Нәтиже сабақ №12 сабақ. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ
3-сынып (Орта мерзімді оқу жоспары бойынша)
3-тарау. Уақыт
11-сабақ. Нәтиже сабақ
Бұл сабақта оқу мақсаттарына сәйкес оқушылардың оқылым және айтылым дағдылары дамытылады. Оқыған мәтін мазмұны бойынша құрылымын сақтай отырып, сұрақты дұрыс құрастыра білу дағдылары бағаланады. Бөлім бойынша нәтиже сабақ болғандықтан, тақырып бойынша сөздерді қолдана білулеріне мән беріледі. Диалог барысында сұрақ қоя білу, сұраққа жауап беру сияқты тапсырмаларды орындайды. Грамматикалық минимум ретінде сөйлемдегі сөздердің байланысын сақтап сөйлеу және жазуға мән беріледі.
Оқушылардың барлығы: оқыған мәтіннің мазмұнын түсінеді, қолдау арқылы диалогқа қатысады
Оқушылардың көпшілігі: оқыған мәтіннің мазмұны бойынша сұрақтар құрастырады, тақырып бойынша диалогқа қатысады, сөйлемдегі сөздерді дұрыс байланыстырады
Оқушылардың кейбірі: кейіпкердің әрекетін бағалауға қатысты сұрақтар құрастырады, тақырып бойынша ойын сауатты жеткізеді
Мұғалімнің сабақалды дайындығы: (дидактикалық материалдарды қараңыз)
Ресурстарды дидактикалық материалдардан оқушылар санына қарай көбейтіп алыңыз.
Мұғалімнің сабақ барысындағы әрекеті:
Сабақты оқушылардың қызығушылығын ояту мақсатында әрі тақырыпқа қатысты сөздерді қаншалықты түсінетіндіктерін тексеру үшін «ИӘ» және «ЖОҚ» ойынын ойнатыңыз. «ИӘ» және «ЖОҚ» ойынын ойнатыңыз. «ИӘ» және «ЖОҚ» сөздері жазылған екі қағаз қарама-қарсы қойылған екі орындыққа қойылады. Оқушыларды екі топқа бөлу. Оқыған мәтіннің мазмұны бойынша дұрыс және бұрыс ақпарат айтылады. Мұғалім бір сөйлемді оқыған кезде, екі топтан бір-бір оқушы ортадағы орындықтың біреуіне жылдам отыруы керек. Дұрыс жауапқа сәйкес орындыққа көбірек отырған топ жеңіске жетеді.
Бұдан кейін сабақтың тақырыбы мен мақсаттарын оқушыға түсінікті тілмен айтып кетіңіз. Сондай-ақ сабақ барысында қажетінше естеріне салып отырыңыз.
1-тапсырманы әр оқушы өздігінен орындайды. Санмен жазылған уақытты сөзбен сәйкестендіреді. Бұл тапсырманы орындатудағы мақсат- оқушылардың уақытқа қатысты сөздерді қаншалықты түсінетіндіктерін, сан есімдерді ажырата алатындықтарын тексеру.
Орындап болған соң, көршілерімен ауысады. Тақтадағы дұрыс нұсқамен бір-бірінің жауаптарын тексереді. Қабылдау деңгейлері жоғары оқушылар ауызша сөйлемдер құрап айтуларына болады.
2-тапсырманы «Ортақ пікірге келу» әдісін қолданып, тақырып бойынша сөздерді қолдана білу білу дағдысын дамытыңыз.
Оқушылар 4-5 оқушыдан топта жұмыс істейді. Әрбір топқа ортасына шеңбер салынған үлкен парақ беріледі. Оқушылар төмендегі сұрақты талқылайды.
- Жақсы демалыс деген не?
Әрбір оқушы өз идеясын ешкімге көрсетпей, қағаздың бұрышына жазады. Барлығы жазып болғаннан кейін, топ жазған барлық идеялардың ішінен бес ең маңызды идеяны таңдайды. Бұл бүкіл топпен келісіп шешіліп, шеңбердің ортасына жазады. Топта талқылап болған соң, жұмыстарын сыныпқа ұсынады. Өз ойларын айту барысында тірек сөздерді қолдануларын ескертіңіз.
Біздің ойымызша, ...
Біздің пікірімізше, ...
Біз ... деп ойлаймыз.
Топтардың жауаптарына өзіңіз кері байланыс беріңіз. Тақырып бойынша сөздерді дұрыс қолданғандарын, сөйлемдерді дұрыс алғандарын, ұсыныс болып жатқан жағдайда, ұсынысыңызды айтып кетіңіз.
Келесі тапсырмада оқылым дағдысы дамытылады және бағаланады. Мәтінді оқиды және мәтін бойынша сұрақтар құрастырады. Тапсырманы түсіндіргеннен кейін, дескриптормен таныстырыңыз. Тапсырманы орындауға оқушыларыңыздың деңгейлеріне қарай белгілі бір уақыт беріңіз. Уақытпен жылдам әрі нәтижелі жұмыс жасай білуге дағдыландырыңыз.
Мәтіндегі сөздер қиын емес, балаларға таныс болғандықтан, мәтінді өз бетінше оқуларына мүмкіндік беріңіз. Орындап болған соң, «Балмұздақ таяқшалары» әдісімен 5-6 оқушының жауаптары тыңдалып, дескриптор бойынша бағаланады. Сыныптастарының бағалағаны дұрыс болады.
4-тапсырманы оқушылар жұпта орындайды. «Сұхбат" ойынын ойнату арқылы оқушылардың тақырыпқа сай қарым-қатынасқа түсу, яғни сұрақ қою және сұраққа жауап беру сияқты дағдыларын дамытып әрі бағалай аласыз. Бағыттау мақсатында сұрақтар ұсыныңыз. Оқушыларды жұпқа бөлгенде, қабілеттері әртүрлі оқушыларды жұптастырыңыз. Бұл тәсіл арқылы саралауды жүзеге асыра аласыз. Қабылдау деңгейлері жоғары оқушылар қасындағы жұбына қолдау көрсетеді. Сыныптастары екі-үш жұптың сұхбаттарын тыңдап, пікір айту арқылы бағалайды.
5-тапсырмада сұхбат нәтижесінде көршісі туралы 3-4 сөйлемнен тұратын ақпарат айтады. Сөйлеу барысында әр оқушының тақырыпқа қатысты сөздерді орынды қолдана білулерін, сөйлем құрылымын сақтап, сауатты сөйлеулерін, жалғауларды дұрыс қолдана білулерін тексере аласыз. Үшінші жақта жіктік жалғауларын дұрыс қолдана білуге жаттығады. Бірнеше оқушының жауабын тыңдаңыз. Жауап беру кезінде «Қате, дұрыс емес» деген сияқты оқушының ынтасын түсіретін сөздерді қолданудан аулақ болыңыз. Оқушы жауап беріп болған соң, сұрақ қою арқылы өз қатесін түзетуіне мүмкіндік беріңіз. Оқушылар сыныптастарының жауаптарын «Шапалақ» әдісімен бағалайды.
1 шапалақ – «өте жақсы»
2 шапалақ – «жақсы»
3 шапалақ – «орташа»
Сонымен қатар бағалау кезінде, неліктен олай бағалағанын түсіндіріп кетулерін сұраңыз.
Мысалы, мен «жақсы» деп бағалау себебім: көршісі туралы ақпарат айтты, сөздерді дұрыс айтты, бірақ сөйлем құрылымын сақтауда қателер жіберді. «Шапалақ» әдісін қолданғанда барлық оқушының бір уақытта шапалақтағаны қажет емес, бір оқушының бағалауын сұраңыз. Сосын екінші оқушы бағалайды.
Соңғы тапсырмада сурет бойынша әңгіме құрап жазады. Әңгімеге тән ерекшелікті сұраңыз. Суретке қатысты сөздер тарау барысында меңгерілгендіктен, тірек сөздер бермеуіңізге болады. Ал сыныпта деңгейлері төмен оқушылар болған жағдайда, тірек сөздер беріңіз.
Үй тапсырмасын түрде түсіндіріңіз. Келесі сабақ бөлім бойынша жиынтық бағалау болатындықтан, тарау бойынша өтілген сөздерді қайталап келуді тапсырыңыз.
Сабақ соңында сабаққа рефлексия жасатыңыз. «Табыс сатысы» арқылы оқушы өзінің қай сатыда тұрғанын айтады, себебін түсіндіреді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру