Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  85


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

ТЫЛСЫМҒА ТАРТЫЛУ

Күн қоштасты.
Өліара.
Қызыл іңір.
(Тірлігімнің қысқарды сызығы бір!)
Қызыл жалын ішінде үйтілемін
Құлағымда фәнидің ызыңы жүр.
Серпілсе деп күйкі іс, албаты мұң
Аңсап тұрам шыңғырған жанға тыным.
Самұрығым жетіп кеп іле қашса
Салқар мекен, жұмақ жай – баратыным.
Қол бұлғайды жақұт ой жүзіп алдан,
Ақын болсаң көр енді үзіп арман!
Сөзден саумал сапырып, жырдан теңіз
Бұл ауылда талайдың ізі қалған.
Біреулер жүр сәтті ұйқас желден сұрап,
Белгілемек тұғырын төрден жылап.
Алынбаған менің де бар үлесім
Елеусіздеу кеп тұрам, елден жырақ.
Күндіз – ғұмыр көрмеуші ед адам ғұрлы,
Тылсым әлем жанарын маған бұрды!
Көк жібекпен тізбек боп ақ кестеге
Мас көңілден сыр ұрлар қалам-құрбы.
Тәңір түртсе түрілмей түн тұра ма,
Ұйқым ұмыт, көз алдым бұлдыр ала.
Таң алдында оралам олжам болып
Жұмбақ ауыл бөктерген жыр-сыбаға...
Өтіп жатыр керуен – көп күн желіп,
Бос парағын бұлдайды көк күнделік.
...Шабыт-құстың сусылын күтіп жүрем
Жыр-Патшалық шәріне кеткім келіп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу