Өлеңдер ✍️

  26.09.2022
  213


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Солай

Бір кездесу- бір өлеңнің толғағы,
Өмір келте, біз де сондай келтеміз.
Құдайдың да мейірімі болмады,
Сен кетесің... жолың болсын, Ерке қыз!
Анаған да, мынаған да сенгем көп,
Кеш кірді де, іңір болып ес кірді.
Шын айтамын, мен өмірде көргем жоқ,
Құдайдан да өтірікші ешкімді!
Ұмытам деп ең бақытты кезімді,
Қалап іштім, шарап іштім көл- көсір.
Бар күнәмді, артық айтқан сөзімді
Құдайдан да бұрынырақ сен кешір!
Бұйырады өмір дейтін көш кімге,
Қорықпаймын мен жәбірейілден жан ілген.
Мені енді құтқармасын ешкім де,
Танысқым бар керек болса тәңірмен!
Жүрегімді өз- өзіме сендірдім,
Түртсін мейлі не бір шайтан, не түлен.
Тәңірді де сағындырам мен бір күн,
Жүрегімнің отымен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу