Өлеңдер ✍️

  18.08.2022
  124


Автор: Батырхан Сәрсенхан

Алдау аксиомасы

Адамдар алдайды өзін күншіл деумен,
Опасыздың айыбын ұмыттырып.
Ғашықтар алдайды өзін гүл сыйлаумен,
Ертеңіне соларын біліп тұрып.
Кереңдер алдайды өзін көктен сүңгіп,
Түскендей кесір сөзге ермедім деп.
Соқырлар алдайды өзін,
неткен сұмдық,
Қастандықты көзіммен көрмедім деп.
Маймылдар алдайды өзін қорғауменен,
Дарвин шалдың бетке ұстап
айтқан заңын.
Мүсәпір алдайды өзін ойлауменен,
Бұдан да өткен сорақы жайттар барын.
Бақытсызды көрмесе сорлы мына,
Бақыттың сын-салмағын білмес еді.
Жер бетінде адамның барлығы да,
Өзін-өзі алдаумен күн кешеді.
Шексіздікті сыйдырған тар ғаламға,
О, жалғандық, бітпесін жетер жерің.
Егер мен өзімді алдай алмағанда,
Әлдеқашан жынды боп кетер ме едім?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу