Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  69


Автор: Исраил Сапарбай

ШАРБОЛАТ

Шарболатты суға сал,
Қызып тұрған шағында!
Ата жолын қумасаң,
Ана сүтiн сағынба!
Шарболатты суға сал,
Қызып тұрған шағында!
Елден ер боп тумасаң,
Еншi даулап қағынба.
Бас құлықсыз құлаққа,
Тез жүрмейдi құнысқа.
Жата берсе қынапта,
Қылыш шiркiн қылыш па?!
Таусылғанша таланың
Сен елдесiң, ел сенде!
Ақылың мен амалың
Серiк болсын семсерге!
Жаратқанның жарлығын
Қаперге алған қай залым?
Шаңырақтың тағдыры
Намысында найзаның!
Санаң неге самарқау,
Сап құрайтын күн қайда?!
Жер жүрегi – Жанартау,
Атқылайтын күн қайда?!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу