Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  89


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ОРАЛ ТАУЫ

Таласқан аспанменен көкпеңбек тас,
Қарасаң төбесіне, айналар бас.
Жасаған мейірімі кең қадір Тәңірі
Шығарған сол тауынан алтын, алмас.
Жіп-жиі, шытырманды түрлі ағаш,
Тұрғаны мұнарланып өсіп жалғас,
Қарағай, шырша-батыр бір қалыпта:
Шілде, жаз, қысын, күзін есіне алмас!
Ішінде аю, қасқыр, түрлі аң толған,
Адамзат батып жалғыз аяқ салмас.
Бір күнде сенің иең түрік еді,
Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді.
Қорықпайтын таудан, тастан батыр түрік
Қойныңа жайыменен кіріп еді…
Ер түрік ен далаңа көрік еді,
Отырса, көшсе, қонса – ерік еді,
Тұрғанда бақыт құсы бастарында,
Іргесі жел-күн тимей берік еді.
Тұрақсыз бұл жалғанда опа бар ма?
Сақтан, алдар, бой салып жақын барма!
Бүгінгі күн жан досың болып жүріп,
Құлатып кетер ертең сені жарға.
Қарашы төңірекке мойның бұрып,
Алтай, Орал бойында тұрған түрік
Аты да, заты да жақ, дыбысы жоқ,
Жоғалған әлдеқайда іріп-шіріп.
Анамыз бізді өсірген, қайран Орал,
Мойның бұр тұңғышыңа, бермен орал!
Қосылып батыр түрік балалары,
Таптатпа, жолын кесіп, тізгінге орал.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу