Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  53


Автор: Дихан Қамзабекұлы

САҒЫНДЫМ

Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
«Қарашығым, құлыным», – деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым…
Алтын күнді, қара жерді сағындым,
Жан жолдасым – жүйрік желді сағындым.
Асау тайдау еркелетіп өсірген –
Ағайынды, туған елді сағындым…
Бостандықта өткен күнді сағындым,
Желдей заулап кеткен күнді сағындым.
Жыл құсындай ұшсам, қонсам ерікті –
Ойдағыны еткен күнді сағындым…
Ойыны бір кұрдастарды сағындым,
Тілегі бір жолдастарды сағындым.
Келешекке бірге жоспар құрысқан –
Сырласатын жан достарды сағындым.
Уға толы жас жүрегім, жабықтым,
Таныс дауыс ести алмай зарықтым.
Не дегенін, не істегінін біле алмай,
Қоры болдым ғой азат жүрген халықтың!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу