Мағжан Жұмабаев (Күз)

 Мағжан Жұмабаев (Күз)

Бұрқырап қара дауыл соғып тұрған,
Көкорай түсі қашып солып тұрған.
Шыдамай қатты ызғарлы жел өтіне,
Бүрісіп ағаш, шөптер тоңып тұрған.
Көрік жоқ ойда-қырда шығып жүрсең,
Естілмес құс, құрт даусы құлақ түрсең.
Қақтанған, жамыла түсіп, от маздатып,
Көресің кемпір-шалды үйге кірсең.
Масатыдай құлпырған жердің жүзі,
Аяқ бассаң - табанға өтер сызы.
Кемпір болған бет-аузы қатпарланып,-
Бұраңдаған кешегі сұлу қызы.
Қысқасы, жер жүзінде көрік біткен,
Қараған да, сұлу қыз қайта кеткен.
Жыламсырап, мұңайып жанды-жансыз,
Қатты аязды, қайырымсыз қысты күткен.
Осы уақыт шаһарға тұрсаң қарап,
Түрлі жұрт түрлі істе жүрген тарап,
Көше бойлап, оқуға шапшаң басып,
Шаттықпен жас балалар боқша арқалап.
Қыс, күз болмас оларға көңілсіз шақ,
Оқу біліп, айырар қара мен ақ.
Өнерленген дүниеге ұста болған,
Қолдарында олардың тәж бенен тақ.
Қарасаң сонда қазақ арасына,
Ойнаған жалаң аяқ баласына,
Кетеді іш елжіреп, жанып-күйіп,
Көңілдің тұз сепкендей жарасына.
Жас емір надандықта өткен босқа,
Оқымай, өнер қумай жазы-қыста.
Білімнен ат-тонымен қашқан қазақ
Сайлауға таласуға қандай ұста.
Баласын оқытумен жоқ жұмысы,
Ел бұзу, малын шашу - барлық ісі.
Ойлаған бір күн бұрын таңдағы істі,
Япырым-ау, айтсаңдаршы, бар ма кісі?
Басқа жұрт балалары оқу қуған,
Біліммен өз жұртының бетін жуған.
Ішіп-жеп, босқа жүрсе хайуан малдай,
Адамзат жер жүзіне не үшін туған?!
Қор болдық, өнер қумай, қайран елім!
Күш кетіп, талай жаннан көрдік керім.
Сұлық боп, жан шыққалы тұр таяулап,
Маңдайдан шып-шып шығып елім терің.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!