Ертегі: Асан батыр

Ертегі: Асан батыр казакша Ертегі: Асан батыр на казахском языке

Ертеде Естеміс деген шал өмір сүріпті. Оның үш баласы бар екен. Ең кішісінің аты Асан болыпты. Асан жас кезінен көзге түсе бастайды. Ол басқа балаларға қарағанда ерекше болып өседі. Оның жаны басқа адамдардай кеудесінде емес, басқа жерде еді. Ешкімге кегін жібермейтін, айтқанынан қайтпайтын, қадалған жерінен қан алатын. Бірақ ашуы тез қайтатын мейірімді еді.

Бірде Естеміс сырқаттанып жатып қалады. Науқасынан айықпайтынын сезген ол ұлдарын шақырып өсиетін айтады. Кезек кенже ұлы Асанға жеткенде ол:

— Ал, балам, менің өсиетімді тыңда. Сен әлден бастап-ақ өз күшіңе ие болмай, кім болса сонымен керісіп жүресің. Одан аулақ бол, өз-өзіңді ұстай біл, шыдамды бол. «Сабырлының бағына алма бітер, сабырсыздың басына қауға бітер» демекші, сабырлы бол, ақылға жүгін, – дейді.

Күні жетіп Естеміс өледі. Естемістен қалған үш бала енді күн көрудің амалын ойласады. Үлкен ұлы егін егіп, ортаншы ұлы мал бағып, күндерін көреді. Ал Асан аңшылықпен айналысады. Бір күні аң аулап жүріп, елінен ұзап кетіп, жол-жөнекей үш атты кісіні кездестіреді. Олар Асанға жақындап келіп:

— Жігітім, бұл арада не істеп жүрсің? Бұл жердің аңын аулауға ешкімнің қақысы жоқ. Тез арада еліңе қайт, – деп дүрсе қоя береді. Асан әкесінің айтқан өсиетін еске түсіріп, сабыр сақтап, олармен келісім жасамақ болады. Бірақ әлгілердің ойы мүлде басқаша еді. Ақыры, амалы таусылған Асан үшеуіне тойтарыс беріп, аттарын, құралдарын тартып алады. Өздерін бос қоя беріп, аулаған аңдарын алдына өңгеріп, еліне қайтады.

Бір күні үйіне көршілес отырған елден хабаршы келеді. Сол елдің ханының үш қызы бар екен. Ол осы қыздарын ұзатпақ болып, жан-жақтан батыр жігіттерді шақыртыпты.

“Қыздарымды қара тасты қақ жарған кісіге беремін”, — деген жарлық шығарыпты. Осы жарлықты естіген Асан батыр да бағын сынамақ болады. Қару-жарағын алып, жолға шығады. Хан сарайына келіп, қара тасты қақ жармақ болған жігіттердің қатарына қосылады. «Мен күштімін» деген жігіттер кезекпен келіп, хан көрсеткен тасты қақ жармақ болады. Бірақ ешқайсысының оған әлі жетпейді. Енді кезек Асанға келеді. Асан ханның шартын мүлтіксіз орындайды. Бірақ, хан қызын оған бергісі келмейді. Сөйтіп, оны әр түрлі қиын жұмыстарға жұмсайды.

Хан қайда жұмсаса да Асан одан қорықпайды, айтқанын түгел орындап келе береді. Амалы құрыған хан қыздарын Асанға береді. Асан кіші қызды өзі алады. Екі әпкесін ағаларына қосады. Осылай бәрі бірге өмір сүріп жатады. Бірде ағаларының көңіліне арамдық кіреді:

— Бәріміз бір тудық, осы Асан бізден қалай артық болып жүр? – деген оймен інілерінен құтылудың амалын қарастыра бастайды. Бір күні олар:

— Асан әйеліне барлық сырын айтатын шығар, содан сұрайық, – деген шешімге келеді.

Олар келінін шақырып:

– Күйеуіңнің жаны қай жерде? Ол жаман бір нәрсеге ұрынып қалса, біз көмектесуіміз керек қой, – деп сұрайды. Келіні:

— Асанның жаны кеудесінде емес, басқа жақта, – деп жалтара жауап береді.

Ағалары:

— Келініміз Асанның жанының қайда екенін айтпады. Оны жарымжан етейік, одан басқа амалымыз қалған жоқ, – деген келісімге келеді де ауыл ұйықтап жатқанда:

— Елге жау шапты! – деп өтірік айқай салады.

Асан ұйқылы-ояу қалпында тұра жүгіреді. Осы кезде ортаншы ағасы Асанды қылышымен салып қалады. Қылыш Асанның аяғын шауып түсіреді. Сұм ағалары келінін күштеп, өздерімен бірге алып, басқа жерге көшіп кетеді.

Осылай, ағаларының көре алмаушылығының кесірінен аяғынан айырылған Асан жалғыз қалады. Бір күні еңбектеп далаға шығып отырған кезінде, киік қуып келе жатқан бір кісіні көреді. Киікті ұстай алмай, әбден шаршаған ол Асанның жанына келеді. Асан:

— Кім боласыз? Неғып жүрсіз? – деп сұрайды.

— Аң қуып жүрген аңшымын, бірақ қолымның жоқтығынан ұстай алмаймын, – дейді.

— Сен де бір жүрген жарымжан екенсің ғой. Ал менің аяғым жоқ, қолым бар. Кел, серіктес болайық. Екеуіміз бірігіп аңшылықпен айналысайық, – деп, ұсыныс жасайды.

Сөйтіп, жаңағы келген адам мен Асан бірігіп киік аулап, күн көріпті. Бір күні көрші ауылда той болады. Сол тойға Асан досы екеуі бірге барады. Тойдан келе жатса, алдынан бір жетім қыз шығады. Асан қызға:

— Бізбен бірге жүр, қарындасымыз боласың, – деп, оны ертіп жүреді.

Қызды өз мекеніне алып келген соң:

— Ал, қарындасым, саған біз жаманшылық жасамаймыз, тек қана нанымызды пісіріп, кірімізді жуып берсең болды, – дейді.

Қыз келісіп, Асанның қолында тұра береді. Бір күні ол жаққан отын сөндіріп алып, енді қалай тұтатарын білмей отырғанда, алыстан жарық көрінеді. Барса, от басында мыстан кемпір отыр екен. Қыз барып, мыстаннан от тұтатар шоқ алып қайтады. Мыстан қыздың ізін бағып, қайда баратынын аңдып, біліп алады. Ертеңіне Асан кеткен соң, мыстан жетіп келіп, қызға:

— Қызым, басымды қарап берші, – дейді. Қыз:

— Алдыма жатыңыз, қарап берейін, – дейді.

Мыстан қыздың алдына жатады да балтырының қанын сора бастайды Сонан соң алғысын айтып кетіп қалады. Осылай мыстан кемпірге дуаланған қыз ештемені байқамай, күніге үйде ешкім жоқ кезде, оның басын қараумен болады. Сөйтіп, қыз күннен-күнге ари береді. Бұл өзгерісті Асан байқайды. «Осының сырын білейін» деп, ол аңға кеткен болып, есіктің сыртына жасырынып қалады. Мыстан кіріп келген мезгілде, Асан оның аяғынан ала түседі. Кемпірдің алқымынан алып, өлтіруге шақ қалады. Жаны қиналған мыстан жылап:

— Аяғы жоғыңа – аяқ, қолы жоғыңа – қол берейін, тек өлтіре көрме, – деп жалынады.

Асан:

— Мен саған сенбеймін. Айтқан сертіңді қазір орында, – дейді. Мыстан аңшыға қол, Асанға аяқ жасап береді. Төрт мүшесі түгелденген Асан досымен қоштасып, қызды аулына апарып тастайды. Өзі үйін іздеуге шығады. Келе жатып қой бағып жүрген баланы кездестіреді. Асан:

— Кімнің баласысың? Қайда тұрасың? – деп, жөн сұрайды.

— Мен ана ауылда шешеммен бірге тұрамын. Әкем жоқ. Ол мен тумай тұрып қайтыс болып кетіпті.

— Әкеңнің аты кім? Мынау кімнің малы?

— Бұл – әкемнің ағаларының малы. Шешем екеуіміз сол кісілерге жалданып күн көріп жүрміз. Әкемнің аты – Асан, – дейді бала.

— Балам, мен сенің әкеңмін, өлген жоқпын, тірімін, – деп болған оқиғаны баяндап береді.

Кешке қарай Асан баласын ертіп ағаларының аулына келеді. Әйелі мен баласы тұрып жатқан үйге кіреді. Әйелі есік алдында күбі пісіп жатыр екен. Күйеуі мен баласын көрген ол не сенерін, не сенбесін білмей талып қалады. Есін жиған соң екеуі сағыныса көрісіп, әйелі:

— Ағаларың сені жарымжан еткен соң, «бұл енді сал адаммен қалай өмір сүреді? Өзімізбен бірге ала кетейік, масыл бола қоймас, тірлігімізге де көмектесер» деп мені күштеп алып кетті, – дейді.

Осылай үшеуі ұзақ уақыт әңгімелесіп отырады. Таң ата ағалары балаға:

— Қойға бар! – деп айтқалы келгенде, жұртта қалған інілерін көреді. Асанның аяғына қарап, не сенер, не сенбесін білмей тұрған ағаларына:

— Ағатайларым, маған жасаған қиянаттарың аз емес. Бірақ мен сендер сияқты жауыз емеспін. Бірге туғанымсыңдар ғой, бір жолға кешірейін, екінші мұндай істеріңді қайталамаңдар, – дейді.

Ағалары:

— Кеш бізді, бізден бір ағаттық кетті, бұның бәрі көре алмаушылықтың әсерінен ғой, – деп, інісінің алдында бас ұрады.

Осылай ағайындылар жылап-сықтап көрісіп, татуласады. Күн артынан күн, ай артынан ай, жыл артынан жылдар өтіп жатады. Бірақ Асан әкесінің өсиетін ешқашан ұмытпайды. Ақылымен, сабырлылығымен ел алдында сыйлы болады. Үлкен байлыққа кенеледі. Ел арасында «әділ Асан би» деген атаққа ие болып, мұратына жетеді.



Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Ертегілер жинағы, ертегі Асан батыр туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки для детей на казахском языке, балаларга Асан батыр арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер, ертегилер Асан батыр казакша оку, Асан батыр, ертегі Асан батыр туралы ертеги казакша сказка на казахском сказки для детей на казахском языке балаларга Асан батыр арналган кызыкты ертегилер 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер ертегилер Асан батыр казакша оку Асан бат, Ертегі: Асан батыр ертегі оқу Қазақша Ертегілер жинағы Қазақша Ертегі казакша ертегилер казакша ертеги сказки на казахском языке сказки на казахском языке онлайн