Ғафу Қайырбеков (Сейдахметке)

 Ғафу Қайырбеков (Сейдахметке)

"Қалың қазақ ішінде
Жомарт еді
Сейдешің,
Өзім деген кісіге
Шешіп берер жейдесін!"
Сырты қара, іші ақ,
Қоян ішік секілді.
Қыста кисең ыстық-ақ,
Балқытады етіңді.
Бауырыңды жібітіп,
Бал мен жеміс жегізген.
"Маңдай алды жігіттің -
Осы нағыз" дегізген.
Кеше көрген туысың,
Бүгін тапқан жолдасың.
Іс істемес күні үшін,
Өзі мықты болғансың.
Бақ дәметіп, шен сұрап,
Жерлестігін сатпаған.
Көзден жасы тамшылай
Көмек сұрап жатпаған.
Жар саулығын тілеген,
Ар саулығын сұраған,
Аруақ өзі сүйеген,
Аллаң өзі құраған.
Жүдеу тартқан шағында
Кыдыр кетпей маңынан.
Қайта түсіп бабына,
Қайта дәулет дарыған.
Атақты Медеу - бай жомарт,
Адамзаттың асылы.
Туған соны қайталап,
Сейдахмет нәсілі.
Текті атаның баласы
Тартпай қоймас нәсілге.
Асып толса қанасы
Айналатын теңізге.
Мың қойыңның ішінде
Ақ мүйізді бір қошқар,
Хан келсе де кішірмей,
Қамшы тастап, сөз бастар.
Арғы атасы - Қасқарау,
Бергі атасы - Қарасай,
Белде күміс таспа-бау,
Өңіріне жаға сай.
Емен садақ өңгерген,
Еңсесінде ақ сауыт.
Асу-асу жол көрген,
Асау жауға көп шауып.
Айта берсең, жетпейсің,
Ердің арғы түбіне.
Бір айналмай кетпейсің
Құт құйылған күбіге.
Сол Сейдешің келіпті
Міне бүгін алпысқа,
Нені көрді, нені ұқты
Өмір деген тартыста?
Соны айтайын деді ме,
Қаптап келген еліне,
Елін баққан еріне
Ер туғызған жеріне.
Ия, тыңдайық, тыңдайық,
Сөйлесін, дос, сөйлесін,
Көп жасасын халайық,
Қара бала, қара шал,
Қара тұлпар Сейдешің!

5 маусым, 1993 жыл

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!