Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  340


Автор: Мақпал Мыса

Жыр Құлагер

 


Қақтырып жыр қанатын,


күй қанатын,


Ақсудың ақтолқынын сүйген ақын.


Мәреден құлагерін күтіп жүріп,


Өртеніп өз отына күйген ақын.


Өлеңі тартып туған иесіне,


Түседі дүл-дүл ағам жиі есіме.


«Балтасы батыраштың басын шапқан»


Құлагер Ілиястың киесі ме?


Есіме ерен өмір сырдай тұнар,


Бұл есім мойнымдағы жырдай тұмар.


Бір жүйрік бір жүйріктің бағын ашып,


Құлагер Ілияспен бірге айтылар.


«Тар жолға тайғақ кешу араласып»,


Ойласам көзге ілініп қала ма шық?


«Дала» деп, «Күй» толғаған күйші ақынға


Бұл күнде дала ғашық, дана ғашық.


Өмірің өзегімді өртеп тегі,


Елестей ерен ақын ертектегі.


«Балтасы тағдыр деген Батыраштың»


Өлеңнің құлагерін мерт етпеді.


Жанымда жарқылың жүр мына менің,


Ақсудай ағындап бір тұнар едің.


Өлеңнің сен баптадың құлагерін,


Мұңыңды түсінеді мұрагерін.


Жаныма тұнығыңды тұндыра кел,


Сырыңды сырнайлатар сұңғыла бел.


Төске салсаң төрге озып Аламанда


Бәйгеден тағы келді жыр Құлагер!


Ішкенім рухыңның нұр тұнығы,


Желбіреп Жетісуда гүл тұлымы.


Дүбірге дүбірлетіп қосылатын


Мен де, аға, Құлагердің бір құлыны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу