Өлеңдер ✍️

  08.09.2022
  338


Автор: Тұрсын Жолымбетқызы

Мен

Мен осы таудың түлегімін,
Тауда өскен жасыл құрақпын.
Құдыреті бұл күнім,
Тауымдай мықты тұрақтың.
Тау қызымын!
Тауда тұрып дүниеге қараған,
Кекілімді тау самалы тараған.
Тауым куә тарихқа, тағдырға,
Айлар емес, жылдар емес,
Сан ғасырды санаған.
Тауларым-ай!
Қарағайың болат найза асынған,
Не өтпеді бұлт дулыға басыңнан.
Быт-шыт болып кетпедім,
Жасқансам да жаңбыры жоқ жасыннан.
Мықтылықты үйреніппін тасыңнан.
Таудың жолы күдірлеу,
Күндерім жоқ дей алмаймын сүрінген,
Сүрінген жерден бақыт кілтін таптым да,
Түрегелдім бүгін мен!
Жігерім тас, елжіреуік жүрегім,
Нәзіктікті үйреніппін үлбіреген гүліңнен.
Тауларым-ай!
Өр мінезді үйретті ме биігің,
Тапшылықтың тарта жүріп күйігін.
Бермесе де сыбағалы сыйымды,
Кездерім жоқ жаутаң көз боп жасыған,
Шымырлықты үйрендім бе,
Тау жынысы асылдан,
Қастарымды әйтеуір,
Асырмадым басымнан.
Мен!


Таудан аққан бұлақпын,
Құз басынан құлаған.
Тауқыметті тең тартып,
Тау жыласа жылаған.
Жабырқасам, жүдесем,
Тауым еді хал-жайымды сұраған.
Туған тауым, өскен елім,
Екеуі бейне бір адам.
Екеуі де өз анам.
Мен!
Тауда өскен қайыңмын,
Оңайлыққа сынбайтын.
Таудан алған құнармен,
Бүршік жармай тынбайтын.
Таудай-таудай ұлылар бар тауымда,
Бағы жанса бұл әлемге сыймайтын,
Міне, осындай ұлылық,
Жат табанның жаншуына қимайтын.
Мәңгүрттер бар десе де,
Ұлы таудың ұлылығын білмейтін.
Құрт-шыбындай ызыңдап,
Сол жаныңды қинайтын.
Болса екен ұрпақтар,
Ұлы таудан үйреніп,
Ұлылықты сыйлайтын.
Ұлылардың ұлағатын,
Өз бойына жинайтын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу