Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  71


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

СУРЕТТЕР ЦИКЛІНЕН

І
Шулайды теңіз!..
Тулайды толқын күркіреп.
Астан да-кестен күркіреп жатқан сырлы айдын!..
Теңізге қарап,
Түнеріп ақын күрсінед,
Теңіздің сырын –
Тебіренген жандар түсінед...
– Сабыр ет, бауырым!..
Тағатың бітіп,
Тынбай тым...
Əдеті бар ғой –
Теңіздің тентек тулайтын!
Бұйрабас ақын –
хоштасты Қара теңізбен,
орыстың енді Анасы қайта тумайтын!
Оралмас бәлкім...
Ол мынау асыл аймаққа!
Лезгин қыздар ән салса сонау сай жақта...
Солардың сазын –
Сағынып ақын тыңдайтын,
Самала түнде айдында аунап ай жатса...
ІІ
– Кешігіп келсем –
толқындар, мені тосыңдар!
Ол елде менің...
Торығып жүрген досым бар.
Жарым бар менің –
Желегі желмен ойнаған.
Жастықтың талай...
Жасырын түнін тойлаған!
Жолымды менің –
Қаңғыбас бұлттан сұрағын!
Ақынның, тіпті, Алла да білмес тұрағын...
Жазғам жоқ жырды –
Сән сарай үшін қызықты,
Оятар жырым...
Кабакта жатқан мұжықты!
Қанжарын қайрап,
Қаһарға мінсе қыршын ер –
Халықтың кегі –
Зеңберек болып күрсінер!
Сол кезде жырым –
Жүзінде алмас қылыштың,
Жалтылдап тұрар ішінде шулы ұрыстың!
Кешігіп келсем –
Толқындар мені тосыңдар!
Ол елде менің –
Торығып жүрген досым бар...
Сағынтты мені –
Даналар жатқан түрмелі ел!
Жендеттер билеп,
Ақындар қаңғып жүрген ел!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу