08.08.2022
  152


Автор: Өмірзақ Озғанбай

Ата туралы сөз

 


Күні кеше ғана қыдыр қонып, бақ дарыған Оңтүстік Қазақстан облысы жерінде, халқымыздың киелі мекені, рухани астанамыз Түркістанда өткен Түрік елінің Президенті Абдулла Гүлмен кездесу кезінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Елордамыз және қазақ елі рухани бірліктің мекені болуы керектігі туралы айтқан еді. Бүгінгі өткізіп жатқан ұлы гуманист, пір Бекет атаның 260 жылдығы сол қойылған талаппен іштей үндес.
Егер біз киелі қазақ елінің қай аймағына, тіпті қай аулына зер салып, байыппен қарайтын болсақ халқымыздың арасынан шыққан жүрегі түкті батырлар, білекті палуандар, пірадар ғұламалар әсте аз болмағанын байқаймыз. Олар еліміздің тәуелсіздігі үшін шыбын жандарын шүберекке түйіп, қасық қандары қалғанша арыстанша алысып, жолбарысша жұлысып, бүгінгі қазақтың ел болып ұйысуына өлшеусіз үлес қосты. Осылайша олар біртабан болса да тәуелсіздігімізді жақындатты.
Қай уақытта да рухани дағдарыс экономикалық дағдарыстан әлдеқайда ауыр, себебі ең үлкен дағдарыс қаржылық дағдарыс емес, ол адамның өзін-өзі жоғалтуы, әсіресе баю үшін арын сатқан, тілі мен дінінен алшақ кеткен пенделер көбейген бүгінгі таңда ерекше маңызды. Иманын, адамгершілігін әлсіретіп алып, дүниедегі негізгі мақсатынан, ізгілік жолынан жырақ кету соның дәлелі. Сондықтан да осындай сәтте ұлы гуманист Бекет Ата, Қожахмет Иассауи сияқты ірі тұлғалардың орны ерек, ілімі мәнді.
Биыл ағартушы, гуманист, рухани ұстаз, қол бастар көсемдігімен, елді ұйытар шешендігімен танылған, бүтін бір ұлыстың жауға шапқанда рух шақырар ұранына, тауы шағылғанда медет сұрар піріне, қараңғы қапаста шұғыла шашар шырағына айналған Пір Бекет атаның туғанына 260 жыл толып отыр.
Бекет атаның 260 жылдығын атап өту биылғы жылғы халқымыздың рухани өміріндегі басты оқиғаларының бірі болары сөзсіз. Осы келелі істе Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру басты мақсат болмақ. Соның аясында әлемдік және дәстүрлі діндер І-ІІІ съездерінің шешімдері мен қағидаттарын орындау, халықтар достығын, татулықты, бірлікті, қоғамдық келісімді уағыздау, жалпы, адамзаттық мәңгілік құндылықтарды (қайырымдылық, ізгілік, имандылық, әділдік, т.

б.) қалыптастыру және сол арқылы жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу.
Бекет Мырзағұлұлы 1750 жылы Ақкиізтоғай ауылында дүниеге келіп, 1813 жылы Маңғыстау облысы Оғландыда бақилық болған данагөй, халық батыры, абыз, ағартушы, сәулетші. Маңғыстау, Үстірт, Атырау жерін мекендеген Адай тегінен (Қосқұлақ руы) шыққан.
Атақты «Маңғыстау» дастанының авторы Түмен Балтабасұлы былай жырлайды:
Маңғыстау – ер Бекеттің туған жері, Кетіріп, кіндік қанын жуған жері.
Кіндігін қожа-молда қолмен кесіп, Тамырын тарамыспен буған жері.
Кәрі нағашысы Есет батырдың он үш жасар Бекетке берген батасы:
Үстіңнен дүбір кетпесін, Құлағыңнан сыбыр кетпесін, Ақ-қараны айыратын боларсың,
Атыңның өзі айтып тұр, дүр боларсың Еліне шуақ шашар нұр боларсың
Үш жүзге атың шығар Пір боларсың.
Аты аңызға айналған Бекет Ата Мырзағұлұлы – ұлысына ұран болған, елін жаудан қорғап, қол бастаған батыр, алдағыны күнілгері болжап білген көріпкел әулие, қысылғанды жебеп, құлағанды демеген халық қамқоршысы, ұлағатты пір-ұстаз болған көп қырлы қасиет иесі. Алла тағаланың ерекше назарына ілінген Бекет атаға дарытқан таңғажайып қасиеттерінің құпиясын адам баласы шеше алмайды. Қазіргі ғылыми тілмен айтқанда, Бекет ата
– феномен тұлға, ерекше құбылыс. Басқасы басқа, Бекет атаның Оғыланды тауындағы мәңгілік мекеніне зиярат етуге келіп жатқан халықта есеп жоқ. Керісінше, күн өткен сайын зиярат етушілердің қатары көбейіп, қаншама адамдар алыс-жақыннан жол азабын аса сезінбей, ағылып келіп жатыр. Мұның бәрі тектен-тек емес.
Ұлы баба өмір сүрген дәуірде жатжерліктер Маңғыстау түбегіне көз алартып, оның байлығы оларды қызықтыра берді. Ұлдарын құл, қыздарын күң қылмақ ниеттері, жер қайысқан мал байлығын иемдену мақсатында қанқұйлы шабуылдар жасалды. Бекет ата өзі қатысқан, не оның аруағына сиынған соғыстардың бәрі жеңіспен аяқталып отырған. Пір Бекет бірде алақұйын дауыл

болып, бірде нөсерлеткен жауын болып, бірде жауларының көзін тағалап, аз қолды көп қылып көрсетіп, аққу, қаз болып ұшып, өз жерлестерін қолдай да, қорғай да білген.
Бекетке туғаннан-ақ дұға дарып,
Қастасқан жауыздарды қуған жері – деген жолдар халық арасына Ер Бекет атауының кең тарауы куәсі болса керек.
Ұзақ жылдар жоңғар, қалмақ, қоқан, хиуалықтар т.б. жат жерліктердің, Ресей бодандығының, қызыл империя қысымының бұғауынан жаңа шыққан жас тәуелсіз ел үшін рух тәрбиесінің, намыс биігінің алатын орны ерекше.
Адамзат әлемдік деңгейге көтерілген ұлы ұстаздар Аристотель, Әл-Фараби, Қожахмет Иассауи, Бекет ата есімдерін үлкен қанағатпен еске алады. Олардың өшпес ілімдеріне қайта-қайта оралады. Олар Жан Жак Руссоның сөзімен айтсақ, «Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялау» дарынына жеткен тұлғалар.
Жаугершілікті тоқтатып, елінде бейбіт өмір орнағанын, көршілес елдермен достық қарым-қатынас құруды армандаған Бекет Ата «Дулығасын сәлдеге, қолдағы көк найзасын асаға айырбастап» (Әбіш Кекілбаев) дін жолына түсіп, Хиуаға медресеге оқуға барады. Мұнда атақты Бақыржан хазыреттен дәріс алады. Бекет атаның білім алу жүйесі де өзгеше болған. Яғни медресені бітіріп кете бермеген. Өзінің пірінің жеке тәрбиесінде болып, жанында жүріп, рухани тәрбиесін кемелдендіре берген. Медреседе алған білімінің тереңіне бойлап, оны пысықтаумен болған. Пірліктің ережесі ұстазы көзі тірісінде өзіне лайықты шәкіртін тауып, өзінің жолын лайықты жалғар тұлғаға пір атағын беріп кететін болған. Бекет бабамыз 40 жастардың шамасында Бақыржан бабасының шынайы ықыласымен пір атағын иеленген.
«Пірдің соңы – Бекет, ердің соңы – Есет» деген сөз де оның мұсылман дінінің сопылық бағытының жарқын өкілі болғанын дәлелдесе керек.
Биыл Бекет Атаның 260 жылдығы кең көлемде, ауқымды аталып өтуде. ОҚО Жетісай қаласы елімізде бұл шараларды бірінші болып бастап жіберді. Бұған дейін Ақтөбе облысы Мұңалжарда баба мешіті табылып, ас беріліп, құран оқыды. 6-7 тамыз күндері осындай ас Тобықты мешітінде де өтті. Серік Үмбетов мырзаның қызу қолдауымен Алматы облысында аталып өтті. 12 қыркүйек күні Астана қаласында Атаға арнап ас беріледі. Ата рухын ұлықтаған ас шеруі бүгін Атамыздың кіндік қаны

тамған Атырау жеріне де жетті. Түсіне білген жанға астың әлеуметтік маңызы зор. Адамдарды ізгілікке, мейірімділікке, бауырмалдылыққа, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде астың орны бөлек. «Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық, балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақшы» деген Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлағатты сөзінде терең мән бар.
Сайид Мұхаммед Бақирдың (қазақтар Бақыржан деп атап кеткен) сегізінші ұрпағы Назарбай Ражаббайұлы, бүгінгі Ишан- қаладағы кешеннің ғалымы Кәмілжан Құдайбергенұлдарын пайдалана отырып Бекет ата мұраларын зерттеп, мұрағат құжаттарына үңілу қажеттілігі туып отыр.
Хиуа мемлекетінде әрбір хан өз дәуіріне сай білім ордасын салуды дәстүрге айналдырған екен. Бекет бабамыз Ишан қаладағы Шерғазы хан салдырған медресені өзінің ұлы замандастары – түрікмен Мақтымқұлы Пырағи (Азади), қарақалпақ Әжінияз Қосыбайұлы, өзбек ақыны Пахлаван Равнак т.б. талантты жандармен бірге оқып бітірген. Бұл оқу орны халық арасында
«Маскани Фозилон» басқаша айтқанда, «Білімдарлар ордасы» деп аталады.
Кезінде ұлылар оқып, дәріс алған білім ордасында даңқты түлектеріне арналған музей-залдар ашылған. Адалы сол – Бекет- Атаға осындай зал ашу жөнінде ұсыныс-пікір болған. Оны құнттап, нақты іс-шараға кірісетін уақыт жетті.
Бекет Ата еліне оралып, ұстазының ісін жалғастырып, әр жерден мешіт салған. Елді дінге, білімге шақырып, мәдениеттің өркендеуіне, болашаққа жол ашуға Бекет ата өлшеусіз еңбек сіңірді. Ол салдырған мешіттердің бізге белгілісінің өзі алтау. Құрылыс жобаларының авторы да өзі болған. Олар: қазіргі Құлсарыға жақын Ақмешітте; Үстірттің батыс жағындағы Оғланды тауында; Ескі Бейнеуде, Бозашыдағы Тобықтыда және Үстірттің шығысындағы Арал теңізінің батыс жағындағы Баялы деген жерде.
Сөйтіп, «Тал бесіктен тар лақатқа дейін оқы» деген имам Ағзам сөзін қабыл алған Бекет Ата бүкіл өмірін оқумен және оқытумен өткізген.
Ұлы баба Бұхара, Хорезм мекендерінде жарық көрген энциклопедиялық бағыттағы ғылыми кітаптарға да кірген.

Тазкираи Мухаммед Бахирдың кітабының 168-ші бетінде: Бекет Ата «өмірінде қиындықтарды көп көрген, адам таңқаларлық кереметтер істей алатын үлкен қасиет иесі, сопылықтағы ең жоғарғы мәртебе «машайық» дәрежесіне жеткен, түріктер мен өзбектер арасында атағы кең жайылған белгілі адам еді. Ел оны Ахмат (мақтаулы) деп дәріптейтін. Көңілінде бір Алланы ұстап, құлшылығын өз уақытында орындап отыру тек жасы ұлғайған адамдарға тән әдет болса, ол жас кезінде де Аллаға сол үлкендерше құлшылық ететін еді».
«Рисолайи хилфат суфихо» кітабының 11-ші бетінде: Бекет Ата
«Пайғамбарымыздың сүннетін көзінің қарашығындай сақтаушы және оны таратушы, мұсылман қауымының ішіндегі ең ұлысы, әзизі әрі қадірлісі. Аллатағалаға ең жақын және Аллатағаланың алдында ең құрметті, өз дәуірінің ұлы сопысы атанған адам.»
Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың түсінігінде ұлы Баба «Әлсізге – Медет, Күштіге – Айбар, Зарыққанға – Жебеу, Тарыққанға – Демеу, Асқанға – Тосқан, Сасқанға – Сая, Ұрпаққа – Ұстаз, Ұлысқа – Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі» деп еді.
Ұлы ғұлама, пірадар осындай ұлан-ғайыр биіктікке қандай ғылымдарды игеріп көтерілді екен? Бұл – терең ғылыми зерттеуді қажет ететін бағыт.
Бабаның өзбек, түрік, парсы елдерінде бар еңбектерін, не ол туралы жазылған кітаптарды жұртшылықтың назарына ұсыну – алдағы күндердің міндеті. Мерейтой шаралары Бекет атаның кіндік қаны тамған Атырау мен мәңгілікке тыныстап жатқан Маңғыстау облыстарында кеңінен аталып өтілмек. Ақтау қаласында 17-18 қыркүйекте өткізілетін ғылыми - теориялық конференцияға жоғарыда аталған елдермен қатар Ислам конференциясы, Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Орта Азия мемлекеттерінен белгілі ғалымдар, теологтар, пәлсафашылар шақырылмақшы. Әрине, бұл үлкен жұмыстың басы ғана. Қазір Маңғыстау өңірінде ата есімімен байланысты тарихи орындардың бәрінде дерлік оларды жөндеу, қалпына келтіру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бекет атаның өзі ұстанып қолданған жеке дүние-мүліктері, жәдігерліктері (көк аса, басқа да, тұтынған бұйымдары) жинақталу үстінде.
Байрамалы да – Түркменстанда тұратын баба ұрпағы Сәндібеков Бердіхандағы Атаның асасы, Жетісай қаласында

тұратын Аралбайұлы Көбен ақсақалдағы Ата тұтынған үйдің маңдайшасы, Ташауыз облысы Октябрь ауданындағы Дүйсеханов Түрікпенбай шаңырағындағы Ата оқыған «қара құран», Ақтөбе облысында тұратын Нәкешов Тұрсынғалидағы Ата асасы, Оғыландыдағы Бекет Ата мешітін 2000 жылы қалпына келтіру жұмысы кезінде табылған шапашоттар, Атамыздың пірі Бақыржан бабаның тәспихы, Маңғыстау облысы Опорның елді мекеніндегі Айсұлу Таңбаевадағы Атаның сырт киімі т. б. бұйымдар жиналып, халыққа көрсетіліп, ұлы баба әруағына тағы да тәу етпекшіміз. Баба ұрпақтары бұл жұмыстарға белсене қатысар деген ойдамыз.
Бала күнімізде ең бірінші естіген есіміздің бірі Бекет ата болатын. Содан ба екен, атаның есімі аталса әлі күнге дейін елеңдеп тұрамыз. Соғыстан кейінгі жүдеу шақта аталарымыз бен әжелеріміз қиналып не болмаса қуанса да, «Иә, Бекет», - деп атаның аруағына сиынатын. Былайша айтқанда, осы бір аяулы есім талай жанды қысылғанда қолтығынан демеді, қуанғанда қасында болды. Обал, сауапқа көп мән бермеген қатыгездеу қоғамда өмір сүргенімізбен, ата-әжелеріміздің имани бағытта берген тәрбиесінің арқасында жүрегіміздегі Аллаға деген, атамызға деген сенімімізге қылау түсірмедік.
Бүгінгі асты дайындап өткізу жөніндегі баба ұрпағы, ғалым Дәулетов Сыдықтың еңбегі ерекше. Ол қасиетті ұлы бабаның қолдауына тап болған азамат. Бекет Ата аруағы аян беріп, шаруасы өрге басқан, түрікмен аруанасын Жетісу өлкесіне жерлестіріп, оны бағып-қағудың ғылыми негізін салды. Көптеген жерлестеріне жұмыс орнын тауып берді. Қала халқын емдік-дәрі шұбатпен қамтып, елдің алғысына ие болған тұлға, бүгінгі асты өзі бастап, өзі атқаруда. Ата аруағы жар болып, талабың оңға басқай, бауырым.
Ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Есенғали Раушанов:
«Ата көзі тірісінде талай жерге құдық қаздырып, мешіттер, сағаналар салдырғаны анық. Сол ескерткіштердің ең үлкенін қайда салдырды? Меніңше, Ата ең үлкен ескерткішін ұрпақтардың жүрегіне орнатты: Атаны іздесек, жүректерден іздейік!» - деді.
Соңғы кезде Қазақстанның түрлі аймақтарынан: «Бекет Ата туралы ғылыми танымдық ақпараттар, материалдар көбірек жарияланса» деген ұсыныстар бой көтеруде. Өте орынды, бұл ұсынысты қолдаудың алғашқы қадамдары жасалуда. Ата туралы

деректі екі фильм түсіріледі. Бұл фильмдердің жобасы одан әрі пысықталынуда. Ата туралы бұған дейін шыққан кітаптардың бірі Ислам қажы Мырзабекұлының қаламынан туған еді. Бұл кітап қазір орыс тіліне аударылып, мерзімді баспасөз бетінде жариялануда.
Дін танушы теолог-ғалымдар діни кемселденуді төрт сатыдан тұрады деп есептейді. Олар: Бірінші саты – шариғат деп аталады. Бұл сатының шарты мынау: ислам дінінің талаптарын қатаң сақтау, құран уағыздарын бұлжытпай орындау. Екінші саты – тариқат. Бұл сатыдағы адам өзін-өзі ұмытып, құдай жолына түсуі, ұстаз-пір тауып, сопылық бауырластыққа кіру керек. Үшінші саты – маарифат. Ол – құдайды ақылмен емес, жүрекпен тану, Аллаға шын ғашық болу деген сөз. Төртіншісі – хақиқат алаңсыз дін жолына түсіп, ақырғы мұратқа жету, хақпен дидарласып, өз өмірін осы жолда сарп ету болып табылады. Бекет ата сопылық ағымның сатыларын толық өткен пірәдар. Теолог-ғалымдар ойы осыған тоғысуда.
Хақиқат туралы айтқанда, ұлы хакім Абайдың мына жолдары ойға оралады:
Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті.
Бекет атаның бүкіл ғұмыры дін-шариғат жолына адал қызмет етудің, туған халқының бақытты болу күресіне арналып өтті. Рухы кіршіксіз ел иесі Бекет ата аруағын көзі тірісінде қолмен ұстатқандай жеті жұртқа паш етті. Киелі аруақ иесі Алла берген асыл қасиетін кейінгі ұрпақ өкілдерін желеп – жебеумен, құдірет биігінен көрінумен келеді. Әуелі Алла, қала берді Мұхаммед пайғамбарымыз, Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожахмет, Маңғыстауда - пір Бекет, деп өрілетін ақ батаны қабыл алмайтын қазақтың баласы кемде-кем ғой. Бекет ата ұлттық деңгейдегі тұлға. Аруағы жеті атасына дарыған пір Бекеттің аруағы бүгінгі конференциямызды Қожахмет Иассауи әулие елінде өтуі ұлы аруақтар үндесіп жатқандай әсер қалдырады. Ендеше, іске сәт, баршаңызға: «Мединеде - Мұхаммед, Түркістанда - Қожахмет, Маңғыстауда - пір Бекет» аруағы жар болғай!

Байболдың есенғұлының қадірі Қалдыбай биге Әлімнің бір шалы: - мұңалдарың көкірегін қағып, төсін ұра береді, олардың көкірек қағатындай Бекеттен басқа кімі бар еді, - депті.
Сонда, Қалдыбай би: - Бекет Мұңал да емес, Адай да емес, қазақ та емес, Бекет – адамзатқа көрсететін мұсылманның асылы. Ал, Мұңалдың да мақтанары бар. Айтсам, қалың дұшпанды қақ жарған, қырық батыр шыққан Қырықмылтық деген ауылым бар, қара қылды қақ жарған, қырық би шыққан Қырымқұл деген ауылым бар, адал менен арамды, обал менен сауапты, парыз бенен уәжіптің арасын ашып, дінді насихаттаған қырық ахун шыққан Құрым деген ауылым бар. Осы үшеуі – қара шаңырақтың құты, Мұңал – ошақтың үш бұты деген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу