Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  77


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Сексен тарау

Жіктесек қасиетін даралап кеп,
Бұл мектеп – аудандағы Ана мектеп.
Оқыған азаматтар Шыңғыстайдан
Кезінде көрінетін ғаламат боп.
Бұл мектеп – аудандағы Ата мектеп,
Міне, сексен жылдығын атап өтпек.
Бойына еккен білім шәкірттердің
Жайқалып көктеп шықты шапағат боп.
Сексен жыл – емес шығар ілкі белес,
Уақыт – өтіп кетер бір күн елес.
Қанша адам білім алды бұл мектептен,
Шығу да бәрін санап мүмкін емес.
Жолында бір ғылымның жан садаға,
Тексеріп ғұмыр бойы тауыса ала ма?!
Ұстанып ұлы мақсат ол да кетті
Ұландық Аманжолов Сәрсен аға.
Атағы сыймайды деп осы аяға,
Зерделі шәкірт жолын бос аяма.
Бітірген бұл мектепті Еңбек Ері
Сексен қырлы серіміз Бошай аға.
Қауызы мәпелемей гүл аша ма?!
Бұлқынып бұлықсиды бұла шама.
Оқыған мұнда – Халық мұғалімі
Борандық Нұрғалиев Құмаш аға.
Ғұмыры іздемеген тұрмыс, пайда,
Шіркін-ай, Баламердей білгіш қайда?!
Бойында ұшып жүрсе шыбын жаны,
Ұшып жетер еді ғой Шыңғыстайға.
Бүгінгі жиын жайы мүлде бөлек,
Осы той сексен жылдық бір керемет.
Жүргендей Сейтқамза ағай топ ортада,
Жастармен вальс билеп шыр көбелек.
Жатқа айтып оқулықсыз дәріс берген,
Ғұлама шыққан тегі намыскерден.
Солтанбек ағай марқұм қызық еді,
Қожанасыр секілді шалыс келген.
Санадан осы өлеңнің өткіз мәнін,
Бірімін шежірешіл от-қызбаның.
Апайлар, қарындастар! Кешіріңдер,
Мектептің айтпай барам көп қыздарын.
Ақтарып Абай, Мұхтар қазынасын,
Айтатын әзіл-оспақ, әжуа-сын.
Гүлжихан апай сөйлеп кетер еді
Үнінде мейірімділік сазы басым.
Тоғысып пікір сайын бар ұйғарым,
Сәт сайын жаңғыратын жаңа иланым.
Сыныпты кернеп, билеп кетер еді
Майда қоңыр дауысы Зәбиләнің.
Маңдайы жұлдызды ма, талайлы ма,
Сөздері мағыналы әрі ойлы ма?!
Қазақша жағрапиядан сабақ берген
Нина Александровна Самойлова.
Қазақы қашқақтамай ауылды елден,
Біздерге орыс тілі нәрін берген
Татьяна Александровна Матвеева,
Осындай айналсақшы тәлімгерден!
Сексен жыл – мәуелетіп еккен шынар,
Зерттейтін түгел соны тектеуші бар.
Бұл тойды атқаруға Алматыдан
Зейнолла, Оралхандар жеткен шығар!
Жастықтың бұл мектептен лебі еседі,
Қарттықпен санаспай-ақ кеңеседі.
Қарағайдан қиған көне мектеп үйі,
Жұмағыңнан бір де кем емес еді.
Ұмыту жөн бе жақсы күнді мына,
Шежіре жеткізе ме шындығына?!
О, Шыңғыстай мектебі!
Барым – осы
Әкелген сенің сексен жылдығыңа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу