Өлеңдер ✍️

  01.09.2022
  118


Автор: Жанат Әскербекқызы

Мен – Қара күлікті мінгенмін...

Мен –
Қара күлікті мінгенмін.
Сен –
Харекетімді мін көрдің...
Мен –
Қолыма қамшы ілгенмін,
Желе жортумен түнге ендім,
Тас түйін болған алтын бас
Талықсып кетіп, сыр бердім.
Түн –
Шошынып көрді түрімді,
Қарашығыма үңілді,
Тұяғы тиіп үрейге
Күлігім кенет сүрінді.
Тым –
Қараңғылыққа үйренбей,
Маңдайға соққы тигендей
Қалт тұра қалдым бір сәтке
Кеудемді күдік-күй керней.
Сен –
Үнін естімей наламның,
Түнекке сіңіп жоғалдың.
Қап-қара түлей ғаламның
Қай қуысынан табармын.
Рух-әлемім мың сырлы
Түрткілей берді тылсымды.
Қара күлігім кісінеп,
Үмітім ауыр күрсінді.
Мен –


Қара күлікті қамшылап,
Маңдайдан сорым тамшылап,
Кезермін мәңгі түнекті
Аққан жұлдыздан хал сұрап.
Сен –
Өксірсің таңнан мені іздеп,
Өкініш-жасың теңіз боп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу