Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  74


Автор: Исраил Сапарбай

АҢСАР

Ей, Қара түн, жұлдыздарды қылғытқан,
Құтқарсаңшы қу тiрлiктi құлдықтан!
Алтын айдар туса деп ем бiр сәби
Ақиқаттан,
Шырылдаған Шындықтан.
Ей, Қара түн!
Қайда қара қанатың?
Арзуым бар Алла алдына баратын.
Қара жердi қаптап кеттi жын-шайтан,
Жарық жаһан,
Қайта туып-жаратыл!
Қара жердi қаптап кеттi iбiлiс,
Қайдасың Сен, ұлы Құдiрет, ұлы күш?
Көксеуiне құлақ салсаң болмай ма
Көкбөрiнiң Айға қарап ұлығыш?!
Қара жердi қаптап кеттi жын-перi,
Қайдасың сен, ұлылардың Үркерi?
Жерге қарап желiк-көңiл басылып,
Елге қарап елiк-көңiл үркедi.
Қайғы қақтап,
Қара жердi мұң қаптап,
Қайыршының күнi кеттi қымбаттап.
Шығыс жақтан шығар ма екен Таң-Ана
Алтын айдар бiр Сәбидi құндақтап!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу