Ертегі: Үббе қаласында болған Аманқұл

Ертегі: Үббе қаласында болған Аманқұл казакша Ертегі: Үббе қаласында болған Аманқұл на казахском языке

Қазақтар бұрынғы бабаларының айтып кеткен әрбір түрлі ертектерінен естіп, Үббенің суда болатындығын біліпті.

Бағзы уақытта адамдар суда жүргендерінде қорқыныш бола қалса: «Маған тиме!» – деп айқайлайды екен.

Өткен заманда бір қалада Аманқұл атты кісі болыпты. Аманқұлға қатыны:

— Тамақ пісіруге су жоқ, – деген соң, су алып келейін деп, қолына шелек алып дарияға келіп, шелегін толтырып, өзі салқындайын деп суға түссе, Үббенің жасауылы кез келіп, су түбіне тартып кетіпті.

Аманқұлды су түбіндегі Үббенің қаласына алып келіп, Үббенің отыратұғын ордасының алдына қойып, жасауыл ішкері кіріп, қолын қусырып, Үббеге сәлем беріп, айтыпты:

— Тақсыр! Бұйрығыңыз бойынша Аманқұлды алып келдім, – деп. Үббе айтыпты: «Жарайды! Оны мұнда ішкері кіргіз», – деп. Мұнан соң жасауыл қайта шығып, Аманқұлды патшаға алып жүргенде айтты:

— Ішкері кіргеніңде қолыңды қусырып, патшаға сәлем бергейсің, – деп. Аманқұл сәлем беріп, патша ордасына кірсе, үй тола отырған адамдарды, олардың ортасында отырған ұзын сақалды, қабағы жабылған қара кісіні көреді. Бұл қара кісі Үббенің өзі екен. Аманқұл Үббенің бірнеше жыл қызметінде болып, ақырында қызметі жаққаны үшін Үббе Аманқұлды уәзір етеді.

Оның қызметінің жаққан себебі, бұл Үббе қаласын қараң қылатұғын бір айдаһар жылан бар еді. Ол жыланға әр күнде бір адамнан шек беретұғын еді. Бір уақытта шек Үббенің баласына түсті. Үббе оған көп қайғыланып, баласын құтқаруға ешбір айла таба алмапты Сонда Аманқұл:

— Сіздің балаңыздың орнына мен барайын, – деп, қолына өткір алмас қылыш алып, айдаһарға кетті дейді. Аманқұл барып, айдаһардың келетұғын жолына отырыпты. Мына айдаһар жаңбырлатып, қарлатып келіпті. Сол уақытта Аманқұл алмасын қолына кісесінен ұстап отырыпты. Айдаһар келе Аманқұлды жұтқанда, алмас қылыш оны ортасынан екі бөліп кетіпті. Аманқұл саламат қалаға қайтып келіп, айдаһарды өлтіргендігін қала халқына айтқанда, олар нанбай: «Енді қала халқына бәле болды ғой», – деп, екі адамды анығын білмекке жіберсе, айдаһар ортасынан екі бөлініп жатыр екен. Жіберген адамдарының біреуі қалаға келіп, айдаһарды өлтіргені рас екен деп, Үббеден сүйінші сұрапты. Мұнан соң қала халқы бәледен құтылғандарына той етіп, көп тамаша қылған дейді.

Аманқұл жақсы адам санына кіріп, патшаға уәзір болыпты. Үббенің бір уәзірінің Қарашаш сұлу деген қызы бар еді. Аманқұл осы қыздың әдемілігіне асық болыпты. Қыз да Аманқұлдың ерлігін көріп, бұған асық болыпты. Осы екеуі бір-біріне ғашық болып, қосылудың ешбір амалын таба алмай жүріпті. Бір күні патша Аманқұлды шақыртып алып, айтыпты:

— Аманқұл! Не мақсат болса да сұра, қабыл етейін. Онда Аманқұл айтты:

— Тақсыр! Менің екі тілегім бар, біреуі - елге қайтпақ, бірі - сіздің уәзіріңіздің қызы Қарашаш сұлуды алмақ.

Сонда Үббе айтты:

— Екі тілек бір көңілге сыймайды, біреуін ал.

Аманқұл:

— Қарашаш сұлуды алып берсеңіз, еліме баруды қояйын, – деді. Үббе мұның бұл тілегін қабыл көріп, уәзірін шақыртып алып:

— Аманқұлға қызыңды бер, – деп бұйрық етті.

Уәзір:

— Жарайды, тақсыр! Қызым қаласа, мен қабыл көрдім, – деді. Үббе сұратса, бұрыннан ғашық болып жүрген қыз:

— Қабылым бар, – депті. Мұнан соң бірнеше күн той-тамаша қылып, Қарашаш сұлуды Аманқұлға неке қиып қосты дейді.

Аманқұл Қарашаш сұлумен қосылған соң, бірнеше жыл Үббенің қызметінде болып тұрды дейді. Бір күндері Аманқұлдың есіне баяғы қатын-баласы түсіп: «Менің бұл жүргенім дұрыс емес. Кісі елінде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болған артығырақ деген сөз бар еді ғой,» – деді. Сөйтіп, Аманқұл еліне қайтпаққа ниет етсе де қайтіп қайтарының лажын таба алмай, көп қасіретпен бірнеше уақытты өткізді.

Аманқұл Қарашаш сұлумен тату тұрып, оны жақсы көрсе де Қарашаш сұлу бұған бір сандығының кілтін көрсетпейтін еді. Бұған Аманқұл қайран болып, сол кілтті қолына түсіре алмай жүретін еді. Бір күндері Қарашаш сұлу бір жаққа қонаққа кеткенде, кілті ұмыт қалып, Аманқұлдың қолына түсіпті. Аманқұл сандықты ашып қараса, сандықтың ішінде бір көк шыбық бар, онан басқа еш нәрсе көрінбеді. Аманқұл бұл көк шыбықты көріп, не қасиеті бар екенін білмей, таңданып, қайтадан сандық ішіне салып, кілтін орнына қойыпты.

Аманқұл еліне қайтпағанын ойлап, Құдай тағалаға сиынып жатса, түнде бір қара кісі басында ақ сәлдесі бар, келіп айтты:

— Ей, балам! Қапа болма. Мынау сандықтағы көк шыбықты алып, «бісміллаһ» деп, жерге ұрсаң, аман-есен үйіңе барасың. Мұнан соң Аманқұл ұйқысынан шошып оянып, Құдайға боз қасқа айтып, қолына көк шыбықты алып, «бісмілла» деп жерге ұрса, Құдайдың құдіретімен баяғы өзінің суға түскен жерінен шығыпты.

Аманқұл қараса, киімі шешкен жерінде, шелегі суға толы бойынша тұр екен. Аманқұл киімін киіп, шелегін алып, үйіне келсе, жамағаты жаңа ғана ас қылмаққа даярланып тұр екен. Аманқұл көрген уақиғаларын жамағатына айтса, жамағаты нанбайды.

— Арасында аз уақыт өтті ғой! – деп. Аманқұл бақытты болды, оның үшін баяғы көк шыбықтың көп қасиеті бар екен. «Бісмілла» деп жерге соқса, не тілеген нәрсесі болса да әзір болады екен. Аманқұл ақырында сол қаланың патшасы болып, бай болып, барша мұратына жетті дейді.



Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Ертегілер жинағы, ертегі Үббе қаласында болған Аманқұл туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки Үббе қаласында болған Аманқұл для детей на казахском языке, балаларга арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер Үббе қаласында болған Аманқұл, ертегилер Үббе қаласында болған Аманқұл казакша оку, Үббе қаласында болған Аманқұл, ертегі Үббе қаласында болған Аманқұл туралы ертеги казакша сказка на казахском сказки Үббе қаласында болған Аманқұл для детей на казахском языке балаларга арналган кызыкты ертегилер 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер Үббе қал, Ертегі: Үббе қаласында болған Аманқұл ертегі оқу Қазақша Ертегілер жинағы Қазақша Ертегі казакша ертегилер казакша ертеги сказки на казахском языке сказки на казахском языке онлайн