👈 қаріп өлшемі 👉

Үмбетей жырау (Батырың өтті - Бөгенбай)

 Үмбетей жырау (Батырың өтті - Бөгенбай)

Қазақтың ханы Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Ақиықты аспанға
Ұшпастай ғып торлады.
Құлағанға ұқсайды
Қазақтың қамал-қорғаны.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Айтпасыма болмады,
Батырың өтті - Бөгенбай!
Қиядан қиқу төгілсе,
Аттың басын тартпаған,
Қисапсыз қол көрінсе,
Қорқып жаудан қайтпаған,
Қазақ деген халқынан,
Батыр шыққан даңқынан,
Қарсыласқан асылдар
Қорғасындай балқыған,
Батырың өтті - Бөгенбай!
Бұтақты мүйіз бұғысы
Саласында жайылған,
Мылтық атқан мергені
Киігін қойдай қайырған,
Құланы құлындай тулаған,
Түлкісі иттей шулаған,
Қыс қыстайтын жеріңді
Аң етімен тау қылған,
Батырың өтті - Бөгенбай!
Асу салған тас бұзып
Тарбағатай белінен,
Қол қондырған қос тігіп
Бөрлі деген көлінен,
Қалмақты шапқан шулатып
Ақшәулінің өрінен,
Қоныс қылған найманға,
Бәрін қуып жерінен,
Батырың өтті - Бөгенбай!
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Қаз дауысты Қазыбек,
Шақшақұлы Жәнібек -
Ормандай көп Орта жүз,
Сондан шыққан төрт тірек.
Тұғыр болған сол еді
Сіздей төре сұңқарға.
Бәйгелі жерде бақ болған
Сіздей жүйрік тұлпарға.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Келмей тұр аузым айтарға,
Батырың өтті - Бөгенбай!
Еңбек қылған ел үшін,
Жауда кеткен кек үшін,
Қазақтың абырой-арына
Сарп қылған бар күшін,
Қайыры болсын халқыңа,
Сабыр қыл, ойла келмесін,
Қарияң келіп жылап тұр
Еңбегі сіңген ер үшін,
Батырың өтті - Бөгенбай!

Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:


Қарап көріңіз 👇



Жаңалықтар:
» 2023 жылдан бастап Қазақстанда қандай өзгерістер болады? 03.12.2022
» Алаяқтар IPO бойынша жалған мобильді қосымшаларды іске қосты 29.11.2022
» Айлакер-алаяқтар интернетте делдалдарды қалай және қандай мақсатпен іздейді 26.11.2022

Келесі мақала, жүктелуде...
Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы