Өлеңдер ✍️

  08.09.2022
  298


Автор: Тұрсын Жолымбетқызы

Шамалы

Көктен нұры себілмеген,
Көкжиегі көрінбеген,
Қара бұлттан сейілмеген,
Күйкі өмір кешсең күндізің,
Түннен парқы шамалы.


...Болса да түн қанша ұзақ,
Таң атады жарқырап.
Сұр тұман серпіліп,
Нұр өбеді атырап.
Табиғаттың мінезі,
Міне, осындай нұр рай.
Адамның жаман ниеті,
Ашылмайды сұмырай.
Көкірегі күңгірт, бұлыңғыр,
Тұманды күннен шамалы.
Сен қуансаң қуанып,
Жан жүйесі сөгілмеген,
Сен жұбансаң жұбанып,
Жүректен сүйіп егілмеген,
Кісілігіңе сеніменен,
Қарамаса жақының,
Жаттан парқы шамалы.
Мәртебесі зорайса,
Қошаметші молайса.
Сенен атақ бас шайқаса,
Салауатың сәл тайқаса,
Қасыңнан парқы шамалы.
Лауламаған жалыны,
Жоқ болса бойда дарыны,
Ойлауға жетпей қарымы,
Көмбеге жетпей арыны.
Таразы баспай талғамы,
Бел аса алмай арманы.
Ақылы кемел болмаған,
Бағдарсыз, бассыз сорлаған.
Қолынан іс келмеген,
Құбыжық болса оңбаған,
Қылшылдаған жасың да
Алжыған қарттан шамалы.


Екі кісі бас қосып,
Төрінде кеңес құрмаған.
Көрші, жолдас-жораға,
Ықыласын бұрмаған.
Ағынсыз, нәрсіз, арнасыз,
Беймаза несіп жинаған.
Өзіңмен өткен сыйыңның,
Жұрт білмеген күйіңнің,
Жолаушыға есігі,
Ашылмаса үйіңнің,
Алтынмен аптап қойсаң да
Моладан парқы шамалы.
Ұлағатты кісінің,
Ұлан-асыр ісінің,
Ұлылығын білмеген,
Жақсыларға жанасып,
Жақсы сөзді жанға азық,
Құлағына ілмеген.
Жүргенімен күн кешіп,
Бәрін білген кісідей,
Өмір деген ғылымның,
Формуласын түсінбей...
Ойламы ашық зерде емес,
Дипломнан кенде емес,
Наданнан парқы шамалы.
Тиынның өтіп көзінен,
Өз малын айдап өзінен,
Қулық, өтірік, өсегі,
Желдей ессе сөзінен,
Мәртебедей сезінген.
Сұмпайы, сырдаң сыңайы,
Ісінің келмей ыңғайы.
Тырбанып тірі жүргенімен,
Өліден парқы шамалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу