Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  64


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Ақжелкен

И. Тасмағамбетовке



Сізге бақыт тілейді үй, босағам,
Сіздей жанды сыйласын, сыйласа адам.
Ардақ тұтқан алаштың асылысың,
Аруақтар қолдасын, Имаш ағам!
Ел біледі, жасыңнан атқа міндің,
Ұлтың үшін аянбай, отқа кірдің.
Алатаудай – асқақсың, даламдай – кең,
Сен сөйлесең, Жайық боп ақтарылдың.
Сен сөйлесең, артта қап азап күнім,
Бүкіл қазақ сезінді қазақтығын.
Үлесің бар өзіңнің, басқа қонса
Тәуелсіздік, бостандық, азаттығым.
Сен сөйлесең, сөздерің семсер болып,
Биіктедің қазақи еңсем болып.
Қошқармүйіз оюлы нұр жамылып,
Ел отырды киіп ап сеңсең бөрік.
Сен сөйлесең, жарқ еттің алдаспандай,
Кейде маңғаз көріндің марқасқадай.
Күлтегін мен Тоныкөк, Бейбарыстың
Сен арқылы арманы жалғасқандай.
Тіліп, тіліп сөйледің, көк тіредің,
Өйткені сен намыстай өткір едің.
Сарайшықта тірілттің тарихымды,
Келешекке жеткізіп көп тілегін.


Ғасырлардың сүңгідің тереңіне,
Рух еді ұлтыңа керегі де.
Алматыда өмірдің жаннатында
Шабыт бердің ақынның өлеңіне,
Шуақ төктің әншінің әлеміне.
Сен сөйлесең, жүрекке от бересің,
Соны Алла тағала көп демесін.
Ақжелкендей жүзе бер, Имаш аға,
Алға бастап Алаштың ақ кемесін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу