Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  264


Автор: Есенқұл ЖАҚЫПБЕК

«БІРЛІККЕ» БАРА ЖАТҚАНДА

Көне сүрлеу барады ағып суша алға,
Жұпар иіс бұрқырайды жусанда.
Айналаның бәрі таңсық бүгінде,
Осында өсіп, осы ауылда тусам да.
Сыңғыр-сыңғыр сырнай тартып шилері,
Сырлы «Ащыны» сырбаз әуен биледі.
Қылта тұстан көрінеді қылт етіп,
Қызыл аңдып қырды кезген шибөрі.
Күн еңкейіп болып қалды екінді,
Қызыл сәуле аймалайды бетіңді.
Өркеш таулар өлең сүйген жүректің
Кардиограмма толқындары секілді...
Табиғатқа айтып арман – сырларын,
Бұлттар көші барады ұшып бір қалың.
Алыстағы тракторлар дауысы
Жыр етуде молшылықтың қырманын.
Жабы бұлттың жанарынан жас жаумай,
Қаңсып қалған қазірден-ақ бастау қай.
Шілде шыға бәсеңсіген арыны
Шұңғыл сайлар орта түскен астаудай.
Бұраң-бұраң жолдары көп тірлікте,
Біреу бағыт ұстанған-ау «Бірлікке».
Құдды өзімдей
Қара жолдың үстінде
Құлдыраңдап бара жатыр бір нүкте.
Іштей толғап бара ма екен ол да жыр,
Іңкәр елге жеткізер-ау жол қазір.
Әудем жерден жеті айда бір жетпеген
Әлде мендей жайбасар ма ол да бір.
Жалғыз белес жеткізбейді мың белдей,
«Бірлігіме» кеткем қалай бір келмей?!
Сағынғаннан
Кеңістікті жанарым
Тесіп өтіп бара жатыр туннельдей...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу