Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  167


Автор: Бижан Қалмағанбетов

КІТАП

Досқа ашсақ та ақкөңілмен құшақты,
Еркін сөйлеу ойымызды тұсапты.
Өйткені біз сөз маржанын термейміз,
Бұрынғыдай көп ашпаймыз кітапты.
Компьютермен өтіп жатыр күніміз,
Кемшілік деп санамаймыз мұны біз.
Белден бастық мәдениет дегенді,
Түсініксіз шұбар ала тіліміз.
Кезіміз көп жоқ нәрсеге байланар,
Көсемсиміз кереметпіз тойда нар.
Мүдіреміз кімдер десе ұлылар,
Сөйтіп жүріп қазақ болу ойда бар.
Сөзін қалай айта алады дананың,
Сол кітаптың ашпаса бір парағын.
«Оқысаңдар шамнан шырақ жағылар»,
Ыбырайды есіңе алшы, қарағым!
Шепті бұзып демегенмен жау енді,
Сол интернет баурады ғой сау елді.
Кітаптарды жинап қойып барлығы,
Соған ғана болып алды тәуелді.
Деме неге кітап жайын сөз етті,
Ұмытылар жәйт емес бұл кезекті.
Кітап оқып, ойымызды байыту –
Бүгінгінің мәселесі өзекті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу