Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  318


Автор: Дихан Қамзабекұлы

АҚМОЛА СТАНСАСЫНДАҒЫ БАУЫРЛАРҒА

Сәлем ал, стансада бауырларым,
Азырақ шығарайын іште зарым.
Көз көріп дәмін татқан тұтқын үйдің,
Кім, кімге болса-дағы халы мәлім.
Бас жұмыр пенде нені көрмей өтер,
Жазуға мүмкін емес соның бәрін.
Орыннан ойламаған мехнат келді,
Тағдыр ғой бұған қарсы жоқ амалым.
Сайрайтын бұлбұл құстай атым шықты,
Дегендей досым шат боп, жауым бұқты.
Таратып діннің жолын барды аямай,
Сол салдар мехнат болып басқа орнықты.
Шыдадым бәріне де сіздерге аян,
Іздемей тіршілікте мен молдықты.
Тұрмыс жеңді – жеңілдім, бас тайғыздым,
Саяқ болып мен көрдім мол қорлықты.
Он бес ай тау мен тасты еттім жолдас,
Шерім мол ішімдегі айтып болмас.
Бұта құрлы бола алмай Ерейментау,
Дәмі бітті дегенмен, орны толмас.
Ең аяғы қонысым одан ауды,
Ақыл-кеңес берген соң сырлас, мұңдас.
Ертең-ертең дегенде пәле туып,
Жығылғанға жұдырық боп қайта тұрмас.
Белгілі дерт іштегі ол жегі құрт,
Жаңа ауру кеп құлатты мол қалың өрт.
Жолдастың жамандығы жауға алдырып,
Қосып берді молайтып дертке дерт.
Тәңірім ескі ауруымды қозғама деп,
Көп нәзір аман қалсам етемін серт.
Тілеуқор бәріңізден үлкен тілеп,
Қордалы ауру қозғалып етпесін мерт.
Құрмет қып қызықтадың дос-жарларым,
Көмек қып әлді-әліңше қолда барың.
Үлкен аға, кіші іні, еркек-әйел,
Қанардай кездескендей зор құмарың.
Бас қамы емес мен дағы үлгі болдым,
Үйретіп түзу жолдың миға ұнарын.
Жалған емес мәңгілік дүние үшін,
Табылды дегендей-ақ жан қиярын.
Тілім сақау шырмалды мұңын шертпей,
Сайрасы қалып па еді көпті ертпей.
Ұрысамын тіл мен жаққа сөйлеме деп,
Отырмын мылқау жолдың ізін күйттей.
Жолдастың тазалыққа ақ жорғасы,
Босатпас өлтіруден мені биттей.
Қандала қанды сорып, боқ искеуден,
Уақыт жоқ босанатын менде титтей.
Бір үйде шырыл-бырыл түзге отырып,
Уақыт жоқ көрмесіме өзге отырып.
Бас асау тәрбиемен өткен басым,
Бұл күнде жуасыды тезге отырып.
Әу, тақсыр, төрде отырып атақ алған,
Аунақшыр орны да жоқ кеңде отырып.
Сығалап көздей тесік кезек-мезек,
Кірлендім сасық-пысық жерде отырып.
Дежұрни қарсы келсең боқтап, сөгіп,
Егессе түрлі пәле бәрін егіп.
Шығуға жексұрын қып тырысады,
Ыстарши басшыларға айып теріп.
Бір жаман атың шықса оңуың жоқ,
Ағалап жалынсаң да ынтаң беріп.
Дәл сондай бір Құдайға жабысқанда,
Тілектен қалмас едің махрұм болып.
Құдай-ау, бостандық бер бұл басыма,
Жуымас уақыт келді дос-қасыма.
Жеңіл қыл қиын істі, Жаратқаным,
Нала боп не қылайын жолдасыма.
Есірке, өзің ая мен құлыңды,
Шара жоқ ешбір мақлұқ болмасына.
Тілеуқор болмасаңдар, бауырларым,
Жетеді көзім айқын оңбасыма.
«Дұғамен ер көгерер, жауынмен – жер»,
Біріміз бірімізге зор тілеуқор.
Болумен көмектес деп, бауырларым,
Қиялмен бәріңізге ұсындым қол.
Хош боп тұр, аман шат боп көрісейік,
Емеспін нәуміт адам үмітім зор.
Аз сөзді нұсқа қылып мен жібердім,
Ескерткіш есебінде бұл қолма-қол.
1932 жыл, иүлдің 17-сі.
Ақмола түрмесінде




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу