Қазақша өлең: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (Сайын батыр) » ZHARAR © 2016 | мәшһүр жүсіп көпеев Сайын батыр өлең стихи на казахском машхур жусуп копеев казакша олен, мәшһүр жүсіп көпеев өлеңдері, стихи на казахском языке машхур жусуп копеев, мәшһүр жүсіп көпеев өлеңі, Сайын батыр




  • »

Қазақша өлең: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (Сайын батыр)

Қазақша өлең: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (Сайын батыр) казакша Қазақша өлең: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (Сайын батыр) на казахском языке

Бұрынғы елдің барында,
Өткен елдің заңында,
Сол елдердің тұсында,
Ноғайлы деген халық өтті.
Үш шарбақты кент өтті,
Ноғайлының үш кенті,
Заманында жарлы өтті,
Ауыр дәулет мал кетті.
Жарлылықтың зары өтті,
Халқы жарлы болған соң,
Әжептәуір жігіттің,
Ақ бетінен қан кетті.
Жап-жалаңаш болған соң,
Әйелінен ар кетті.
Үш шарбақты ол кетпес,
Кірлі киім кимеген,
Жортақы атқа мінбеген,
Аллаға тілі тимеген,
Түстік жерге жүрмеген,
Бес уақытта ақ намаз,
Біреуін қаза қоймаған,
Бір Құдайды ойлаған,
Ноғайлының халқында,
Сондай бір бай болмаған.
Өз алдына шәр болған,
Қара басы хан болған,
Байлығы жұртқа заң болған.
Тоқсан қара құлы бар,
Тоқсан тоғай малы бар,
Дүниеқор сол байдың,
Дүниеде жалғыз зары бар.
Дүниеқор Бозмұнай,
Өз алдына шәр болған.
Алпыс жастан өткенше,
Құдай қосқан қосағы,
Елу жастан өткенше,
Бір перзентке зар болған.
Елу жасқа келеді,
Өкшесі бір қанамай.
Еміреніп сүймеді,
Жаңа иіс-ті баланы-ай!
Елде тәуіп қоймады,
Тәуіптің бәрі жиылып,
Кең сарайға орнады,
Сөйтсе де перзент болмады.
Бір уақыттар болғанда,
Жылқыда жүрген тоқсан құл
Қымыз ішіп, мас болды.
Мастығымен тек тұрмай,
Үйдегі баймен қас болды.
Мұнда құлдар кеңесті,
Төбеде тұрып сөйлесті.
Сөйлескенде не десті:
- Қызыл шапан кимедік,
Қырыншыл ат мінбедік.
Ноғайлының керме қас,
Қыздарын құшып сүймедік.
Дүниенің көріп қызығын,
Жігіттік дәурен сүрмедік,
Өтерін жалған білмедік.
Мына жүрген Бозмұнай,
Бізді ұлындай көрмеді.
Бүлініп (бөлініп) жатқан малынан,
Бізге қалың бермеді.
Ертеңменен бай келсе,
Екі қолын байлалық,
Кірерге көрін сайлалық!
Бозмұнайды өлтірсек,
Біз сәтіне келтірсек,
Тоқсан тоғай жылқыны,
Тоқсан бөліп алалық.
Бұл сықылды тегін мал,
Қайдан да іздеп табалық.
Қарағай найза сықылды,
Қарсы шабар ұлы жоқ.
Артынан іздеп келетін,
Қатарланған халқы жоқ.
«Құл кеңесіп жатыр!» - деп,
Байға айтқан кісі жоқ.
Онымен байдың ісі жоқ.
Бір замандар болғанда
Ертеңменен бай тұрды,
Арқаннан атын алдырды,
Алтынды ер мен жүгені
Тоқымыменен салдырды.
Қара тонын белсеніп,
Қас патшадай теңселіп.
Боз жорға атты пайқалтып,
Жылқының алдынан шықты шайқалтып.
Қара басы хан болған,
Өз алдына шәр болған,
Тоқсан кұлдың біреуі,
Бүгіліп сәлем бермеді,
Байды көзі көрмеді.
Сонда бай бір тұрып бұрқанды ,
Буырқанды, бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды,
Тоқсан құлдың бірінің,
Атын атап шақырды.
Ашуменен Бозмұнай,
Қырармын деп ақырды.
Шетте жүрген бір құлын
Бай шақырып алады.
Қолға түскен сол құлды,
Ашумен бай сабады.
Біреуін сабап жатқанда,
Тоқсан құл байды қамады.
Жаңбырдай құрық жауады.
Басына таяқ тиген соң,
Жалғыздығын білген соң,
Өзінің құлы ұрған соң,
Боз аттың басын бұрмалап,
Сарай қашты «Алла-лап!»
Ойбай салған даусына,
Жер күңіреніп барады.
Үйде тұрған бәйбіше,
Құлағы естіп шалады.
Сарайдан шықса жүгіріп,
Келеді екен Бозмұнай
Өз жанынан түңіліп.
Атының келіп Бозмұнай
Теріс жағынан құлады,
Жер бауырлап сұлайды.
Қосағымен екеуі,
Әнін қосып жылайды.
Ойбай салған даусына.
Үш шарбақты Ноғайлы,
Жамағаты жиналып
«Не қылды?» - деп сұрайды.
Жұрт келсе де тұрмады,
Көтеріп басын алмады,
Сол ойбайы танбады.
Бозмұнай бай жылайды,
Иад етеді құдайды.
Жылағанда Бозмұнай:
- Ашамайға мінгізіп,
Көш алдына жүргізіп,
Әжептәуір құрбының,
Алдына алып сүйгізіп,
Алашқа атын білгізіп,
Ұл қызығын көрмедім,
Астына жорға мінгізіп,
Үстіне қамқа кигізіп!
Орынды жерге бергізіп,
Алаштан бекзат келтіріп,
Оң жағыма кіргізіп,
Қыз қызығын көрмедім!
Еркіме түскен дұшпаннан,
Жау қорлығын көрмедім.
Алыстан келген сол жауға,
Малым үшін өлмедім?-
Құлдан зорлық көргенше,
Күнде бүйтіп өлгенше ,
Тезінен өлім бермедің!
Құлдан қорлық көргізіп,
Қорлықпенен жүргізіп,
Қойғаның бүйтіп сенделтіп,
Айналайын, бар Құдай,
Сүймес пендең мен бе едім?!
Кең сарайға бармады,
Кетеріп басын алмады,
Сол жылаудан танбады.
Жылауменен бай жатты,
Қызарып барып күн батты.
Түніменен бай жатты,
Сарғайып барып таң атты.
Ғалымдар азан айтқанда,
Би намаз ұйықтап жатқанда,
Ақ шалмалы бір адам,
Жетіп келді қасына,
Таянып тұрды басына.
Екі қойны толыпты,
Бозмұнайдың со күні ,
Көзінен аққан жасына.
- А, Бозмұнай, Бозмұнай!
Не тілегің бар? - дейді.
Тілегің болса, ал! - деді.
Сол уақытта Бозмұнай
Ұшып тұра келеді.
Көзінің жасын төгеді:
- Дүниеқор бай болдым,
Ауыр дәулет тұсында
Қара басым хан болдым,
Бір перзентке зар болдым.
Сол перзенттің зарынан
Жанын, тойға кіре алмай ,
Өтерін дүние біле алмай,
Құлдан көрдім қорлықты,
Жалшыдан көрдім зорлықты.
Өз малыма бара алмай,
Белден мамық сала алмай,
Тыныштық ұйқы ала алмай,
Өз жанымды қия алмай,
Өлейіи десем еле алмай,
Сол құлдардың қорлықтан,
Өз малымды көре алмай.
- Тілегенің ұл болса,
Бар тілегің сол болса,
Бабай Омар бабасы,
Қабыл болған дұғасы.
Тілегенің ұл болса,
Бір тілегің сол болса,
От жағалай отырып,
Оттың басын толтырып,
Көп аламысың сен? - дейді.
Бірін мыңға балаған,
Бірді аламысың сен? - дейді.
Қалағаныңды айт, - дейді.
- Құдай өзін қалаған,
Ер ортасы болғанда,
Пайғамбар жасқа толғанда,
Жігіттік дәурен солғанда,
Берекесіз балаға,
Оттың басын боқ қылып,
Қырға шығар ішінде,
Бір оңдысын жоқ қылып,
Мен не етейін көбіңді ,
Маңызы жоқ шөбіңді?!
Үйің базар болғандай,
Бір де болса сол маған!
Бірін мыңға балап бер.
Өмірім жасын ұзақ қыл
Берсең маған қалап бер.
Сонда әулие сөйлейді ,
Сөйлегенде бүй дейді:
- Өзің іздеп бармадың,
«Берші маған бала!» - деп,
Мазамды қинап алмадың,
Үйде жатып зарладың.
- Бердім, бердім, мен! -дейді, -
Күтіп алсаң сен» - деді.
Жаста Құдай демеген,
Қылған ісін жөндеген,
Өзге жұрттың тілегін,
Бұл сықылды бермеген,
Мұның көрген қызығын,
Еш пендесі көрмеген.
Беліп шешіп жатпаған,
Аңсамай саумал ішпеген,
Ерте мінген атынан,
Кешке дейін түспеген.
Сансыз дұшпан батпаған,
Бет алғаннан қайтпаған,
Дұшпаннан Алла сақтаған.
Жұрттың сөзін сөйлеген,
Алар жауын көздеген,
Батыр Сайын болсын! - деп,
- Үстіне аруақ қонсын, - деп,
- Көңілің разы болсын! - деп,
Ала есегі қайқалап,
Ала қоржын арқалап,
Шар кітабы қойныңда,
Аса таяқ қолында,
Жүрген хақтың жолында.
Жаны Алланың қолында,
Жөнеле берді бұл адам.
Екі етегін түрініп,
Бозмұнай үйге келді жүгіріп,
Жатыр екен бәйбіше
От басында бүгіліп.
- А, бәйбіше, тұр! - дейді,
- Бет, қолыңды жу! - дейді,
- Әулиең жарды жүректі,
Құдайың берді тілекті.
Арылтар болғай бейнетті!
Есен болсаң, көрерсің,
Сайын атты перзентті.
- А, бәйбіше, тұр! - дейді,
Қойдан қошқар ал, - дейді,
Құдай жолына шал!» - дейді.
- А, Бозмұнай, Бозмұнай,
Дәулетті берген бар Құдай,
Ертеңмен кеткен о қойға
Жете алмаймын жүрсем де,
Сен алпысқа жеткенде,
Мен елуден өткенде,
Жігіттік күн кеткенде,
Кәрілік қарсы жеткенде,
Енді берсін, не Құдай,
Бермесе Құдай, қайтесің?!
- Қошқарды қимай айтасың.
Аяғанмен малдарды,
Қай түбіне жетесің?
Бермесе де, бар, - дейді,
Қасқыр жеген бір қошқар
Алып кел де, шал, - дейді.
Сонда бәйбіше барады,
Алып келіп, шалады.
Жұртын жиып алады,
Жұрты тарқап кеткен соң,
Бір-бірінен сұрады:
«Қашан болар екен?» - деп,
Екі міскін жылады.
Бір күндері болғанда,
Елуге келген буаз кемпір
Қарны шықты қампайып,
Құрсағы шықты шампайып,
Бір аз заман өткенде,
Жаңа жылға толғанда,
Уәдесі болғанда,
Бейсенбінің күнінде,
Буаз кемпір келіп толғатты.
Ноғайлының үш кентін,
Түгелімен орнатты,
Бет біткенде сұлу жоқ,
Бұл сықылды сымбатты.
Таң сарғайып атқанда,
Сайын сынды қасқаның,
Желкесі жерге тақ етті,
Маңдайы күнге жарқ етті.
Дүниеқор Бозмұнай,
Екі етегін түрініп,
Өріске таман жүгіріп:
- Оң қолымды жаярмын,
Мұнан немді аярмын?
Бүгін өліп кетсем де,
Аманатқа даярмын.
Төрт түлік саған қыламын,
Елі- жұртым жиямын!
Аямай малды қырады,
Ат жетер жерді жияды.
Жұрт жиылып болған соң,
Табақ тартып берген соң,
Алтын тақта хан отыр,
Қас жақсының бәрі отыр.
- Өлгенде көрген перзентім,
Атын жөндеп қойыңыз.
Түсімде қойған аты бар,
Соны тауып қойыңыз.
Тоқсан торқа кисе не ,
Тоғыз жорға мінсе не?!
Хан мен билер отырсың,
Ғақылмен ойлап білсе не?!
Хан мен билер отырып,
Жорға менен торқаға,
Қоймай жатып таласты.
Қымыз ішіп, мас болып,
Билер есінен адасты.
Адасқанның белгісі,
Бір-бірінің ұмтылып,
Жағасына жармасты.
Жұмырықтасып жүргенде,
Мұрындары қанасты.
Хан мен билер ұрысты ,
Төбелесіп тұрысты,
Көрген құрып сыйласы,
Қызыл шеке болысты.
Сонда келді Бозмұнай:
- Хан мен билер, ұрыспа,
Ұрысқаның дұрыс па?
Тәңірі өзіңе бермесе,
Маңдайыңа ырыс па?
Тоқсан торқа кигенмін.
Тоғыз жорға мінгенмін,
Бұл айтқаным бұрыс па?
Екі күн жатсаң, сақтаймын,
Біреуіңді қайт деп айтпаймын.
Бар дәулеттің тұсында,
Қалай тамақ таппаймын?!
Екі күн жатты, таппады,
Шұбырған кедей қайтпады.
Ондай, мұндай қойған ат
Бай көңіліне жақпады.
Соған дейін сол жұртты,
Дәулетімен сақтады.
Сонша адам жиылып,
Сайын атын таппады.
Сол уақытта бір адам
Жүз отызға келіпті,
Талай жұртты көріпті.
Ноғайлының жұртында
Онан үлкен кісі жоқ,
Өзі жарлы болған соң,
Онымен жұрттың ісі жоқ,
Хан мен билер қасына,
Шал байғұс келді таянып:
- Бәрекелді, хан мен би,
Жарасады жатқаның.
Байлығыңда Бозмұнай
Мыстан табақ тарқаның?
Қамалып жатып хан мен би,
Жаңа туған тас түлек,
Қанеки, атып тапқаның?
Хан мен билер отырып,
Шалға қарап ұрысты.
Таппаған соң, хан мен би,
Намысына тырысты.
- Егер атын таппасаң,
Он екі қақпа сарайға
Сені байлап қоймасам!
Шал да аңырып тұрмады
- Мұның атын сұрасаң,
Беліндегі бес қару
Тал бойына жарасқан,
Ерлігі асқан алаштан,
Батыр Сайын болмас па?
Үстіне аруақ қонбас па?!
Хан мен билер қамалып,
Соны тауып қоймас па?!
Хандар қайтты томсарып,
Билер қайтты қомсарып,
Тоғыз жорға жетектеп,
Тоқсап торқа бөктеріп,
Шал жөнелді заң салып.
Тойы тарқап кеткен соң,
Күмістен бесік идірді,
Алтыннан түбек қойдырды,
Қара кісіні: «Қатты» деп,
Бала кісіге бөлетті.
Жаңа туған жас бала
Емшек берсе, ембеді.
Етті берсе, жемеді.
Анасының қарасын
Егіз екі көрмеді.
Бозмұнай тұра шабады ,
Шаһарға таман барады,
Көпті көрген көненің
Құлағына салады:
- Кешегі туған жас бала
Емшек берсе, ембеді,
Етті берсе, жемеді.
Анасының қарасын
Екі егіз көрмеді,
Дағдардым, жұртым, мен! -дейді,
- Хайласын тапшы сен! - дейді.
Ноғайлы жұрты кеңесіп,
Сайын сынды мырзаға,
Үш күніне бір ту бие сойғызды,
Ортан жілік майымен,
Үш күнде бір тойғызды.
Бір жасына келгенде ,
Білектіден белі асты.
Екі жасқа келгенде,
Ерлікпенен таласты.
Үш жасына келгенде,
Ертең мінген атынан
Кешке дейін түспеді.
Шақыртпай тамақ ішпеді.
Төрт жасына келгенде,
Қарағай найза толғайды.
«Жүрсем екен!» - деп ойлайды.
Бес жасына келгенде,
Қадір түнін күзетті,
Ноғайлының үш кентін,
Түгелімен түзетті.
Езу тартнай, сөз сөйлеп,
Абырлы қыздан ол өтті.
Халқы жарлы болған соң,
Кәріп пенен мүсәпір,
Сайынның арқасында күнелтті.
Алты жасқа келгенде,
Атын таңдап мінгенде,
Алты қырлы ақ сүтті
Оң қолына алғанда,
Қындағы алты айбалта,
Аш беліне шалғанда,
Момыннан сондай туғанда,
Алласы артық қылғанда,
Айдыны сондай асқаны.
Қара бай қорқып, қаз болды,
Қайыршақ қорқып, саз болды.
«Сайып келді!» - дегенде,
Тоқсандағы кемпірлер,
Кысылғаннан қыз болды.
Ақпанның алты ай қыс күні,
Атқа мінсе, жаз болды.
«Сайын келді!» - дегенде,
Тоқсандағы шалдардың,
Қырық күн шілде болғанда,
Төсектен басын көтермей,
Төбесі жидің таз болды.
Бір күндері болғанда,
Тоқсан құл тұрып кеңесті,
Кеңескенде, не десті ?
- Мына жүрген ер Сайын,
Көрмейсің бе ыңғайын ,
Баяғыда әкесін,
Алдыма салып қуғанды,
Қуып, ұстап, ұрғанды
Әлі күнге білген жоқ.
Бұл да бір күн білгенде,
Құлағына тигенде ,
Бізді тегіс ұрады ,
Бәрімізді қырады,
Бұған адам шыдар ма?!
Мың сан жылқы ішінен,
Ат табармыз лайық.
Жорға менен жүйрікті,
Түн ішінде алалық,
Сусыз шөлге бас қосып,
Біздер қашып баралық!
Жорға менен жүйрікті.
Тізіп құлдар алады,
Сусыз шөлге бас қосып,
Құлдар қашып барады.
Ертең келді ер Сайып,
Қара ала атты ойнатып,
Жылқыда құлдың бірі жоқ,
Қашты деген көңілінде, .
Ер Сайынның кірі жоқ.
Құл кеткенін білген соң,
Батыр бала долданды,
Жылқы бағар кім қалды ?!
-Тоқсан құл, саған не қылдым?
Әкеме қылдың зорлықты,
Шешеме қылдың қорлықты.
Соны есіме алмадым,
Ат терлетіп келсең де,
Етіңе қамшы салмадым,
Өз обалың мойныңа,
Түлен сені қойды ма?
Қардан жаман түспесем,
Қарадай сенің ізіңе!
Азар болса, қашқансың,
Сусыз көлдің жүзіне!..
Келтірсе Құдай көзіме,
Болармын деп жүргенмін,
Дұшпанның жалғыз өзім,
Мыңы менен жүзіне.
- Шу! - деп еді, қара ала ат,
Қырдан асып қылт етті,
Жұлдыздай ағып жылт етті.
Ұлы сәске болғанда,
Аңыратып шықты ер Сайын
Қаратөбе басына.
Тоқсан кұл кетіп барады
Аяғының астында.
Қосылып өлең айтысып,
Сырнай күйін тартысып,
Сол төбенің басында,
Ер Сайын тұрып долданды,
Жалғыздығын ойға алды:
- Ай, жаратқан жалғыз Құдайым,
Өлемін деп жемеймін
Тігіті мұнан уайым!
Жаманның қылған ісіне
Не ғып та бұған шыдайын?!
Тоқсан құлмен соғыссам,
Абиырды тауыссам,
Егер жазатайым іс болса.
Жалғызға түсер күш болса,
Қартайғанда атамнан,
Енді де перзент туар ма?
Сараң ием, болмаса,
Қанатсыз мені қылар ма?!
Тоқсан құлдан құр қайтсам,
«Құл кетті!» - деп елге айтсам,
Жиын, тойға кіре алман !
Құрбымның бетін көре алман.
Бармасам да, барайын,
Бармай не ғып қалайын?!
Қынынан шықпас ақ алмас,
Суырып қыннан алайын,
Көтерсе Құдай талайым !
Екі тісі сақылдап,
Ауыздан көбік бұрқылдап,
Жау көрмеген жас бала,
Құлға ұмтылды қалшылдап.
Ойын емес, шынынан,
-Шу! - деп еді қарала ат,
Жұмырланды қарыннан.
Түнертіп бала келген соң,
Енді өлетінін білген соң,
Құл қорқысып қалысты.
Аттан түсе қалысты.
Жылағанға болмайды,
Жалынғанға қоймайды.
Атасынан күшті туған жас бала,
Құлдарменен ойнады.
Өзгесін қырып салды да,
Отызын жиып алды да,
Қара төбе басына
Жаяу айдап барады.
Бірін тірі жібермей.
Ту сыртынан жарады,
Құлдан өшін алады.
Қасқаның көңілі тынған соң,
Тоқсан кұлды қырған соң,
Сай көлігін қуалап,
Қонаға шәрге келеді.
Құл қырдым деп айтпайды,
Бұрынғыдай сол мырза,
Шіреніп үйде жатпайды.
Мал көтінен қалмады,
Жақын жатқан жылқыны,
Айшылыққа айдады.
Айшылыққа барады,
Елдің қиыр шетінде,
Дұшпанның жүрер бетінде,
Күні-түні Алладан,
Жау тілейді жетіде.
Қайда кеткен алаштың,
Найза ұстаған батыры?
Тап менің тұсымда,
Еркек біткен таусылып,
Қалған ба жұрттың қатыны?!
Күндердің күні болғанда:
Алыс пенен жуықты,
Ат үстінде барлаған,
Дүниенің төрт бұрышын,
Ыңғай жүріп шарлаған,
Қамалды бұзып, жылқы алған.
Күймені бұзып, қыз алған,
Дұшпанды көрсе, бір күнде,
Отыз екі түрленген,
Он жасына келгенде,
Жау атысып үйренген,
Қара Қыпшақ Қобыланды
- Ноғайлыдан ертуған!-
Деп есітіп құлағы:
- Ер Сайынға барайын,
Ол батырды қолға алып,
Байқайын бақ пен талайын,
Алыста жатқан қалмақпен
Бір соғысты салайын!
Мың кісіні қолға алып,
Ер Сайынмен жолықпаққа ойланып...
Қобыландының бұл сөзін,
Жұрты қабыл етеді.
Мың кісіні қолға алып,
Сайынды іздеп кетеді.
Бір күндері болғанда,
Жылқыға таман жетеді.
Құрағытып жүрген ер
Жолығыса кетеді.
Қарауылда жүрген ер Сайын,
Жау екен деп қашпады,
Жалғызбын деп саспады.
Ақ алмасын суырып,
Тасқа егеп қайрады.
Найзасының басына,
Алтынды туын байлады.
Жалғыз өзі көп жаумен
Ұрыссуға ойлады.
Жақындасып келгенде
Қобыландының касында,
Найзагері қорқады,
Аттың басын тартады.
«Қашсақ-тағы қоймас!» - деп,
«Тоқта! - десек, - тұрмас!» - деп,
Аттың басын бұрар ма,
Қашпай адам шыдар ма?
Сонда Қобыланды тұрып айтады:
- Жамандар, мұнан қашпаңыз,
Өлемін, - деп, - саспаңыз,
Өзім жауап берермін.
Ақ боз атпен аңқылдап,
Айыр қалпақ солқылдап,
Батыр Сайын сен болсаң,
Қобыланды ағаң мен болсам,
Ел шетінде кез болсаң,
Лоқылдатпа қылышың,
Мың кісілік уысың .
Мұндай жерде ер Сайын,
Қылышыңды суырып,
Кімге қайрат қыларсың?!
Жаушылыққа келмеймін,
Сені кергелі келгенім,
Атадан артық туган ер Сайын,
Қол тізгінін бергенім !
Қол тізгінін беремін,
Іздеп шыққан жауым бар,
Қызығың сонда көремін!
- Олай болса, Қобыланды,
Мына жатқан жылқының,
Көл, қарасын көрмей, жүр,
Ұйықтап жатқан құлынның,
Көл, ұйқысын бөлмей жүр.
Қонақасын беремін.
Жүретұғын жағыңа,
Мен соңыңа еремін,
Ерлігің жауда көремін!
Мың кісіні алып келеді,
Қонақасы береді.
Тоқсан асау береді,
Қаруын түзей береді.
Әке-шеше жылайды:
- Өлгенде көрген жалғызым,
Аттанып кетсе, жорыққа,
Қалады басым қорлыққа.
Таянып келді Бозмұнай,
Қобыландының қасына:
- Желіктіріп баланы,
Қайғы салдың басыма!
А, Қобыланды, Қобыланды,
Тентектігің қоймадың,
Жұрт тіліне болмадың!
Бұрынғылар алмаған,
Маңыңа адам бармаған,
Адам жүрмес бір жауға,
Жүремін деп ойландың.
Мына жүрген ер Сайын,
Он жасына жеткен жоқ,
Жеті жастан өткен жоқ,
Үш наурызды берсеңші,
Сайын оған жеткенде,
Қызығын сонда көрсеңші,
Бұл тілегімді берсеңші?!
- Құдай деген бай едің,
Өз алдыңа сара едің,
Кәріңе сенің қалмайын,
Сонда да естен салмайын,
Үш наурызды берейін.
Сол үш наурыз өткен соң,
Уәдеге келгеймін,
Соған дейін ер Сайын,
Жау жарағын сайласын,
Мінер атын байласын!
Біз келерміз сау болсақ,
Уәдеден таймасын!
Мың кісі дүрілдей кетеді.
Тілегін алып қуанып,
Бай үйінде жатады,
Үш наурызға жұбанып.
Белден төсек салған соң,
Бай ұйқысы қанған соң,
Бір күндері болғанда,
Бәйбіше тұрып толғады,
Ойлады, ойламасқа болмады,
Байды еркіне қоймады:
- Толып жатқан малың бар,
Сарайыңның сәні бар,
Осынша көп малың бар,
Бір Сайыннан тағы да,
Қанша аяйтын жаның бар?!
Үш-ақ наурыз өткенде,
Жалғызым кетер жорыққа,
Иесіз қалған бұл малың,
Кедейге түсер зорлыққа.
Толып жатқан малыңнан,
Сұрап, қалың берсеңші,
Үш шарбақты ноғайдан,
Лайық қызды көрсеңші,
Сөйтіп, келінді болсаңшы!
Соныңменен Бозмұнай.
Боз жорға атқа ер салды,
Үш шаһарлы ноғайға,
Қыздарына көз салды.
Лайық қызды таппады,
Көрген қыздың бәрі де,
Бай көңіліне жақпады:
- Мен бармаған ел бар ма
Ер Сайынға тең бар ма?
Келін де болса, сөйлесіп,
Аз ғана күн тұрмаққа.
Қимағанмен бұл малың
Апара ма жұмаққа?!
Сайынды көрген қыз біткен,
Шықты анда жанасып,
Үш шаһардың қызынан,
Жиылған қыздың көптігі,
Жол тимеді, бір көпірге таласып.
Бай көңіліне жакпады,
Сонан бір сұлу таппады.
- Мен бармаған ел бар ма,
Есіткен жерде Сайынға,
Лайық туған қыз бар ма?
Ноғайлының халқы айтты
- Өзің тенді адамда,
Қиырда жайлап шет қонған,
Дұшпанына бет болған.
Айттырғанға бермеген,
Мұндай теңі келмеген,
Айтқаныңа ол берсе,
Сені өзіне тең көрсе,
Көбік байдың үйінде,
Беті желге тимеген,
Езу тартып күлмеген,
Бөтен үйге енбеген,
Айбике сол сұлу.
Қолаң қара шашы бар,
Қырғауылдай керілген,
Тамағынан ішкен асы көрінген,
Тақалып күнге қараса,
Бетіне күн сәулесі білінген.
Лайық сұлу сол бар - ды.
Қорықпай жүріп барсаңыз,
Шамаң келіп алсаңыз,
Бермей қалар дейсің бе,
Барып, хабар салсаңыз?!
Соған кетті Бозмұнай,
Судың бойын көбелеп,
Қартайғанша боз жорға ат,
Өзі мінген жебелеп,
Сарайдың келді қасына,
Шаһардың келді басына,
Он екі кақпа сарайы,
Көтерілген талайы!
Есігінің қасында,
Қақпасының басында
Тұрады екен күзетіп,
Екі қара малайы.
Екі тісі кетілген,
Оң танауы сетілген,
Құл да болса сол өзі,
Тілге шешен жетілген:
- Ноғайлыда Бозмұнай,
Сен де неге зар едің?
Шалқаңнан үйде жатуға
Бір кісідей бар едің.
Таң сәріден жүріпсің,
Ашулы болған кісідей.
Қабағыңды түйіпсің,
Жолың болсын, а, байым!
Не есітіп, біліпсің?!
Сонда Бозмұнай сөйлейді:
- Байың есен - саулық па?
Қатты сөйлеп, мұндар құл,
Жүрегім жарып даурықпа.
Көбікті үйде бар болса,
Жетектеп шықсын қызын,
Лайық болса балама,
Енді айттырып беремін.
Айтқаныма бермесе,
Шақырғанға келмесе,
Іле заман қайтамын,
Тентек туған Сайынға
Бара сала айтамын.
Сетік құл келді саңыраңдап,
Көбік байдың қасына.
- Ай, Көбік бай, тұр! - дейді,
Әзірейіл тажал ма,
Мұнан жаның қалар ма?!
Ноғайлының Бозмұнай
Сарайыңа келіп тұр.
Айттырса, бермес адамға,
Келмес еді қасыңа,
Сарайдың бүйтіп басына,
Ер Сайынға сеніп тұр.
Көбік жатып бұрқанды,
Мұздай темір құрсаң-ды:
- Шауып алса, мал да көп,
Үйден алса, қыз да көп,
Сайындай тентек ұл да көп.
Бүгін келсін ер Сайын,
Ұрыссуға даярмын!
Жалғыз қыздың тұсында.
Кімнен жаным аярмын?!
Адам екен демеңіз, ,
Еңсеп келген Бозмұнай,
Үйден сусын бермеңіз!
Бозмұнай естіп тұрады,
Аттың басын бұрады,
Бай бір ашу кылады:
- Бұл барғаннан бармасам,
Үш шаһардың адамын,
Мінгізіп атқа алмасам,
Бұл бермеген қызыңды,
Ат көтіне салмасам.
Бозмұнай боп жүрмейін!
Боз жорға атқа мінбейін,
Еркегіңді қырмасам!
Жұрт көргендей қылмасам.
Шәріме есен кірмейін!
Бозмұнай елге қайтады,
Білген хабарын айтады.
Алтын тақта хан келді,
Жиылып түгел шәр келді:
- Көбік, неге қызың бермедің?
Сол сықылды Сайынды,
Не ғып күйеу көрмедің?
Бұл қызыңды бермесең,
Сайынды күйеу демесең,
Аттанып, Сайын келген соң,
Оған елді бүлдіріп,
Сенің қызың құрысын!
Залалын шәрге тигізіп,
Бұл қызыңды бермесең,
Сайынды күйеу көрмесең,
Ноғайлыға көшкенім,
Бермесең де болмас-ты,
Еркіме Сайын қоймас-ты,
Бермегенмен бұл қызым
Қанша маған жолдас-ты.
Шақырып кел, Сетік кұл!
Мінейін десе, ол құлға,
Ерттеулі тұрған аты жоқ,
Тақа жаяу жүрерге,
Сетіктің өзінен жүйрік тағы жоқ.
Қарт түйедей еңкілдеп,
Жалғыз танау желпілдеп,
Табан терісі түріліп,
Жөнелді Сетік жүгіріп.
Көз көрім жерден өткенде,
Бозмұнай байды шақырды:
- Атыңның басын бұра тұр,
Ашуланбай тұра тұр!
Жұрт қауымға енді ғой,
Өзі жаяу демесең,
Құл шакыра келді ғой,
Қалаған қызың берді ғой!
- Шақырса да, бармаймын,
Малға берсе ол қызды,
Бір тоқтыға алмаймын.
- Сенен малды алмайды,
Саған кісі бармайды,
Тілеген қызды береді.
Асы боларсың, Аюбикені
Берем деп тұрғанда, алмасаң!
Ұлықтық болар Аллаға,
Шақырған Көбікке бармасаң!
Құлды артына салады,
Қайта кетіп барады.
Жетіп келсе Көбікке,
Келмей, тойын қылады.
Төрге көрпе салғызды,
Шақыртып үйге алғызды.
Ашуланбай табысты,
Қалаған қызын алысты.
Еліне қайтып келді де,
Ноғайлының үш шәрін,
Сегіз жерге орнатты.
Сайын сынды батырдың,
Ер- тоқымын оңдатты.
Үш шаһарлы ноғайдан,
Қосшылыққа отыз кісі сайлатты.
Отыз жігіт қолға алып,
Соған таман түн қатты.
«Сайын келді!»-деген соң,
Көремін деп сайланды.
Қимылдаған жан келді,
Мұнара басып шаң келді.
Көрген жұрттың бәрі де
Жас баланы таң көрді.
Көрмеген жанның бәрі де,
Көрген жаннан сұрасты,
Көруге жұрт таласты.
«Сайын келді!» - деген соң,
Қыз бен жігіт дуласып,
Кеңеседі шуласып ,
Сол сықылды батырға,
Қылған тойы мынасып.
Нақ отыз күн ойын қылып,
Нақ қырық күн тойын қылып,
Уәдесі болған соң,
Жұрт жақсысын жияды,
Әлімдерді алғызып,
Ақ некесін қияды.
Ақ некесін қиғанда,
Ақ ордаға барғанда,
Ойнап ойыны қанғанда,
Қатты ұйықтап қалғанда,
Таң сарғайып атқанда,
Қолдаушының ағасы,
Бабай Омар бабасы,
Тұсына жетіп келеді:
- Сайын батыр сен болсаң,
Ақ некеңді қиғанда,
Сәтті күні кез болсаң,
Қолыңды жай, сен, - дейді.
- Берейін саған мен! - дейді.
Ұшып тұра келеді,
Қолын жая береді.
- Екі перзент көресің:
Ең үлкені - Бөкенбай,
Ең кішісі - Көлікбай.
Сол Көлікбай туғанда,
Дұшпанға салар бүлікті.
Аруағы соның биік-ті!
Ала есекке қайқалап,
Ала қоржын арқалап,
Жөнеле берді бір адам.
Бай сұлуды ұзатты,
Аққу құстай аңыратып,
Жарылған мұздай күңірентіп,
Тоты құстай таратып,
Қас патшадай шайқалтып,
Қаса байдай шайқалтып,
Түйесіне күң берді,
Ат ерттеуге құл берді,
Бәйшешектей түрленіп,
Ұзатты сұлуды жөнелтіп.
Сұлуды алып келген соң,
Шәр тамаша көрген соң,
Жаңа түскен сол сұлу,
Айы, күні маң болды,
«Қыздай жүкті келді!» - деп,
Ноғайлыға заң болды.
Ноғайлының шаһары,
Өсек айтып гуледі.
«Жүкті келді келін», - деп,
Қыз-келіншек күледі.
Бір Алланың бергенін,
Жалғыз Сайын біледі.
Уәдесі болғанда,
Сәтте сұлу толғатты,
Қыз-келіншекті орнатты.
Ақ жарылқап күн туып,
Екі бірдей ұл тапты.
Бет біткенде сұлу жоқ,
Ол сықылды сымбатты.
Толғатып сұлу ұл тапты,
Өріске таман бай шапты.
- Оң қолымды жаярмын,
Мұнан немді аярмын?!
Бүгін өліп кетсем де,
Аманатқа даярмын!
Аямай малым қырайын,
Ноғайлыны жияйын,
Есіркеген Құдайым,
Қос немере сүйгізіп.
Қызыққа неге тояйын?!
Ноғайлы жиып келеді:
- Жиылып тұрған ноғайлы,
Міне, туған перзентім,
Арылып тұр бейнетім.
Бір-бір аттан үлкеніңіз мініңіз,
Кейіптілерің бір-бір тоннан киіңіз,
Атын жөндеп қойыңыз!
- Ат қоярға келгенде,
Айдалада түс салып,
Жүрегі жүрген жарылып,
Мына туған перзентің,
Қолыңда бар дәулетің,
Не қылсаң да, жарасар!
Мұның атын сұрасаң,
Үлкенінің аты- Бөкенбай,
Ең кішісі- Көлікбай.
Бөкенбай қоя береді...
Бөкенбайдай сол бала,
Бір жасына толғанда,
Сонда келді Қобыланды,
Үш жылдың уәдесі толғанда.
Ел шетіне келген соң,
Сайынға хабар берген соң,
Ақбоз атқа ер салды,
Байлаулы тұрған қара атқа,
Қосын артып алады.
Үш шарбақты ноғайдан
Қырық жігіт таңдап алады.
Қобыландыға қосылып,
Аттанып кетіп барады.
Құлан жортпас жер қалды,
Адам жүрмес шөл қалды.
Алтыншы ай өтеді,
Ат мойнынан жал кетеді.
Олар сынды ер жоқ-ты,
Ерікпей жортқан күні-түн.
Нақ он екі ай болғанда,
Қалмақтың еңсесіне қол жетті.
Аттың ерін алысты,
Түстенісе қалысты.
Қалмақ жақын екен деп,
Батырға хабар салысты.
Жағалбайлы атасы,
Сөзінде көп жоқ қатесі,
Жауырынмен сөйлескен,
Қарақоныс жауырыншы
Жауырын жағып қарады.
«Қауіп-қатер бар ма?» - деп,
Батыр Қобыланды сұрады:
Жауырыншы сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй деді:
- Ер Сайын мен Қобыланды,
Бұл жауыңа бармаймын.
Жылқысы жолда тұрса да
Жылқы аламын деп бұл жолда,
Қасқа менен жайсаңның
Обалына қалмаймын.
Тілімді алған мұсылман,
Бәріңе де айтамын,
Бәрің тілді алмасаң,
Алпыс кісі қосшымен,
Өзім елге қайтамын.
Қобыланды батыр отырып,
Ер Сайынды шақырды:
- Сайын сынды батырым,
Бұзылмасын ақылың.
Екпінің күшті, қарқының,
Маңдайың сұлу, жарқыным,
Алар болсақ, мал да кеп,
Соғысарға, жау да көп.
Есендік пен саулықта,
Жұрт аманда, барлықта,
Жау тосқауылы бар дейді,
- Кел, есенде қайталық?!
Бозбаладан айрылсақ,
Жұртқа не сөз айталық?!
Қайт дегенде, долданды:
- Хабар алып шайтаннан,
Аттанған жолдан қайта алман!
«Қорқып қайтып келдік!» - деп,
Аузым да барып айта алман!
Алғанымның қойнында,
Күлкі де болып жата алман!
Бұл қалмаққа келген соң,
Жалғыз да болсам, қайтпаймын,
Айғырдайын алыспай,
Қызыл қанға батыспай,
Ақ сүңгіні салыспай,
Қалмақпенен атыспай,
Сары жайдың кірісі
Үзілгенше тартыспай,
Ақылыңды ала алман.
Елге қайта бара алман! -
Бұлайша Сайын айтады:
Қобыландының мың кісісі
Елге тіке тартады.
Ноғайлының қырық жігіті
Қалмаққа тіке тартады.
Батыр Сайын келгенін,
Қобыландының қайтқанын,
Қалмақ естіп, біледі,
Құлағына тиеді.
«Қобыланды, Сайын келді!»-деп,
Берік жерге қамал тартады,
Келе жатыр қырық жігіт,
Қарағайды қақ жарып.
«Қалай жүрген батыр?» - деп,
Жолдастары таң қалып.
Ақ төбенің басына
Шыға келсе ер Сайын,
Қалмақтың көрді сансызын.
Қаланы көріп таң калды,
Қасындағы қырық жігіт,
Жанынан қорқып сандалды.
Төмен қарап жыласты,
Құдайдан иман сұрасты.
- А, қырық жігіт, жылама,
Сіздер кейін қалыңыз,
Таса жерге барыңыз,
Есен болса жаныңыз,
Жақсылығым бар болса,
Бұл заманда ұрыспа,
Өзің теңді жау болса,
Маңайыңа жуытпа!
Бұл кеткенімнен келмесем,
Қазам жетсе, өлермін,
Егер қазам жетпесе,
Басыма аман күн туса,
Бір уақытта келермін.
Қош, қош, аман болыңыз,
Мұсылманның ұлында
Мен - бір шіріген жұмыртқа.
Жөнелді боз атпен аңқылдап,
Айғай салған даусына,
Қарағай жарылып барады.
Қалмақтың жатқан шәрінде,
Екі батыр бар екен.
Бірінің аты-Жоламан,
Бірінің аты-Еламан.
Ер Сайын мен Қобыланды,
Тоғыз сан басын жоямын.
Бір мезгілде ер Сайын,
Көрінген жылқыны алады,
Қуалап кетіп барады.
Жылқыны қуып келгенше,
Ақ төбенің қасына,
Қырық жігіт тұрған орынға,
Қуып келсе, ер Сайын,
Қырық жігіттің бірі жоқ.
Айтқанын ердің қыла алмай,
Тұр деген жерде тұра алмай.
Кеткен екен қашысып,
Кейін қарай асысып.
Қалмақ жатыр дуылдап,
Атын жиды шуылдап.
Тұсаулы атқа жармасып,
Мәстегіне тармасып,
Қашан қалған шілдеде,
Ертоқымынан адасып.
Келе жатыр ит қалмақ,
Жаман даусын салысып.
Жердің жүзі қайысып,
Кедейдей шықты майысып,
Мәстектің шаңы бұрқылдап.
Қылыштары келеді,
Өкшесіне сартылдап.
Ақ төбенің басында,
Сайын жалғыз қарап тұр:
«Келгенменен бұл қалмақ,
Не қылады маған?!» - деп,
Мазақ қылып жырқылдап.
Жау әбден келген соң,
Боз аттың басын бұрмалап,
Тоғысты қасқа: «Алла-лап!»
Бөлек, бөлек қылып жүр,
Бөлінген қойдай қырып жүр.
Қалмаққа мүскіл туып жүр.
Еламан мен Жоламан,
Тау тасалап қашып жүр.
Алады деп жұртымды.
Осы қалмақ сасып жүр,
«Еламан мен Жоламан,
Көрінер күнің бар ма?» - деп,
Аузын қатты басып жүр.
Көбін қырып болғанда,
Сол сықылды ер Сайын,
Алланы еске алмады,
Қайратына мас болып.
Бабай Омар бабасы,
Жалбарына жүрмеді,
Пірі үстіне қонбады.
Баяғы қайрат болмады,
Оймақ құрам сау жер жоқ,
Тұла бойында калмады,
Жарадан қасқа жаурады.
Әр жарадан аққан қан,
Су сықылды саулады.
Ерден медеу кеткен соң,
Жығыларға жеткен соң,
Аттың басын бұрмалап,
Жөнелді қасқа: «Алла-лап!»
Егесіп тұрған ит қалмақ,
Соңына түсті тоспалап.
Тоғыз сап кісі қуса да,
Жеткізбей кетті құтылып,
Ертең кеткен қырық жігіт,
Артынан жетті ұмтылып.
- Бәрекелді, қырық жігіт,
Түгел қасқа ер! - деген,
- Атыңның басын бұрылтып.
Қырық жігіт, қашпай, тұра тұр,
Тоқпақ жалды тоқ боз ат,
Тоқтата алмай келемін,
Қалмақ тоғыз сан, мен жалғыз,
Тонау бермей келемін.
Тезек теріп келіңіз,
Жарам нешеу санаңыз.
Омыртқада он жара,
Қабырғада қырық жара,
Қақ жамбаста бір жара.
Жалаң аяқ жүрмеген,
Бисмилланы білмеген,
Салып еді бір қалмақ,
Сырлаған сары қайың оқпенен.
Қабырғаның түбінен,
Омыртқаның жігінен,
Қан сарқырап тыйылмас,
Қырық жігіт, сізден болмаса,
Ноғайлының жұртынан,
Топырақ маған бұйырмас.
- А, қырық жігіт, қырық жігіт,
Қарағай түбі қара өлең,
Бәрің жақсы саналым,
Шақпақ шақсам, от түспес,
Қарағайдың бүгінде.
Сілбіз болған қуынан,
Шықпаған-ақ екенмін
Жұлдызымның оңынан.
Мен дұшпанға мерт болдым,
Қара қыпшақ Қобыланды,
Ердің қасымда жоғынан.
Мен шыққанда жаз еді,
Алла бізге жар е...... жалғасы бар


Санат: KZ портал » Қазақша Өлеңдер жинағы | | 78
Рейтинг:
(голосов: 0)

KZ портал » Қазақша Өлеңдер жинағы, мәшһүр жүсіп көпеев Сайын батыр өлең стихи на казахском машхур жусуп копеев казакша олен, мәшһүр жүсіп көпеев өлеңдері, стихи на казахском языке машхур жусуп копеев, машхур жусуп копеев олендери, мәшһүр жүсіп көпеев өлеңі, мәшһүр жүсіп көпеев өлеңі, мәшһүр жүсіп көпейұлы өлеңдері, машхур жусуп копеев казакша, машхур жусуп копеев стихи, машхур жусуп копеев стихи на казахском языке, Сайын батыр, мәшһүр жүсіп көпеев Сайын батыр өлең стихи на казахском машхур жусуп копеев казакша олен, мәшһүр жүсіп көпеев өлеңдері, стихи на казахском языке машхур жусуп копеев, машхур жусуп копеев олендери, мәшһүр жүсіп көпеев өлеңі, мәшһүр жүсіп көпеев өлеңі, мәшһ, Қазақша өлең: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (Сайын батыр) қазақша өлеңдер жинағы скачать бесплатно олен казакша махаббат туралы стихи на казахском языке стихи на казахском языке стихи с днем рождения на казахском языке

.

. .