Нұрсұлтан Назарбаев

  Нұрсұлтан Назарбаев

Кітап — ең сабырлы ұстаз.

Өзінің биік, таза, рухани қасиетімен Кітап — мәдениет пен руханиятты қорғауда теңдесі жоқ қару болып табылады.

Саясат безбеншісі - ел.

Көпұлттылық - қоғамның кемшілігі емес, артықшылығы.

Біз әлемдік мәдени құндылықтармен үндес жаңа заманғы қазақтың озық мәдениетін қалыптастыруымыз керек.

Ұлт өзінің мемлекетінсіз - ұлт болып өмір сүре алмақ емес.

Саясаттың негізгі мақсаты - адам, қоғам, ел қамы.

Қазақ даласы – Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы.

Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады.

Кеше болмағанның бүгін болуы мүмкін, бүгін болмағанның ертең болуы мүмкін, бірақ ана тіліне мән бермеушіліктің, оны құрметтемеудің орны толмас олқылық­тарға соқтыратыны сөзсіз.

Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде.

Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.

Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек.

Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман.

Ең сенімді валюта - адамның еңбегі, мұны есте сақтау керек.

Нағыз патриот - өз елін мақтайтын емес, нағыз патриот кемшіліктерді байқап, оларды түзеуге ықпалдасатындар.

Білімді дамыта алмайтын елдің болашағы жоқ.

Адамдарға ақыл-парасат өз өмірін жақсарту үшін берілген.

Қазір - ынтымақтасу мен іскерлік кезеңі. Қазір адамдардың өмірін жақсартуға бағытталған шағын қадамдың өзі шалқыған даңғаза ұраншылдық пен үдере үндеушіліктен әлдеқайда маңызды.

Уақытты таңдамайды - онда өмір сүреді.

Бүгiнгi өз келешегiне бет алған тәуелсiз Қазақстан – бұл бiздiң ортақ жетiстiгiмiз, бұл бiздiң ортақ мақтанышымыз! Өз сөзiмдi аяқтай келе, мен бүкiл көпұлтты Қазақстан халқына отансүйгiштiгi мен ел игiлiгi және елiмiздiң Тәуелсiздiгi жолындағы жасампаздық еңбегi үшiн алғысымды айтқым келедi.

Жаһандық әлем өңiрлер бойынша бiрiгуде – бұл қазiргi дүниеде аман болудың шарты да. Бiз озық болдық, бiз мұны белсендi түрде жүзеге асырдық, бiз сөйтiп табысқа қол жеткiздiк.

Бiздiң толерантты да iскер халқымыз жылдан-жылға әлемге өзiнiң оң табыстарын, өзiнiң алға үздiксiз iлгерiлеуiн паш еттi. Және де айрықша қазақстандық артықшылығымыз мынада болды, бiз революциялық дiлмарсуға ұрынбадық.

Қазақстанның егемен, тәуелсiз мемлекет ретiнде орныққаны айқын болып отыр. Бiз әлемдiк қауымдастыққа абыройлы кiрiгiп, өз айналамызда қолайлы халықаралық ахуал қалыптастыра алдық, әлемнiң жетекшi елдерiмен саяси, экономикалық және мәдени салаларда ынтымақтастықты жолға қоя бiлдiк.

…бiздiң жеке шаңырақ көтергеннен кейiнгi жанкештi еңбегiмiздiң, толағай табысымыздың ең толымдысы әрi баға жетпес құндылығы, ел егемендiгiн баянды етудiң берiк қамалы, Тәуелсiздiк жүрегiне қан жүгiрткен сарқылмас қуат көзi.

Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тiккен адаммын. Маған ары үшiн жанын садаға ететiн осындай тектi халыққа, менi ұлым деп, перзентiм деп төбесiне көтерген халыққа, арғы-бергiдегi қазақ баласының бiрде-бiрiнiң пешенесiне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсiз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенiң керегi жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабiлетiмдi, бiлiм-бiлiгiмдi аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын.

Қиындық атаулыны жеңетiн бiр-ақ күш бар, ол – бiрлiк. Елiңдi, жерiңдi қорғау үшiн бiрлiк қаншалықты қажет болса, Тәуелсiздiк жемiстерiн, бүгiнгi қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшiн де ол сондай қажет.

Тәуелсiздiгiмiздi көздiң қарашығындай сақтап, мемлекетiмiздi нығайта беру үшiн бiзге ең әуелi бiрлiк қажет.

Шынын айту керек, азаттық жолы – кедiр-бұдыр, Тәуелсiздiк соқпағы – соқтықпалы. Қиындық көп. Алынар асулар да ауыр. Ынтымағымызды ыдыратпай, бiрлiгiмiздi божыратпай жұмыла бiрiксек, ауыр жүгiмiздiң жеңiлдерi анық.
Бұл сөздерiмдi мен ең әуелi өз халқыма – қазақтарға, қала бердi күллi қазақстандықтарға арнап отырмын.
Мен елге сенемiн. Елiм де маған сенедi деп ойлаймын… Өйткенi сөзiмiз – адал, iсiмiз – ақ.

Дүниеде тәуелсiз Қазақ елi бар;
Әлемде егемен Қазақстан бар;
Оның көпұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар;
Қуатты экономикасы, сенiмдi саяси жүйесi бар;
Ең бастысы – бүгiннен нұрлы, бүгiннен кемел болашағы бар;
Сол күнге берiк сенiмi бар!

Тәуелсiздiк бiзге ең жанды мәселелердi шешуге – Семей ядролық сынақ полигонын жабуға, жан-жақты экономикалық реформаларды жүргiзуге, экономикадағы терең құрылымдық сәйкессiздiктi жоюға, елдiң табиғи ресурстарын халық игiлiгiне жұмыс iстеуге мүмкiндiк туғызды. Тәуелсiздiк дәстүрлi мәдени құндылықтардың ыдырауын тоқтатуға, қазақ тiлiн өркендетуге көмектестi.

Бiздiң айқын да сындарлы iс-қимыл стратегиямыздың, ниеттестер командасының ынтымақшыл жұмысының, бiздiң отандастарымыздың жанқиярлық еңбегi мен толайым қолдауының нәтижесiнде Қазақстан мемлекеттiлiгi толық орнықты!

Бiз Тәуелсiздiктi ұлтты сақтау мен өркендетудiң түп негiзi ретiнде, аса ұлы құндылық ретiнде қарастырамыз. Ол мемлекеттiлiктi қалпына келтiрудiң, дербес дамуға деген қабiлеттi дәлелдеудiң және өткен кезеңдерде қордаланған проблемаларды еңсерудiң тарихи мүмкiндiгiн бердi.


Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шыңдап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар, салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашан да достыққа адал болса, бауырмал, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік.

Тәуекелi тұратындардың ғана қолы жетпесе Тәуелсiздiк бола ма? Азаппен, арпалыспен келмесе Азаттық бола ма? Оңайлықпен келсе оның қадiрi бола ма? Қадiрi жоқ нәрсе қолда ұзақ тұра ма?

Өз Тәуелсiздiгiн алған соң Қазақстан Республикасы дәл осы Пирамиданың жақтарындай болып дүниенiң төрт бұрышына бiрдей айқара есiк ашты. Адамзаттың бәрiн ұлтына, дiнiне, нәсiлiне қарамай теңдей көрiп, ыстық құшағына алды.

Тәуелсiздiктiң бiздiң бәрiмiзге артар мiндетi мол. Ендi еңселi ел болудың жолына шындап түсуiмiз керек. Әулетiмiздiң асуы да, дәулетiмiздiң тасуы да өз қолымызда. Тарих көшi ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елiмiзде дәулеттi де сәулеттi өмiр орнайтынына кәмiл сенемiн.

Тәуелсiз Қазақстанның ең алғашқы күндерiнен бастап мен принциптi түрде адамдарды партократтар мен партократ еместерге, коммунистер мен коммунист еместерге бөлген жоқпын. Мен өзiм де сол жақтан шыққанмын, демек, мен мұны ешкiмге айып етiп қоя алмаймын.

Бiз ата-бабаларымыздың аңсар-арманына қол жеткiзiп, мыңжылдықтың түйiскен тоғысында тәуелсiз мемлекет құрдық.

Бiздiң халқымыз үшiн тұрақтылық, келiсiм, теңқұқылық басты құндылықтар екенiн әрдайым ұстау керек.

Дана халқымыз қателiктерiмiздi түсiнедi, оларды кешiре де бiледi. Халық кешiрмейтiн бiр-ақ нәрсе бар, ол – елдiң қолына зарықтырып барып қонған Бақыт құсынан, Тәуелсiздiктен айрылып қалуды кешiрмейдi. Егер бiз Тәуелсiздiктен айрылсақ, бiзге кешiрiм жоқ.

Ең бастысы – адам факторы: оның еркi, күш-жiгерi, табандылығы мен бiлiмi. Өркендеп даму мен тәуелсiздiкке аттар табалдырықтың алтын кiлтiн де осы шамадан iздеген жөн.

Халқымызды пиғылы бұзықтардың қанды құрсауынан құтқару үшiн қаншама бабаларымыздың осы Тәуелсiздiк үшiн қаны төгiлдi. Ендi, мiне, олардың арманы орындалды. Тәуелсiздiк алу бiр басқа да, оны нығайту оңайға түскен жоқ. Экономиканы нықтау, шекараны бекемдеу және халықтың әл-ауқатын көтеру сияқты күрделi мiндеттер алдымызда тұрды. Осының бәрiн жақсыға шешу қолымыздан келдi.

Ұлттық бiрлiк – бiздiң стратегиялық таңдауымыз.

Тәуелсiздiктiң кезектi жылдығын атап өту бiзге ең алдымен той тойлау үшiн емес, ой ойлау үшiн керек. Тәуелсiздiктiң тайғақ кешулi жолында алдымыздан шығатын асу-асу белдер де болады. Ұлттың ұлан асуында ұйытқи соғатын желдер де болады. Сол асу-асу белдерде белiмiздi талдырмауымыз керек. Сол ұйытқи соғатын желдерде ұлы мұраттарымызды ұмыт қалдырмауымыз керек. Нағыз Тәуелсiздiкке қиын iсте тәуекелге бара алатындардың ғана қолы жетедi.

Дүние жаһандық, өзара тәуелдiлiк сипат алды: жаһандық әрiптестiк үстемдiк ету үшiн бұл таным бiздiң берiк принципiмiзге айналуы тиiс.

Бiз тәуелсiздiктi ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын.

Тәуелсiздiктiң алғашқы жемiстерiн көргенге дейiн Қазақстанға мемлекеттiк өзiн танытудың тар жол, тайғақ кешуiнен өтуге тура келдi.

Қазақстанның Тәуелсiздiгiнiң болашағы үшiн, өсiп-өркендеуі үшiн, нығаюы үшiн қазақтың – өзiмiздiң ұлттың бiрлiгi керек.

Тәуелсiздiктiң тар жол, тайғақ кешуiнен, беттен қағар желiнiң есуiнен тайсалмауға тиiспiз.

Тәуелсiздiк – тарихтың мәңгiге бөлiп берген еншiсi емес, халықтардың мамыражай өмiр сүруiне берiлген кепiлдiк те емес: аңғал болмағанымыз абзал.

Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы.

Тәуелсiздiк туын тiгуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек.

Бiз ендi ешкiмнiң қолтығының астында жүрмеймiз. Бiздiң ел ендi ешкiмге кiшi iнi болып, тiзiмге қосылмайды. Бiз еркiн ел болдық.

Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын.

Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қауымдастықтағы беделінің өсуіне қызмет етуге парыздармыз.

Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзiнiң егемендiгi мен тәуелсiздiгi үшiн күресiп келдi. Өзiнiң ең жақсы қасиеттерiнiң: қатер төнген сәтте бiрiгiп, ұйымдаса бiлуiнiң, сондай-ақ басқа халықтармен бейбiтшiлiк, келiсiм мен тату көршiлiк жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзiнiң мемлекеттiгiн қалпына келтiре алды.

Тәуелсiздiктiң қайта оралғаны – бiздiң ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресiнiң заңды өтеуi. Жаратқан иенiң жасаған әдiлдiгi. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жердi ақ найзаның ұшымен, ақ бiлектiң күшiмен қорғап қалғанының арқасы. Мұндай жер болмаса, мұндай елде болмас едi.

Тәуелсiздiктiң негiзгi мәнi – тарихтың жаңа бетiн өз еркiңмен, өз шешiмiңмен бастауда болса керек. Тәуелсiздiк бiзге жаңа жолымызды, өзiмiздiң соны соқпағымызды табуға зор мүмкiндiк ұсынды.

Тәуелсiздiгiн жаңадан алған елдердiң көптеген ғасырлық тарихы бар немесе тәуелсiздiгiн елу жыл бұрын алғандарға қарағанда өзiнiң саяси инфрақұрылымында, саяси дәстүрi мен мәдениетiнде төзiмдiлiк сапасы төмендеу екенiн естен шығармаған жөн.

Тәуелсiздiктiң әрбiр жылының бiз үшiн мәнi бөлек, маңызы айрықша.

…Тәуелсiздiк – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетiн арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты.

Қазақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды.

Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі тіл.

Арпалыспен келмесе, шынайы азаттық бола ма? Оңайлықпен келсе, оның қадірі бола ма? Қадірі жоқ нәрсе қолда ұзақ тұра ма?

Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен, беттен қағар желінің есуінен тайсалмауға тиіспіз.

Білім — кітапта. Қазіргі таңда балалардың көбісі компьютерде отырады. Сондықтан, болашақта кітап оқығандар компьютерде отырғандарды басқарады.

Әлем әдебиетіндегі әйгілі жүз кітапты емін-еркін бар бояуымен төгілтіп түсіретін тіл – қуатты тіл, қазақ тілі – сондай тіл.

Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?