Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  71


Автор: Исраил Сапарбай

Наркескен

Сенi бiреу кiнәлайды,
Сені бiреу сынайды:
«Көсемдiгiң ұнамайды,
Шешендiгiң ұнайды...»
Арылып ек қашан «жоқтан?»
Сол ғой жанның азабы.
Жамағатқа жасап жатқан
Жақсылығың аз әлi.
Көпшiк тастап жамбасыңа,
Есепшiлдер ептелер.
Шараң бар ма нанбасыңа –
Кiм мақтауды жек көрер?!
Таласатын таққа кiлең
Аз ба адамның сайтаны?
Дұшпан жылмаң қаққанымен,
Дос жылатып айтады!
Барша жұрттан бағың басым,
Отан – сенiң отбасың.
Тәңiр берген тағыңдасың,
Бәрiн көрген патшасың...
Жорға мiнген,
Жолда жүрген
Аз ба, көп пе өткелек?..
Атың Сұлтан болғанымен,
Затың бiзге көп керек!
Жыласа да,
Құласа да..,
Сенi ел-жұртың мақтайды:
«Шешендiгiң ұнаса да,
Көсемдiгiң жақпайды...»
...Әупiрiмдеп,
Алмағайлап
Күн көрiп ек, нан жеп ек...
Абылайдан қалған айғақ –
Сұлтан бөлек, Хан бөлек!
Ақын қашан үндес келмек
Заманамен,
Зәкүнмен?!
«Бас кеспек бар, тiл кеспек жоқ» –
Тiл тамырлас ақылмен!
Қыл суырмақ сары майдан
Қияметтей маған сын!
Айла-ақылы Абылайдан
Асып тумақ – саған сын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу