Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  107


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

БЕРЕКЕҢНЕН АЙНАЛДЫМ ТҰНЫП ТҰРҒАН

Телегей-теңіз ойға түсіп терең,
Әлденеге асығып, ысып денем.
Керімжан Қайдарұлы құрдасыммен,
Атырауға Алматыдан ұшып келем.
Тәлімін ап данышпан, білгіштердің,
Куәсі боп жүрміз ғой түрлі істердің.
2007, қазанның он екісі,
Құлсарыға дәм тартып тұңғыш келдім.
«Коорпорация Бақайдың» он жылдығын,
Тойласатын мейманы болдым бүгін.
Көрмеген Сәлімжанның атын естіп,
Үкідей үлбірейді торғын жырым.
Сәлімжанмен кездесіп кеңеспегем,
Жігіт сыры беймәлім тел өспеген.
Шынымды айтсам, шіреніп, шырт түкірген,
Біреу болып көзіме елестеген.
Қарашы, ақын көңіл аңғалына,
Танымаған адамда бар ма кінә?!
Сәлімжаны қайда жүр қарсы алатын,
Жалтақтап қарап қоям жан-жағыма.
Шаңхай деген қонақ үй жайған кілем,
Бұл тойға тигізбекпін пайдамды мен.
Бір жігіт жүр көтеріп сөмкемізді,
Сол Сәлімжан екенін қайдан білем...
Табыстым талай ізгі доспен бүгін,
Көріп-білдім Бақайдың өскендігін.
Он жылдықпен жатырмыз бірге тойлап,
Қапан қажы әкейдің сексен жылын.
Өлшеп тұрмын әр сөздің әр мысқалын,
Айтты ағайын еміреніп бар құштарын.
Бұл тойға мыңнан аса қауым келіп,
Ақ жаңбырдай жаудырды алғыстарын.
Қабижан жүр бойдақтық сейілім деп,
Телжаным жүр даламдай пейілім деп.
Қайыржанды айтады ел қайырым деп,
Мейіржанды айтады ел мейірім деп.
Ізгілікке қашанда іңкәр Алла,
Бәсекеде озады тұлпар алға.
Ел мен жұрты елжіреп тыңдайды екен,
Әлімжан «Япыр-айды» шырқағанда.
Шапағат нұр жауғандай төбемнен кеп,
Кетті менің жанымды өлең кернеп.
Маңғыстаулық Таңбай дос айтып жатыр,
Бұл әулет көп алғысқа бөленген деп.
Алла сүйген пендеде сана нұрлы,
Інісі әзіл айтса, аға күлді.
Он бесіне қызығып, сүйінемін,
Татулықты сақтапты бала күнгі.
Сексеннің сеңгіріне тыныстаған,
Қапан қажы еңсесін тік ұстаған.
Он бес ұл-қыз жеткізіп мәпелепті,
Алтын құрсақ аяулы Ырысты анам.
Бұл сөзіме жауапсыз қарамашы,
Бойға қуат адамның адал асы.
Балжігітов әулеті бар байлығын,
Кісіліктің дейді екен садағасы.
Соның бәрін мен мысал етем бүгін,
Адамдықтың осылай көтер жүгін.
Әуелі осы әулеттен көріп-білдім,
Бақыт пен байлық басқа екендігін.
Көп еңбекпен өтті екен қанша жылы,
Жақсыларға емес қой мансап ірі.
Халық үшін қалтқысыз қызмет етті
Құрдас әкім Саламат Шаншарұлы.
Сырт көзге әр қадамы сыр ұқтырған,
Қол бұлғады тамаша үміт тыңнан.
Қуаныштан жас келді жанарыма,
Неткен таза береке тұнып тұрған.
Қызыққам жоқ байлық пен дәулетіне,
Қызықтым тек кең пейіл, сәулетіне.
Бақ тіледім құт қонған Құлсарыға,
Бақ тіледім Балжігіт әулетіне!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу