Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  91


Автор: Уәйіс Қайралапов

ӘУЛИЕЛЕР ӘУЛЕТІ

Бастан кешкен жортуыл, жорықты көп,
Айта алмаймын ер халық қорықты деп
Халық айтады қазіргі Маңғыстауда
Үш жүз алпыс әулие болыпты деп.
Әулие деген сқзден шошымаңыз,
Ел есінде сақталған осы аңыз
Салмағымен сараптап мәнісіне
Дауласпай-ақ, біздер де қосыламыз.
Нелер мықты ел шауып әскерменен
Алдына жан шығарып бәс бермеген.
Оларды қоспай халық әулиеге
Осы атақты ел неге қастерлеген?
Нелер мықты алпауыт бола алғаннан
Халықтың орамына оралмаған.
Қаптаған бай, саудагер, молда, төре
Біреуі де әулие бола алмаған.
Өздері бөліп атап сұрыптаған,
Ел есінен кетпейді құлықта адам
Қай жерде қай әулие жатырғанын
Есінде сақтап халық ұмытпаған.
Әулие тартып халық бағына көп,
Жарылған дейді адам ағына деп
Олай болса, «әулие» деген сөзден
Бас алып қашатындай мағына жоқ.
Әулиенің болмаған дұшпаны көп,
Айтады әділдік ту ұстады деп.
Сүйінқара, Құлбарақ, Бекеттерді
Айтпайды ел халықтың дұшпаны деп.
Көрді халық талай заң, хандарды да,
Бәрін екшеп мазмұнын аңғарды да
Қосқан халық апарып әулиеге
Қыршын кеткен жазықсыз жандарды да.
Халық шын көтергенін құлатпайды,
Ел жадында Ер ғана тұрақтайды
Тап қазірде біріне сол аруақтың
Тілің тисінші, кімді де ұнатпайды.
Талайды тамсандырып, сүйіндірген
Жандарды халық басын иілдірген
Халықтың санасына кіру үшін
Діншілдер дін киіммен киіндірген.
Ойландырып, оятып ой-сананы,
Халық сөзі көңілге ой салады.
Қазір де ел біреуді ардаөтаса
-Ол адам әулие ғой!-дей салады.
Ел адамын қамқор боп ақыл берген
Тонның ішкі бауындай жақын көрген
Бай, патша, сұлтан, төре деуден гөрі
Әулие деп атауды мақұл көрген.
Дін қазақтың қанына сіңіспеген,
Ол жөнін тек молдалар тіміскіген
Халқым діншіл болды деп айта алмаймын
Айтар, мүмкін, жай-жапсар біліспеген.
Қазақтар дін үгіттеп жар салмаған
Еш бір қазақ құдайды қарсы алмаған
Қайта оны қарғаудан қай кезде де
Қазақ әйел алдына жан салмаған.
Шындыққа жеткің келсе, көргенге бар
Өткен-кеткен тірі бар, өлгендер бар.
Құдайды еш кім көрді деп айта алмайды,
Әулиені кезінде көргендер бар.
Әрине, халық ол кез надан болған,
Сондықтан дін сөзіне де алаң болған.
Қастерлеп әулие деп жүргені елдің
Кәдімгі бәріміздей адам болған.
Керегің қашса, қуып індетіңіз
Мейлі, түнделетіп, күн жетіңіз
Әулиені дінінен аршып алып,
Халықтық ету -біздің міндетіміз.
Дін мен ғылым қашанда тату емес
Мақсат-дін батпағына бату емес
Әулиені қастерлеу дегеніміз


Басына барып түнеп жату емес.
Ескеріп, ел есінде қалғаны деп,
Кезінде қолы қысқа, арманы көп
Ұғынған жөн сол мәңгі жатқандарды
Халықтың әр кездегі ардағы деп




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу