Абай Құнанбаев 175 жыл, «Перзент парызы»

 Абай Құнанбаев 175 жыл, «Перзент парызы»

РМҚК «Р.Байсеитов атындағы Семей қаржы – экономикалық колледжі»
Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай өткізілетін сабақтан тыс қалалық әдеби сазды кештің сценарийі
Оқытушы: Абдрахманова Б.Қ.



«Перзент парызы»


Өтетін күні:
Өтетін орны: колледждің мәдениет залы.
Сахнаның безендірілуі: Абайдың портреті, мультимедиалық проектор, көрініс құралдары, шараның эпигрофы:

«Өлді деуге болама айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.»
Мәдениет залына дөңгелек үстелдер кіргізіліп, айналасына орындықтар қойылады. (қатысушылар мен көрермендерге арналып)

Мақсаты: Данышпан ақын Абайдың өнер- білім туралы өсиеттерін, өлеңдерін паш ету. Білім алушылардың қазақ поэзиясына деген сүйіспеншілігін арттыру. Қазақтай дана, Абайдай дара елдің ұрпағы екендіктерін сездіре отырып, өз елінің патриоты болуға тәрбиелеу.

Шәкірттерді Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының балалық шағы мен жастық шағы және өскен ортасымен таныстыру. Ақындығы мен сазгерлігімен таныту.
Абай шығармашылығын сүйіп оқуға, қадірлеуге, асыл мұрасындай есте сақтауға баулу.
Гуманистік, адамгершілік, еңбек, имандылық тәрбиесін беру.
Кеш қонақтары:

Халықтық ақындар орталығының жетекшісі, айтыскер ақын, жас ақындарды тәрбиелеуші ұстаз Дәмеш Омарбайқызы.
Әнші, актер, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Абай әндерін орындаушы Мырзахан Сыздықов
Қаламыздағы Абай атындағы тарихи мемориалдық қорық мұражайының директоры, фғк, Абай мұраларын зерттеушілердің бірі, абайтанушы Жандос Мағазбекұлы
Қала колледждерінің оқытушылары.
Барысы:

Сахна жабық. Проектордан Абайдың дүниеге келуі туралы шағын фильм беріледі.

Сахна ашылады: Көрініс.

Көрініс аяқталған сәтте жүргізушілер шығады:

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Иә, Абай әке үмітін ақтаған, әке үмітін ғана емес, ел алдындағы өзінің перзенттік парызын толықтай орындаған ұлы да, дара тұлға.

Самат Алпамысұлы: Кең дала нұрын шашып маңайына,

Қараймын мақтанышпен Абайыма,

Алдында Ұлжан ана басымды ием,

Теңесер ақылды ару, саналы ермен

Жұлдызы ондай жанның, жанады өрден

Ұлжанды ұлы демей мен кім деймін

Қазаққа

Қайталанбас дана берген! - деп мақтан еткен екен әкесі Құнанбай.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Ендеше, қазақтың мақтанышы болған, әке алдында перзенттік парызын толықтай орындай білген Абайдай данамыздың 175 жылдық мерейтойына орай өткізілгелі отырған «Перзент парызы» атты әдеби сазды кешімізге қош келдіңіздер.

Самат Алпамысұлы: Бүгінгі кешімізге арнайы шақырылған қонақтарымызды таныстырып өтейік.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Халықтық ақындар орталығының жетекшісі, айтыскер ақын, жас ақындарды тәрбиелеуші ұстаз Дәмеш Серікбайқызы Омарбаева

Самат Алпамысұлы: Әнші, актер, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Абай әндерін орындаушы Сыздықов Мырзахан Демесінұлы

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Қаламыздағы Абай атындағы тарихи мемориалдық қорық мұражайының директоры, фғк, доцент, Абай мұраларын зерттеушілердің бірі, абайтанушы Жандос Мағазбекұлы Әубәкіров

Самат Алпамысұлы: Сонымен қатар қаламыздағы бірқатар колледждердің оқытушылары.

Ән «Көзімнің қарасы» Касен Камилла.

Самат Алпамысұлы: Абай туған елін, жерін, тілін, дінін жанындай жақсы көрген нағыз ұлтжанды дана ақын. Абай қолына қалам алып, ғылым мен білімнің ауыр азабын арқалап, өз халқын өркениетті елдердің қатарына қосуға тырысқан, қазақтың рухын көтерген дана қолбасшымыз болғандығы баршамызға мәлім. Сондықтан, Абайды ұлттық жазба әдебиетіміздің атасы деп танып білуіміз керек.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Абай ізінің кіршіксіз ақ жүрегін тербеткен сансыз ойларын тамаша шығармалары мен жалынды жырларының бетінен әр жолынан, әрбір сөзінен бізге соншама ыстық, соншама жарқын леп еседі.
Самат Алпамысұлы: Ол өткен заманның, кешегі түркі дүниесінің соққан тынысы болса да бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды Абай –лебі, Абай - үні, Абай тынысы - заман тынысы, халық үні. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Қазақ жерінің ақыны, данышпаны көп болғанымен Абай біреу - ақ. Абайы бар елдің мерейі үстем.
Самат Алпамысұлы: Ақын тұлғасы дараланған сайын қазақ та биіктей бермек. Сол шыңнан көз жазбау - біздің парызымыз да қарызымыз.
1-оқушы:
Абай 1845 жылы жылан жылында туылып, 1904 жылы 60 жасында Семей уезінің Шыңғыс болысында дүниеден қайтқан.
Абайдың бар өмірі өзі туып өскен Шыңғыс болысы, қазіргі Абай ауданы, бұрынғы Семей облысында өтті. Абай әке жағынан алғанда Тобықтының белгілі шонжары мен батыр биінен тарайды. Оның бабасы Тобықтының биі болған. Абайдың әкесі Құнанбай Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған. Ал, шешесі Ұлжан Бошан руынан тарайды.
2-оқушы:
Әкесі - тілге шешен, ақылға бай, қатыгез, ал шешесі керісінше ағайын-туысқа қайырымды, мінезі жұмсақ, тілге бай адам болған. Міне, сәби шағынан-ақ Абай от пен судай екі ұдай, кереғар мінезді адамдар ортасында өмір кешті. Аяулы әжесі Зере мен анасы Ұлжанның жас бала қиялы мен санасының, мінез-құлқының қалыптасуына әсері мол болды. Ол екеуі айтқан ертегі, аңыз-әңгіме, күлдіргі, мысқыл, ел басынан өткен тарихи оқиғалар зерделі бала-Абайдың санасына біртіндеп сіңе берді. Осылайша, бала Абай өз халқының рухани ой қазынасына қанығып өсті.
3-оқушы:
Абай 10-12 жасында мұсылманша оқып, хат таниды. Ал, 12 жасында Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға түседі. Медреседе жүргенде 14 жасында 3 ай орыстың «приходская школында» орысша сабақ оқыды. Осы 4 жылдық медреседегі және 3 айлық орыс мектептеріндегі оқуы аяқталып, 15 жасында үлкендерден білімі артып, ел ішіндегі жұртты өзіне қаратып, әкесіне көп көмегін тигізеді.

4-оқушы:
Абай 14 жасынан өлең шығарған. Ол жастар арасында кең таралғанымен, оған онша мән бермейді. Абайдың өнерге бет бұруына себепкер орыс достары Грось пен Михаэлис болды. 20 жасында ол от тілді шешен, халық өмірі мен әдетін, билік туралы істі көп білген көсем болған. Мақал, ертегі, нақыл сөздерді тез меңгерген. Жаңа заманның ретімен Абай білімге ден қойып, Араб, парсы, түркі тілдерін үйренді.

5-оқушы:
Абай орыстың ақын-жазушылары – Пушкиннің, Лермонтов, Крылов, Толстой, Тургеневтің еңбектерін оқыған. Олардың шығармаларын оқи отырып, озық ойлы Абай орыс мәдениетін, өнерін, білімін үлгі еткен. Бұл да Абайдың даналығы. Абай кестелі сұлу сөздің иесі, көркем әдебиеттің темірқазығы, өшпейтін жарық жұлдызы. Абай шығармаларын қазақ балалары кімнің алдында болса да, ұялмай мақтанышпен айта алады.

6-оқушы:
Сөздері шарлап қазақ пен әлем арасын,
Абай деп таныр қазақтың байтақ даласын.
Өлеңі бізге рухани азық секілді,
Абайдан биік тұлғаны қайдан табарсың?

Абай - жыршы, ұлы ақыны елімнің,
Жырға қосқан сұлулығын жерімнің.
Абай - сыншы, жақсыменен жаманның,
Қайғы - зарын жырлай білген даламның.

Абай - мұра, ұрпақтан - ұрпақ жалғаған,
Ән мен жыры ел назарсыз қалмаған.
Білім, еңбек, еркіндікті арман ғып,
Жас қауымға сабақ етіп жырлаған.
7 - оқушы
Абай - дана, Абай - дара қазақта,
Оқымаған ұлы Абайды қазақ па?
Қазақ даңқын асқақтатқан әлемге,
Абай теңдес ақын болмас қазақта.

Кеше өткен бұлдыр заман желегі,
Болашаққа Абай үнін тіледі.
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған,
Абай үні бізбен бірге келеді!



Бүлдіршін Қажымұратқызы: Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев қазақ халқының мәдени тарихында ерекше орын алады. Соңында тамаша өлеңдер мен қара сөздер қалдырған Абай тек қана ақын емес, композитор және өз өлеңдерін орындаушы.
Самат Алпамысұлы: Ғасырлар бойы дамыған қазақ ән өнері ХІХ ғасырдың екінші жартысында көркемдік пен кемелдіктің шыңына өрледі. Абай өмір сүрген осы кезеңде қазақта музыканың жазба мәдениеті жоқ еді, халықтық музыка ауыз дәстүрлік қалыпта еді. Сондықтан Абай әндері ауыздан – ауызға, заманнан – заманға ауызша ауыса отырып жетті.
Бүлдіршін Қажымұратқызы: Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі, халықтың жүрегінде сақталуға, сапасы сай келетін шығармалар болғандығында, халық санасынан өшпес орын алғандығында.

Композитор Абай дарынына қанат бітірген, ән нәрімен сусындатқан орта қандай еді? Оның композиторлық өнерінің бұлақ бастауы қайда? Әндерінің сипаты мен тақырыбы қандай?

Самат Алпамысұлы: Бұл жөнінде қонағымызға сөз кезегін берейік, Абай әндерін орындаушы ретінде, бір екі ауыз сөз Мырзахан аға Сіз айтып өтсеңіз.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Сонымен қатар, Мырзахан аға актер ретінде театр Абай мерейтойына қандай дайындық үстінде осы жайында да қысқаша айтып өтсеңіз.

Самат Алпамысұлы: Бүгінгі кешімізге Абай әндерін насихаттаушылардың бірі, әнші сазгер – Тұрсынғазы Рахимовты да шақырған едік, ол кісі іссапармен келе алмай қалды. Алайда бүгінгі кешімізге Абайдың тамаша бір әнін орындап берге өзінің шәкіртін жіберген екен.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Ендеше, әнге кезек берейік. Сахнаға әнші қонағымыз ***

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Иә, халық қазынасының қайнар бұлағынан сусындап өскен Абайдың әрбір шығармасы инабаттылыққа, парасаттылыққа, имандылықпен ізгілікке тәрбиелейтін дүние:

«Қалың елім –қазағым»-деп жұртты білім алуға үндеп,

Самат Алпамысұлы: «Біріңді бірің сыйлап ғибрат етіс» деп адамгершілікке,

Бүлдіршін Қажымұратқызы:«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп еңбекке,

Самат Алпамысұлы: «Өнерпаз болсаң арқалан, сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп өнер –білімге тәрбиелейді. Енді бір сәт данышпан атаның ақындық өнеріне көз жүгіртейік.

Абай шығармалары бойынша шағын лит монтаж.

Самат Алпамысұлы: «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, таңырқа» дейді С. Торайғыров.

Самат Алпамысұлы: Құрметті Дәмеш апай Сіз бүгінде осы бір ақындық деген тамаша бір әлемге шәкірттерді тәрбиелеуде, оларды шыңдауда ерекше еңбек етіп келесіз.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Абайдың ақындық әлемі, оның бүгінгі жас ақындарға берер пайдасы жайлы айтып өтсеңіз.

Дәмеш Серікбайқызы.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: «Абай мұрасы - қазақтың ең қасиетті қазынасы. Абай өзінің халқымен мәңгі бақи бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» - дейді Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев.

Самат Алпамысұлы: Абай мұрасы мәңгілік. Барша қазақ баласы Абайды тануға, білуге, Абаймен мақтануға тиіс. Ұлы ақын өз халқын өркендеген, өскен, еркін халық ретінде көруді арман еткен. Бүгінде біз Абай аңсаған ұлы өзгерістердің куәсіміз, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енуге талпынудамыз.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Бүгін ғұлама 175 жасқа толып отыр, ал оның дүниеден озғанына 111 жыл. Десе де, Абайдың өзі өлгенмен сөзі өлген жоқ. «Өлді деуге сыя ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған”, – дегенді айтқан да өзі еді. Айтқанда да, тауып айтты! Абай – артына өлмейтұғын сөз, өнеге, өсиет қалдырған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ғасырдан-ғасырға асып, туған халқымен бірге жасаса беретін кемеңгер.

Самат Алпамысұлы: Енді Абай мұраларының зерттелуі мен халыққа танылуы барысында қандай жұмыстардың жүргізіліп жатқандығы жайлы зерттеушінің өз аузынан естісек.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Ендеше сөз кезегі Жандос Мағазбекұлы өзіңізде. Мұражайымызда Абайдың тың дүниелері табылып, Абай мұралары толығып жатыр деп те естіп жатырмыз. Сол жайында да айта кетсеңіз.

Жандос Мағазбекұлының сөзі.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Рахмет Сізге, мұражайдың дайындығын білдік.

Мұражайда Көшпелі көрме жұмыс жасап келеді.Оның де бүгінгі ұрпаққа берері мол. Бүгінгі кешімізге осы көшпелі көрмені алып келіп отырған Жандос Мағазбекұлы Сізге айтар алғысымыз шексіз.

Самат Алпамысұлы: Құрметті көрермендер мен кеш қонақтары көрмемен кеш соңында танысуларыңызға болады.

Қазақ биі

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Бүгін барлық Қазақстан Абайдың мерейтойына дайындық үстінде, «Абай тек қазақтың ғана емес, бүкіл шығыс халықтары әдебиеті мен мәдениетінің шамшырағы» деп білеміз.

«Тарих қана, халық қана туатын

Алыптардың арқа тұтпас кім атын?

Ұлы арманын жырлау үшін қазаққа,

Керек болды Абай сынды ұлы ақын!»- деп ақын Жарасқан Әбдірашев жырлағандай қазақ халқының мақтанышы, қазақ жырының тәңірі, қара сөздің зергері Абай Құнанбаев.

Самат Алпамысұлы: Енді біздің колледжіміздің шәкірттері Абайды қаншалықты білетіндігін байқап көрсек.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Көрсек көрейік.

Сұрақ: «Орысша оқу керек,- дейді ол, хикметт те, мал да, өнер де, ғылым да, - бәрі орыста зор. Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмелі керек... Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Орыстың ғылымы, өнері - дүниенің кілті,»- деп, «Мен айтқан жол - мал аяр жол емес» деген тақырыбын берген. Бұл Абайдың қай қара сөзінен алынған үзінді?

(«Жиырма бесінші сөзі»)

Сұрақ: Абай әндерінің біразы өкінішке, күрсініске, өкпеге толы. Жақсысына қуанады, қайғысына ортақтасады, жаманына ренжиді, ұқпағанына өкінеді. Абай жүрегінен «айналасы жұп жұмыр келген» Ән боп төгіледі де

«Қайнайды қаным,

Ашиды жаным

Мінездерін көргенде,» - деп халықтан бірлік кеткенін, ел іргесі тозып бара жатқанын ащы өкінішпен айта келіп, осының себебін іздейді де,
Ол: «Ауырмай тәнім,

Ауырды жаным

Қаңғыртты қыста басымды,» - деп іштегі запыранын әнмен төгіп – төгіп алды.
Осы өлең жолдары Абайдың қай әнінен алынған? («Сегіз аяқ»)
Сұрақ: Поэманың тақырыбы әділдік пен жауыздықтан құрылған. Ғұлама ғалым арқылы жауыздығын өзіне мойындатып, қан төгуден бас тартқызған Абай поэмасын ата? (Ескендір)

Сұрақ: Абай аудармасынан бір сұрақ беремін.

Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әні кімнен аударылған? (Лермонтов)
Сұрақ: «Жас бала да анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі-ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады, бұлар – тәннің құмары, екіншісі – білсем, көрсем, үйренсем екен дейді, бұл – жан құмары...»
Осы үзінді Абайдың нешінші қара сөзінен алынған? («Жетінші»)
Сұрақ: «Қазақтың классик әдебиетінің атасы, қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі,» - деп аса көрнекті жазушы баға берген. Ол кім? (Әуезов)
Рахмет, Абайды оқып, Абайды танып білудің еш зияны жоқ. Біздің колледжімізде Абайтану үйірмесі жұмыс жасап, осы үйірме төңірегінде Абай шығармаларын танып білуге, оны талдауға мүмкіндік бар.

Абай «Желсіз түнде жарық ай»

Самат Алпамысұлы: Қазақ деген ұлт өлмейінше, Абайдың есімі де, оның мұрасы да өлмек емес.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Абай - әлемі ұлы қазына, біз тек ақын шығармашылығының аз ғана бөлігін қамтуға мүмкіндік алдық. Бүгін ХХІ ғасырдың басында біз Абайдың шығармашылығынан қазаққа қажет руханилықты табамыз. Бізден кейінгілер де өздеріне қажетін табатыны сөзсіз. Себебі Абай – адамзат ақылманы.

Самат Алпамысұлы: Ол қалдырған күй даланы кернейді,

Ұшқан оттай құс қанатын сермейді.

Тыңдар құлақ тығындалып қалмаса,

Басқа өлсе де, Абай сөзі өлмейді.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Келесі кезекте үш түрлі көзқарас стратегиясы бойынша пікір тыңдап көрсек.

Самат Алпамысұлы: Абай атамыздың мерейтойын тойлаудың бұл басы десек, алдағы уақытта ол қандай деңгейде өткенін қалайсыздар. Көзқарастарыңыз.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Олай болса, бірінші зиялы қауым өкілдері Сіздер алдағы уақытта Абай тойы қалай тойланады деп ойлайсыздар.

Самат Алпамысұлы: Келесі кезекте біздің бүгінгі іс шарамызға қатысып отыған ұстаздар қауымы Сіздер де тіл мамандары болғандықтан, өз колледждеріңізде қандай деңгейде тойланады деп ойлайсыздар.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Біздің шәкірттеріміздің ойы қандай, алдағы 175 жылдықтың қалай тойланады деп ойлайсыздар.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Пікірлеріңізді тыңдадық, пікір тілектеріңіз қабыл болып, елімізде тек той болуға жазсын.

Самат Алпамысұлы: Абай - дүние жүзі мойындаған данышпан екендігі баршамызға мәлім. Біздің колледжімізде Ауғанстан мемлекетінен алты студент келіп мемлекеттік тілде білім алуда. Олар да өз мемлекеттері Абайды білетіндіктерін, оның даралығы мен даналығына бас иетіндіктерін айтуда.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Бүгінде Абай туған қасиетті мекеннен білім алып жатқан, олар қазақ тілінде сөйлеп, тіпті қазақ тілінде ән де айтуды үйренді. Ендеше солардың бірі Фазли Саид Абдул Қаһарды сахнаға шақырамыз.

Абдул «Қазақтай ел қайда» әнін орындайды.
Бүлдіршін Қажымұратқызы:Иә, қазақтай елдің дархандығы мен даналығы әлемге Абайдың кемеңгерілігімен танылды. Ал, осы дана да, дара Абайдың артына қалдырған мол мұрасын зерттеп, зерделеу, жас ұрпақтың бойына сіңіру, оны танып білу, біздің перзенттік парызымыз.

Самат Алпамысұлы: Абай Әлемін бүкіл дүниеге таратушы кемеңгер Ұлы Мұхтар Әуезов «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Бүлдіршін Қажымұратқызы: Ал біз Ұлы ғұлама тереңіне бас қойғанымызбен тек қана сол тереңнен дәм таттық қой деп ойлаймын.

Самат Алпамысұлы: Сол себептен оқудан, білуге ұмытушылықтан, ізденуден жалықпайық.

Бүлдіршін Қажымұратқызы: Бүгінгі кешімізге қатысқан қонақтарымызға алғысымызды білдіре отырып, Абай елінің тумасы, өз елінің патриоты, Абай шығармаларын қалт жібермей оқып, насихаттап, өнерді, әдебиетті, мәдениетті, тарихты аса қардірлеуші, колледжіміздің директоры Думанғазы Семейғазыұлына қорытынды сөз кезегін береміз.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі