Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  124


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Сөз зираты

1
Айналып қашан соғасың, аралап қашан боласың,
Айтылмаған Сөздердің атасының моласын?
Айта алмаған ауыздың қабылдай ма тобасын?..
Айғақтайтын зират бұл Авгейдің ат қорасын.
Бұл бейітте ойыңнан қадір-құрмет жойылған,
Асатұғын бойыңнан, ақ тасқа айшық ойылған:
«Қақпақ болған құлдықта, тоқпақталған сұмдықта,
Айтылмаған Шындыққа Ескерткіш бұл қойылған...»
Обырларға жақ ашпай, озбырлармен таласпай,
Қонғанымен бақ-талай, қорғансызға қараспай,
Ақиқатты ақтамай, әділетті жақтамай,
Көкейіңде қалған сөз – шоландағы шанаштай.
Мына зират – жасырған ауру мен дерттікі,
Берілмеген серттікі, іште жанған өрттікі,
Күпті күдік, қауіптікі, айтылмаған анттікі,
Мысықкөмбе мылқаусып, майып болған мерттікі...
Салмас үшін тыңнан жол, бармас үшін құрбанға ол,
Жарылған бас – бөрікте, жең ішінде – сынған қол.
Тәуекелден тайсалған, жылмаң тіл мен бұлғаң бел...
Тірек таппай тұрған нөл, шағылған тау, тынған көл...
Бұл зиратта тегіннен, ұят – әлсіз өлімнен...
Қорғалмаған ар-намыс, ашу-ыза көмілген.
Бұғып қалған бұқпантай, әр қосаққа жегілген,
Сездірмеген ғашық сыр іш-құсасы сөгілген...
Айныған ант бір жақта, тайған сертің бір жақта,
Құр сүйеніп тіл-жаққа, құрбан болған қылжаққа...
Іркіндідей іріккен сөз, іріңдей ішті іріткен сөз,
Шықпай жатып үріккен сөз, шығара алмай шіріткен сөз.
Жанасалай жатыпты жантық айтқан жалған сөз,
Жыпыр-жыпыр жерленген алуан-алуан, алуан сөз,
Қоян жүрек қорқақ сөз, батылы жоқ балуан сөз,
Қырағылар көре алмай, күте-күте талған көз,
Құлағы сақ естімей, айташақ боп қалған сөз...
Айтар болсаң ақ сөзді алдыменен жаннан без,
Айтқан сөзде – ажал жоқ, болады әлі алдан кез,
Сен өзің де өшпейсің, өшпеген соң жанған қоз!
Шапқан атың келсе де, атқан жезің оралмас,
Батқан күнің келсе де, айтқан сөзің оралмас,
Отыз тістен шыққан сөз өз отауын көре алмас,
Тілге тыйым болса да жүйелі сөз жоғалмас.
Қыңырлықтан не таптың ауыл үй қоңсы қона алмас,
Қоңырлықтан не таптың қой аузынан шөп алмас?
Көкжал болсаң арлан бол азуын ешкім қаға алмас,
Тұлпар болсаң тарлан бол уақыттың шаңы қона алмас,
Шешен болсаң Майқы бол, айтарыңды айтып өл,
Қынапқа қайта қамалмас бір жарқ еткен ақ алмас!..
2
Құдайға рас!
Безейiк деп пе ек ардан бiз?
Безбейiк десек жан жалғыз!
Түңiле де алмай жаннан бiз,
Айтқан да сөзден танғанбыз...
Жеме-жемге келгенде
Жағымызды аша алмай,
Зәремiздi баса алмай,
Үрей буып, үн өшiп,
Ашылғандай алдан құз,
Бiздер бұғып қалғанбыз...
Олай шықсақ арланбыз,
Былай шапсақ тарланбыз,
Ақиқаттың алдында
Ат басын тартып алғанбыз.
Ауызды буып, жапсырып,
Тiстедiк тiлдi тас қылып.
Жақ ашуға жiбермей
Басты-ау ауызбастырық...
Әлi де, мiне, сол тiрлiк:
Сайлауды айтса серпiлдiк,
Жолдауды айтса желпiндiк.
Тiлiмiздi – тәубасыз
Кәлимаға келтiрдiк...
Тiрлiк үшiн кем күндiк,
Қанша үмiттi жер қылдық,
Бостандық деп беркiндiк,
Басталды деп Еркiндiк! –
Билiкке бiреу сөз айтса
Жау көргендей жең түрдiк,
Екiлене есiрiп,
Есесiне ел қырдық...
Бостандық деген құс едi,
Балапанын өлтiрдiк...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу