14-сабақ. Нәтиже сабақ. Мен не үйрендім? Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
14-САБАҚ
Сабақтың тақырыбы: Нәтиже сабақ. Мен не үйрендім?
Сабақтың мақсаты:
1.1 Тыңдаған материалдың мазмұнын түсіну
3.1.1.1* анық айтылған сөзді тыңдап, түсінгені бойынша қарапайым нұсқауларды орындау.
3.1 Оқу түрлерін қолдану
3.3.1.1* мәтінді немесе оның бөлімдерін мәнерлеп оқу, шолып (танысу мақсатында) оқу/рөлге бөліп оқу.
4.5 Орфографиялық дағдыларды дамыту
3.4.5.1 жаңа сөздерді орфографиялық сөздіктерге сүйеніп дұрыс жазу.
Сабаққа қажетті ресурстар: интербелсенді тақта, таныстырылым, үлестірме смайлик суреттері, түрлі түсті қарындаштар немесе фломастерлер.
Сабақтың соңында оқушылар нені үйренеді:
- Сөздер мен сөйлемдердің мағынасына сәйкес әрекет жасайды.
- Мәтінді мәнерлеп оқиды.
- Сөздерді сауатты жазады.
Сабақтың басы
Үй тапсырмасын тексеру. «Ашық микрофон» әдісі арқылы оқушылар кезекпен-кезек қолына микрофон ұстап, «Суретші болғым келеді» тақырыбында дайындаған әңгімелерін айтады.
Ой қозғау. «Өткен сабақтарда қандай атақты тұлғалармен таныстық? Олар несімен танымал? Танымал болу үшін не істеу керек?», – деп, оқушылардың назарын сабақ тақырыбына аударып, оларды коммуникативтік қатынасқа тартыңыз.
Сабақтың мақсатымен таныстыру. Оқушыларды сабақтың мақсатымен таныстырасыз. Сабақ мақсатын интербелсенді тақтадаға шығарып қоясыз:
- Тыңдаған материалдың мазмұнын түсіну, соған сәйкес әрекет жасау.
- Мәтінді мәнерлеп оқып, берілген тапсырмаларды орындау.
- Сөздерді дұрыс жазу.
Тыңдалым. Оқушыларға мәтінді мұқият тыңдауды тапсырыңыз. Тапсырма бойынша олар жасырылған тұлғаны анықтап, жауабын картаға жазып көтерулері немесе суретін көрсетулері керек. Таныстырылымда Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Дина Нұрпейісова, Абай Құнанбайұлы, Бауыржан Момышұлы, Әбілхан Қастеев суреттері беріледі. Дескриптор: сипаттама бойынша жасырылған тұлғаны анықтайды.
Тапсырманы орындап болған соң, оқушыларға өз-өздерін смайликтер арқылы бағалауды тапсырыңыз.
Жазылым. Оқушыларға сөздік диктант жаздырыңыз. Диктантқа «Атақты тұлғалар» тарауы бойынша таныстырылған жаңа сөздерді алыңыз: туынды, күйші, тұңғыш, мүсінші, суретші, тұлға, жұмыс, дарынды, атақты, ірі, ұстаз, ғалым, зерттеу, білімді, әңгіме, жаңалық, батыр, жазушы, балуан, жеке, танымал, әлем, ақын, ұлы, шығарма, аудар, дара. Сөздердің дұрыс/бұрыс жазылуын орфографиялық сөздік негізінде тексертіңіз. Кез келген 2 сөзбен сөйлем құрап жазуды тапсырыңыз. Дескриптор: сөздерді есту арқылы қатесіз жазады; сөздікпен тексеру арқылы қатесін түзетеді; сөйлем құрауда сөздердің орын тәртібін сақтайды; сөздерді лексика-грамматикалық нормаға сай жазады.
Сергіту сәтін «Менің арманым» тақырыбында ұйымдастырыңыз. Оқушылардан: «Өскенде кім болғыларың келеді?», – деп сұраңыз. Жауаптарын суретпен беруді тапсырыңыз. Оқушылар армандаған мамандықтарының суретін салып көрсетулері керек. Салынған суреттер бойынша бір-бірінің армандаған мамандығын табулары қажет. Дұрыс жауаптар «Шапалақ» әдісі арқылы бағаланады.
Оқылым. Жазылым. Оқушыларға мәтінді мәнерлеп оқуды тапсырыңыз. Мәтінге тақырып қоюды сұраңыз. Мәтіндегі және өткен сабақтардағы ақпаратты пайдалана отырып, кестені толтыруды тапсырыңыз. Дескриптор: мәтінді мәнерлеп, қатесіз оқиды; кестені дұрыс толтырады.
қазақтың тұңғыш ғалымы | қазақтың тұңғыш ұстазы | қазақтың ұлы ақыны |
... | ... | ... |
қазақтың батыр-жазушысы | қазақтың атақты суретшісі | қазақтың атақты күйшісі |
... | ... | ... |
Жалпы сабақ нәтижесі бойынша бір-бірін «Екі жұлдыз, бір тілек» әдісі арқылы бағалауды сұраңыз.
Үй тапсырмасы. Үй тапсырмасы ретінде оқушы өлкесінен шыққан атақты тұлға туралы ақпарат жинап, фотоколлаж дайындауды тапсырыңыз.
Рефлексия. Оқушылардан сабақтан алған әсері туралы сұраңыз. Көңіл күйін қай жапырақ түсіне теңейтінін анықтаңыз. Сабақты өте жақсы меңгерсе – жасыл жапыраққа, жақсы түсінсе – сары жапыраққа, ал түсініксіз болса, қызыл жапыраққа стикер қалдыруды сұраңыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру