Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  300


Автор: Рауан Қабидолдин

КЕНЕПКЕ БОЯУ БОЛЫП СІҢІП КЕТКЕН...

...Майлы бояу кенепке тамды дағы,

Қайнап кетті өткеннің бал-бұлағы:

Анау тұста – ақбоз үй, алтыбақан,

Мынау тұста көп дауыс жаңғырады.



Омартасы секілді балараның,

Азан-қазан шөктірген қаранарын.

...Айхой, шіркін «Қоянды жәрмеңкесі»,

Көзім жеткен жеріңді араладым.



Сүңгимін деп күй елі, жыр еліне,

Бояу жағып алыппын жүрегіме:

Ақ жаулықты ана отыр ақыл айтып,

Құс қондырып дана отыр білегіне.



Ат үстінен аңғарған аласаны,

Анау көкем қайтеді-ей, қарашы, әні –

Үзеңгіге табанын тіреп тұрып,

Шіренгені шіркіннің жарасады.



Нұр шағылған оқалы түймесіне,

Көрмесіңе қоймайтын, сүймесіңе:

Қандай ару келді екен, ән салдырып,

Тамсандырып алқызыл күймесіне.



Ұлдары қарағайдай тіп-тік екен,

Қыздары құмрысқабел, жіптік екен.

Қоянды – қоян-қолтық өскен елге,

Ежелден еңселі төр, құтты мекен.



Сол мекен түсіме еніп, көз ілмедім,

Сурет боп шықса ғой бұл сөзім менің.

Кенепке бояу болып сіңіп кеткен,

Қоянды...

Қоянды емес, өзім бе едім?



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу