Қанат Исламды қаралаған «азамат» қазақ халқынан кешірім сұрасын!

Қанат Исламды қаралаған «азамат» қазақ халқынан кешірім сұрасын!

Еліміз көкке көтеріп, мақтан тұтатын боксшылар дегенде сіз кімді ойлайсыз? Иә, әрине, әлемдік рингтерде күшін салып, елге жеңіспен оралатын Геннадий Головкин бірінші кезекте ойыңызға келері сөзсіз, оның орны бір төбе. Алайда нағыз қазақтың азаматы, елдің туын көкке желбіретіп жүрген палуан Қанат Ислам да ескерусіз қалмасы анық. Кәсіпқой бокста еліміздің намысын қорғап жүрген қазақ боксшысы бар деп мақтанышпен айтуға тұрарлық бұл жігіттің есімі бар қазаққа танымал. Әйтсе де, боксшының танымалдылығын көре алмаған, жанкүйерлерінің көптігін сынаған арамызда бір қазақ шықты. Асқар Таудай деген бүркеншік есіммен «Қанат Исламды қай нәтижесі үшін елге үлгі етіп жүрміз?» деген мақаласын жариялаған азамат Қанат Исламның бокс әлеміндегі жетістіктерін азсынып, мойындамайтынын айтып қалды. Аталмыш мақала Szh.kz порталында жарияланды.

«Жуырда ғана әлем чемпионы атанған Жанат Жақияновты, жалпақ тілмен айтқанда, әлемнің вице-чемпионы Бейбіт Шүменовті қазақ жанкүйерлері тани бермейді. Өйткені, олар елім-жерім деп тура мағынасында жылаған жоқ, шеттен шекара асып келген жоқ. Әлемге қазақты боксы арқылы танытып жүрген Жанат пен Бейбітті емес, Қанатты жас ұрпаққа батыр тұлға етіп те көрсетіп жүрміз. Иә, жастарға үлгі боп жүргеніне қуаныштымыз. Бірақ, өскелең ұрпаққа Қанат Исламды қай жетістігі үшін, қандай ерлігі үшін үлгі (батыр) қылып жүрміз. Осыны ойладық па?» деп басталған мақала Қанаттың жетістіктерін сынаумен жалғасын тапты. Бар қазақ үлгі тұтып жүрген боксшының бокс әлеміндегі өзі көрген негізгі қателіктерін рет-ретімен баяндап беруді жөн көріпті.

Біріншіден, журналист Қанат Исламның боксқа кеш келгенін сынап, жаттықтырушысы мен промоутерінің дұрыс таңдалмағанын айтты. «Қанат Нельсон көкесімен жасаған келісімшартында не жазылғаны, қандай келісім болғанын білмейміз, бірақ бес жылдан бері әлі чемпиондық атақ үшін жекпе-жек өткізбегені бізді қынжылтады» дейді. Мұндағы біз дегені мақалаға бір ғана адамның қатысы болмағанын дәлелдейді, бірнеше адамның тапсырысымен жазылған дүние екені айдан анық. 5 жыл бойы ауыз толтырып айтарлық тек екі белбеуі бар екенін айта келіп, ендігі чемпиондық белбеуге шығатын уақыты өтіп кетті дейді.

Жау жағадан алып жатқан кезде Қанатты қорғаған азаматтар табылды. Афина олимпиадасының чемпионы Бахтияр Артаев өз кезегінде екі боксшының бокс әлеміндегі орны жайында мынадай пікір білдірді: «Менің ойымша оларды салыстырып сөйлеу – арандатушы, екеуінің арасына от салушылардың ісі. Қанат – өте ерекше тұлға. Қанатты Генамен салыстыруға келмейді. Неге? Өйткені, Қанаттың елшілдігі, Отанға деген сүйіспеншілігі бір төбе. Қанаттың жан дүниесі туған елім, туған жерім деп тұрады. Біздің ешқандай спортшы осы тұрғыдан аса алмайды. Ал Генамен несін салыстырады? Өнерін салыстыра ма? Гена ұрған боксшыны Қанат та ұрып құлата алады. Қанат жаңадан аяқ алып келе жатқандықтан сондай танымал емес шығар. Бірақ бәрі уақыттың еншісінде».

Бұдан бөлек Асқар Таудай мырза Қанатты төбелеріне көтеріп, сый-сияпатын аямаған қазақ жұртшылығына боксшыының «нағыз шынайы келбетін» көрсетіп, тырыспақ болған. «Соңғы Робсон Ассиске қарсы өткен жекпе-жегіндегі сөзін еске түсірейікші. Кездесу соңында да, елге кеп журналистерге берген сұхбатында да «Қабағым жарылғанда бір секунд ішінде елімді ойладым» дейді. Шындығына келгенде ол елін емес, өзін ойлады. Өзінің сол кезде жеңіліп қалмауын, жанкүйерлерге масқара болмауын ғана ойлады. Басқа түк ойлаған жоқ» дейді. «Қанатты әлем тануы үшін әлемге танылған боксшымен жұдырықтасу керек. Қалғаны бос әңгіме».

Қанат туралы айтылған сынға боксшының PR-менеджері Берік Сұлтан мынадай тойтарыс берді. Тілші біріншіден, есімін жасырған адамды өз-өзіне сенімсіз деп бағалады. «Елдің қамын ойлайтын бір ұл туса, Оны қабатын екі ит қоса туылады» деп бабалар сөзімен мақаласын бастаған Берік Сұлтан сыншының өзін қамышының астына алды.

Ең бірінші кезекте, сыншыны көре алмаушы адамға балап, бокс әлемінен мүлдем хабары жоқ адамның жазған сөздеріне мысқылдап күледі. Қанаттың жетістіктеріне күмән келтірген Асқар Таудайға бүй деді. «Қанаттың салмағында әлем чемпионы бойынша 1793 боксшы бар. Сол боксшылардың ішінде Қанат Ислам 4 орында тұр. Қанат 1739 боксшыны артқа қалдырып тұр. Бұл оларша жетістік емес пе? Бүкіләлемдік WBA тұжырымы бойынша Қанат Ислам 4 орында тұр. WBO тұжырымы бойынша 6 орында, IBF бойынша 13 орында тұр. Әлемдік рейтинг бұл. Әлем боксшыларының арасынан 4 орында тұруды жетістік деп есептемесе, онда білмеймін» деп күйінген Берік Сұлтан сыншысымақтың сауатсыздығын бетке басты.

Сонымен қоса, «әлем чемпионы атануға кеш қалды» деген сөзіне күйіне отырып, 45 жастан асқанда Әлем чемпионы болған Хопкинсті есіне салды. 51 жастағы боксшылар жекпе-жек өткізіп жүргенде Қанат Ислам олардың жанында әлдеқайда жас екенін айтты. «Қанат – халықтық боксшы» деген сөзін де елеусіз қалдырмады. Себебі, екінің бірі халық сүйіктісіне айнала алмайды. Халық та екінің бірін құрметтеп, сүйе бермейді. Ал, «Қабағым жарылғанда бр секунд ішінде елімді ойладым» деген сөзіне қарап, ол елін емес өзін ойлады» деген сөзін ақылға сыймайтын айыптауға балады. «Қабақ жарылып, жекпе-жекті тоқтатса, жеңіліс болады. Ал ол рингке тек Қанат емес, көк ту шықты, намыс шықты. Қанат жеңілсе, көк ту желбіремейді. Қанат сол үшін елді ойладым дегенін бәрі түсінді. Тек бір топ қана ұқпай қалған сияқты» деп сөзін былай жалғады: «Неге Қанаттың лақап аты – ҚАЗАҚ?! Қанат «Қазақ ұлтын әлемге таныту үшін жүрмін» - деді. Сол үшін қазақ. Мұны түсінбейтіндер бәрібір түсінбейді. Себебі ұлттық деңгейде ойлана алмайды» деп шорт кесіп, сөзін түйіндеді.

Бұл сынға журналист Мұрат Есжан да үнсіз қалмады. Орындықта отырып, ештеңенің мәнісіне бармай жатып «орынды сын» айтқан домалақ мақала авторы Қанатты Жанат, Бейбіттермен салыстырғанда, ескермей кеткен жайттарды өзі ескертті:

1.Қанат – екі миллиард қытайдың арасында жүріп, олимпиада жолдамасын жеңіп алған жалғыз қазақ.

2.Қанат – жазғы олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Басқаны қайдам, қазақ олимпиада жүлдегерлерін айырықша бағалайды және спортшының ол жетістігін оңайшылықпен ұмытпайды.

3.Қанат – сол алпауыт Қытайдың қолпашын, Лондон олимпиадасына бару мүмкіндігін «Қазақ елінің азаматы болу» деген біз үшін аса қадірі жоқ, бірақ өзі үшін баға жетпес мәртебеге айырбастап келген ер.

4.Қанат – кәсіпқой бокстан кетпей тұрып-ақ, «қазағым, елім» деп ұран салып, сұхбат беріп, арасында Қытайдағы қазақты ойлап, көзінің жасын сығып алып, жастарды ұлтшылдыққа үндеп жүрген жігіт.

«Қанаттың жекпе-жекке деген дайындығы да, көңіл-күйі де жақсы. Қанат өте намысқой жігіт. Әрқашан Қанат «қазағым, елім» деп жүреді. Намысқой жігіттер әр уақытта жеңіске жетеді . Ол азаматтың рухы мықты», — дейді ол Қанат туралы.

«Қанатты сынау үшін алдымен Исламдай болып алсын жұрт» дейді спортшы. «Қанаттың әр істеген ісі елі, жері үшін істеліп жатқанын айта келіп, «Егер атақ пен белбеу және ақша керек болса, ол баяғыда-ақ қол жеткізер еді. «Қанат» дегенді естігенде күллі әлем қазақ халқы бар екенін, мықты екенін дәлелдеу үшін осы қиын жолды өтіп жатыр» дейді Ділдәбеков.

Иә, қазақты көтеретін де қазақ, абыройын түсіретін де қазақ. Әр ұлттың азаматы бірін-бірі даттап, сынап-мінеп жатқанда еліміз қалай өркендемек? Ол азамат ұлттық құндылыққа нұқсан келтірерлік дүниеге барып тұрса, мейлі дерсің. Бірақ, «Елім, жерім» деп тұрған ел азаматын өзектен теппей, одан сайын рухын асқақтатып, қолтығынан демеу біздің міндетіміз емес пе? «Болар елдің баласы бірін бірі батыр дейді» деген мақалды қайталаудан жалықпаймыз. Ал өзін Асқар Таудай деп атаған азамат өзіне қойған атқа лайықты болып, шын мәнінде "тау тұлғалы" екен деп айтуға болатын салмақты дүние тудырса дегіміз келеді.

Дайындаған: Гүлім ЖАҚАН

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады
Пікір жазу

Ілмектер: Қанат Ислам, қанат ислам туралы ақпарат, канат ислам, Қанат, қазақ, деген, дейді, жүрген, чемпионы, Қанаттың, жекпе, Ислам, сөзін, орында, Қанатты, екенін, азаматы, боксшының, көкке, бойынша, Асқар, бірін, жүрміз, Қазақ боксы, кәсіби бокс, әлемдік ринг, танымал боксшы, мақтан тұтарлық жігіт, Қанат Исламды даттау сынау, Асқар Таудай, қазақ жанкүйерлері, чемпион, халықтық деңгейдегі боксшы, Генадий Головкин, шынайы келбет, сынға жауап, Мұрат Есжан, Берік Сұлтан, Бахтияр Артаев, Мұхтархан Ділдәбеков, қанат, ислам, туралы, ақпарат, канат, Қазақ, боксы, кәсіби, бокс, әлемдік, ринг, танымал, боксшы, мақтан, тұтарлық, жігіт, Исламды, даттау, сынау, Таудай, жанкүйерлері, халықтық, деңгейдегі, Генадий, Головкин, шынайы, келбет, сынға, жауап, Мұрат, Есжан, Берік, Сұлтан, Бахтияр, Артаев, Мұхтархан, Ділдәбеков