Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  82


Автор: Мақпал Мыса

Менің жырым

 


Жұлдыздарым жарқыраса көгімнен,


Армандарым ай нұрындай көрінген.


Шыңға шығып шырқау биік көргенде,


Найзағайға қамшы болып өрілгем.


Жазираңа жазылатын жырмын мен,


Тылсымдарын бұл тірліктің кім білген?


Аспантаудан арманымды асырып,


Кірпігімді күнге қадап тұрдым мен.


Мұңлықтарды мұңайтатын мұң да бар,


Өткен күннен айтпай ма екен бір хабар?!


Ай-жылдардың жетегіне ілесіп,


Жылап ағып бара жатыр жылғалар.


Сезінсем де құралайдың салқынын,


Қанат байлап көк жүзінде қалқыдым.


Менің жырым кірпіктерін ілмейтін


Рухымның шырақшысы, жарқыным!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу