Айдаһар

 Айдаһар

Баяғы бір өткен заманда елге аты шыққан ақылды, батыр жігіт болыпты. Атағы бүкіл әлемге әйгілі екен. Күндердің күнінде сол жігіт үйленіп, торсықтай ұл сүйеді. Бірақ пешенесіне жазылғаны сол болар, ұлының қызығын көрмей, дүниеден ерте қайтады. Әйелі жалғыз баласымен жесір қалады. Қаншама қиыншылықтарды басынан өткізсе де ұлын басқа балалардан кем етпей бағып-қағады. Баласы әкесіне тартып ақылды, батыр жігіт болып өседі. Бір күні ол шешесіне:

— Ана, мен ел аралап, оқып, білім алайын, – деп сұранады.

— Жарайды, балам, қалауың білсін. Әкеңнің арманы да осы еді. Барсаң бара ғой. Тек ұзақ жүріп алма, менің осы арада жалғыз қалғанымды ұмытпағайсың, – деп батасын береді.

Жігіт алыс жолға аттанады. Екі-үш жыл жүріп, болған жерлеріндегі ақылды қариялармен әңгімелесіп, ақылдарын тыңдайды. Көп нәрсені үйреніп, енді еліне қайтпақ болады. Осылай анасына асығып келе жатқан жігіт жолда бір сұлу қызға жолығады. Қыз жігітке:

— Мен бір жүрген жетім қызбын. Көштен қалып қойған едім, өзіңмен бірге ала кет, – дейді.

Жігіт келісіп, қызды ертіп аулына оралады. Ұлын көрген анасы қатты қуанып, үлкен той жасайды. Қызды өз қызындай қарсы алады. Бірнеше уақыт өткен соң, жігіт сол қызға үйленеді. Үшеуі тату-тәтті тұрып жатады. Тек жігіт күн өткен сайын қатты жүдей бастайды. Сол ауылда бір оқымысты, кітап ашатын адам бар екен. Анасы айтып қоймаған соң, жігіт соған келіп, кітап аштырады. Оқымысты кітабын ашып оқып, ары-бері біраз жүрген соң, жігітке:

— Сенің үйіңде екі адам, бір хайуан тұрады екен. Сенің жүдегенің содан, – дейді.

Жігіт оқымыстының айтқан сөзіне сенбей таңданып, үйіне қайтады. Түнде ұйықтай алмай, көпке дейін ойланып жатады.

Түн ортасында қасындағы әйелі оянып, өзгере бастайды. Кенет ол үлкен айдаһарға айналады. Басын шаңырақтан шығарып, ауыл шетіндегі өзеннен су ішеді. Ал құйрығы төсекте жатады. Жігіт өтірік білмегенсіп жата береді.

Таңертең жігіт ешкімге айтпастан ерте тұрады да сол кітап ашқан кісіге қайта келеді. Оған түнде болған оқиғаны түгел баяндап береді. Сонда оқымысты жігітке:

— Жеті қабат темір үй салып, соған көш. Сонан соң тұзы ащы қуырдақ жасатып, әйеліңе жегіз. Үйге су қоймай, есіктерді сыртынан бекітіп, өртеп жібер, – дейді.

Осы күннен бастап жігіт жеті қабат темір үй сала бастайды. «Мұндай үйдің бізге не қажеті бар?» деген шешесі мен әйелінің сауалына:

— Өткенде мен алдына барған оқымысты: «Егер өз қолыңмен жеті қабат темір үй салсаң ғана дертіңнен айығасың» деген еді, сол үшін салып жатырмын, – деп жауап береді.

Осылай ол алты ай алты күн дегенде үйді салып бітіреді. Жаңа үйге кірген күні жігіт шешесіне қуырдақ пісіртеді. Өзі екеуіне білдіртпей бір уыс тұзды қазан ішіне салып жібереді. Жатар алдында үйдегі бар суды төгіп тастайды. Түнде, әйелінің көзі ұйқыға кетті-ау деген кезде, келіп шешесін оятып, үйдің барлық қабаттарын құлыптап сыртқа шығады да жан-жағына сабан үйіп, үйді өртеп жібереді.

Түннің ортасында әйелі оянып, айдаһар қалпына еніп, су ішпек болады. Уақыт өткен сайын темір үй де қатты ысып балқи бастайды. Ал қатты шөлдеген айдаһар жеті қабат темір үйдің алтауының быт-шытын шығарады. Жетіншісіне келгенде әлі құрып, өледі де үймен бірге балқып кетеді.

Сөйтсе, әйелім деп жүрген қыз екі жүз жыл жасаған айдаһар болып шығады. Ол әдемі қыз кейпіне еніп, жас, ақылды, батыр жігіттерге тұрмысқа шығады екен. Сонан соң біртіндеп олардың күш-қайратын алып, соның арқасында өмір сүретін көрінеді. Әбден әлін жиған соң, бір тайпа елді жұтып қоюы да мүмкін екен.

Осылай ақылды жігіттің арқасында қалған ел қанішер айдаһардан құтылыпты. Ал жігіт қайтадан оңалып, басқа әйел алып, балалы-шағалы болып, бақытына жетіпті. Әкесінің көре алмай кеткен қызығын анасына көрсетіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 2 586



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі