Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  57


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Тұрлыбектің өңі мен түсі

Тұнықтан ішіп,
Тұлпармен ұшып,
Шайқап жүретін,
Қияны қияғымен байқап жүретін.
Ашық қолдыны арқаға қағып,
Арамза қулығын қалтада бағып,
Тұрлыбай мығым тұғырдан түсіп,
Қайран дəурен басынан ұшып,
Киіп отырып қалғып кетіпті...
Тəңірі болысып,
Тағы да толысып,
Кешегі жылы-жұмсаққа,
Қолы қайтадан жетіпті.
Аштық пен тоқтықты,
Барлық пен жоқтықты,
Бірге көріскен.
Сырт көзден қашып жүріп,
Бармақты басып жүріп,
Іннен–інге тасып жүріп,
Жартының жартысында,
Қылдай бөліскен,
Күлкі назы келіскен,
Құлын – тайдай тебіскен,
Қайран табақтас тарландар!
Тұс-тұстан келіп жатты.
Еңіреп көрісіп,
Елжіреп өбісіп,
Бет аузынан еміп жатты,
Біреудің көзін алайтқанын,
Біреудің сен деп қанын қарайтқанын,
Айтып шағынып жатты.
Біреудің жұдырық тигенін,
Кеше құт орында,
Жұт кісінің отырғанын көріп,
Үміті сөніп,
Арманы өліп,
Ішінің күйгені,
Жіпке тізіп шағынып жатты.
Ал, Тұлекең баяғысынша,
Жарқылдай жүріп,
Қарқылдай күліп,
Қоғамдағыға қол салды,
Қоймаға түсер жол салды,
Бұрынғы думанды қайта бастады,
Ежелгі əуенін айта бастады.
Ашқарақ көзі тоймады,
Сұғанақтығын қоймады,
Байлық не істетпесін,
Тумаған ұлының,
Туатын күнін де тойлады.
Сондай бір тойдың түсі екен,
Тоғыз үй тола кісі екен,
Біреудің бетін біреу жалаған,
Шулаған мастың іші екен.
Арақ айғайсыз болған ба,
Не бір момақан молда да,
Қит етсең желікпей ме,
Мұндайда.
Біреуге біреу елікпей ме.
«Маған қарап жөтелдің» деп,
«Танауыңды көтердің» деп,
Масаңбай Жасаңбайға шүйлікті,
Оған Асаубай килікті.
Масекең қарап тұра ма,
Жығыла сүрініп,
Етек жеңін түрініп,
Асаубайды танаудан кеміп кетті.
Ол сорлы тырп етпей өліп кетті.
Тағы біреуі атылып қалды.
Шу шығып Тұрлы-екең бақырып қалды.
...Ояна келсе үйде өзі жалғыз екен.
Шақырып кеп тұрған
Заңда істейтін балдызы екен..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу