Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  74


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

САҒЫНЫШ

Аспаннан жерге жұлдыз құламайды,
Екі рет тағдыр мені сынамайды.
Отырмын жым-жырт кеште домбырамды ап,
Еске алып,
Ғашық болған Құралайды.
Мойынға домбырамды тағы асып ап,
әнімді – шырт ұйқыда қала тыңдап.
Ауызда бес тиындық «Арқар» шылым,
Бұлғақтап,
Қастағы қыз мазасын ап.
Дариға!
Ұшып кетті-ау бозбаланың,
Басына қонған бақыт азғана күн!
Өзендей өрекпіген күндер өтті...
Төсінде серуен құрып боз даланың.
Сондағы алақұйын жырым қайда,
Жарқылдап жанған жасын суынбай ма?
Өткен күн-еркелеген бір сұлу қыз,
Сұлу қыз – енді қайта бұрылмай ма!?..
Бұрылса –
Серпіп тастап бұрымды алға,
Қалайсың –
Тағы да бір қырындауға!
Жұлдызы жаудыраған жауһар түнді,
Жамылып,
Қызға айтар сырың бар ма?
Көктемнің –
Сондағыдай түні қайда,
Көңілдің желіктірген жыны қайда?
Мұңайып жапан түзде жатырмын мен,
Көз тастап,
Таудан шыққан қызыл айға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу