Қадыр Мырза Али (Бақыт)

 Қадыр Мырза Али (Бақыт)

Бір құдірет бізді өмірге жолдайды.
Біз өмірді түсінбейміз,
Сол — қайғы.
Туа сала таудай бақыт күтеміз,
Ал шынында бақыт үлкен болмайды.
Лүпілдеген тамырындай шекенің
Жеке сағат,
Жеке тәулік,
Жеке күн.
Үлгермейміз түсініп те,
Байқап та
Кейбір сәттің нағыз бақыт екенін!
Құс сияқты сезінбейтін қанатын
Бақыт — сәби білмейтұғын әлі атын.
Бақыт! Бақыт — ғажайып бір дәм ғана
Сүйгеннен соң ерініңде қалатын!
Ақындардың көмейінен жыр ақса,
Кейбіреулер сөз бәйгеде жүр ақсап.
Бақыт шіркін асыл болса — бір мысқал,
Бақыт шіркін уақыт болса — бір-ақ сәт!
Мүмкін емес бұл өмірден исіну.
Болу керек ән әдемі,
Күй сұлу.
Бақыт деген бұлтты күні — жадырау —
Бақыт деген жұмыс болса — сүйсіну!
Келтіретін адам болсаң елге мін,
Неге керек босқа өмірге келгенің!
Бақыт егер байлық болса — бергенің,
Керек болса — Отан үшін өлгенің!
Өмір мына лыпып тұрған ұстара.
Өлім келсе,
Қай туысың түсті ара?!
Бар ғұмыры басқа қонған бақыттың
Көбелектің ғұмырынан қысқарақ!
Бір құдірет бізді өмірге жолдайды.
Біз өмірді түсінбейміз,
Сол — қайғы.
Бақыт үлкен болған емес шынында,
Ал қайғының кішкентайы болмайды!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады