенемін! –деп, жігерге жігер, күшке күш қосқандай тебіренді.
1986 жылы 17 желтоқсан күні қазақ жастары тағы да азаттық жолында орталық алаңға шықты. «Менің Қазақстаным» әнін шырқай жүріп, империяның әміршілдік машинасының табанына тапталған, сонда да қайсар рухтан қайтпаған Қ.Рысқұлбеков, Л.Асанова, Е.Сыпатаев сияқты жас қаһармандарға бүгінгі азаттығымыздың алғы шарты болған желтоқсан ерлерін емірене еске ала отырып, соларға арнап жыр айтпақпыз.
Желтоқсан көтерілісі қанша ызғарлы естілсе де , елдің рухын көтеріп, еркіндік сәулесінің жібін қайта сабақтады. Өктем күш шындықты жер бетінен жасырғысы келгенімен, адалдық үні ақыры жарып шықты. Ол ел еңсесін езген жоқ, елдігін көтерді, санасынан ұлттық рух өше бастағандарға саңылау енгізді, ата-бабаның қанымен, жанымен қорғаған қасиетті жерінің құнын арзандатушыларға қатал сабақ болды . Өктем күшке, әділетсіздікке қарсы халықтың қанын қыздырған ар-намыс алауы болды. Бұл алау – «Біз сондай іргелі ел едік» деп ұлтының оянуына ой жүгірткен, ұлтын сүйгені үшін «ұлтшыл» деген айып тағылып, өмірден от-жалын боп кеткен Мағжан, Ахмет, Міржақыптардың арман отының алауы еді.
Бұл алау – халықты дәуір көшінен қалдырмай, ел болу жолына салсақ, сол жолда адастырмас көшбасшы болсақ деп ұмтылған, «Халық жауы» айыбымен өмірден жалт етіп өткен Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің өкініш өксігінің лап еткен жалыны еді. Осы тәуелсіздікті сол қана аралас көз жасын, арман жасын халқының намыс отына тамызық етіп, алдыңғы бабаларының өрлігін жалғастырған, еркіндік күресінің алау отын жаққан жастадың рухы әкелген сияқты.
Тәуелсіздікке қол жеткізу қандай қиын болса, оны сақтап, іргесін нығайту жолында да қиыншылықтар аз кездеспеді. Бұл жол да өз сынын алға тартты. Әлемнің небір аузымен құс тістеген тәкаппар елдеріне өзіңді танытып, тең тұрып тілдесер күн де туды.
Шерхан Мұртаза: «Тәуелсіздік – біреу. Ол – біз сияқты, қазақ сияқты халыққа жүздеген жылдардан кейін ғана келіп жеткен Алланың ақ нұры. Оған бәріміз адал ниетімізбен тіреу болсақ қана аман түзелер», - деген еді. Тәуелсіздіктің күн нұры күлім қағып, қыраны қалықтаған туы желбірегенде жүзінде мақтаныштан нұр күлкісі төгілмеген қазақ жоқ шығар, сірә?! Осы орайда тіліме Тұманбай ақынның:
«Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті, Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең, «Қазақ болу – зор бақыт» - дер күн тіпті», -
деген шумағы еріксіз еске оралады.
Елбасымыздың сөзінен қуат алып, 2030 жылды бетке алып, жас ұрпақ өркениет жолына сеніммен қадам басты. Екпінді адым. Барыс қимыл, барыс шапшаңдық, шыңға ұмтылған барыстың өрлігі байқалады қазақ жастарынан.
Қазақстаным – жасыл орманым,
Қуанышымды жасыра алмадым.
Аңсаған елім, аңсаған бабам,
Азаттық еді асыл арманым!-деп қазақ үні, менің замандастарымның асқақ үні бүгінде әлемді алып барады.
Не деген бақыт! Бұл – ұлт бақыты, ұрпақ бақыты.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?