Қадыр Мырза Али (Қызыл күндер)

 Қадыр Мырза Али (Қызыл күндер)

Тудың екен — қызыл бесік.
Өлдің екен — қызыл табыт.
Өзің біліп.
Өзің өсіп,
Біздің істі көзің дамыт.
Бұл өмірдің
Көктемдей бір
Болып кетпе қызығымен.
Қызыл тірлік шектелмейді
Галстуктың қызылымен.
Босамаған ойдан басым
Еңбегімді арам етпе.
Қызыл бетің айналмасын
Ешқашан да қара бетке!
Тағдырыңа шағынғанша,
Талаурап бір батқан дұрыс.
Қара дақ боп жағылғанша,
Қызыл қан боп аққан дұрыс!
Жақсылыққа сүйсінгенде
Жайсаң ғұмыр ұзарады.
Шындық үшін күйінгенде
Көздің өзі қызарады.
Болмасаң ұл елге құнды,
Алмайсың сен алға баса:
Туған күн мен өлген күнді
Қызыл күндер жалғамаса!
Өлеңдестер сезімнен жыр есіп жүр,
Жыр есіп жүр:
Бірі өшіп,
Бірі өсіп жүр.
Шынында да бұл өмір тұрған күрес,
Жұрттың бәрі, байқасаң, күресіп жүр.
Күресіп жүр біреулер жас бала үшін,
Күресіп жүр біреулер баспана үшін,
Күресіп жүр біреулер,
Бәрін қойып
Жұмыстағы жаңа бір бастама үшін.
Өмір сүрген құлақшын,
Белдік үшін
Не мақсатқа жұмсайды енді күшін?!
Көресіні көрсе де
Кемел жандар
Күресіп жүр елінің елдігі үшін.
Бара жатқан азайып аңдар үшін
Күреседі,
Онда бір мән бары шын.
Күресіп жүр біреулер барын салып
Пайдасы жоқ қоғамға жандар үшін.
Біреулері көз ғашық елігі үшін,
Алып-ұшқан көңілдің желігі үшін.
Күресіп жүр біреулер
Мансабы мен
Жаяу қалар әйтпесе көлігі үшін.
Кім біліпті жарармын,
Жарамаспын.
Мен де осынау айқасқа араластым.
Бірақ өзім ұмытпан идеялды,
Күресем деп қамы үшін қара бастың.
Айқасам мен өмірдің қызығы үшін,
Адамға тән жақсылық тізімі үшін.
Күресем мен,
Күресем
Ең алдымен
Туым менен бетімнің қызылы үшін!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады